Құм Тосын жаққа құларда
Қол бұлғаушы еді ақ шилер.
Малынып мұхит мұнарға,
Толқындаушы еді ақ шилер.
Алтынмен аптап күн нұры,
Жарқылдаушы еді жел қағып.
Сайрайтын жоқ-ты бұлбұлы
Өздері сыңсып, толғанып.
Табиғат берген тілменен
Үнсіз де түнсіз тебіреніп.
Сусыған қызыл құмменен
Тұратын толқып, еміреніп.
Көрдім мен құмның шилерін
Желкілдеп қунап тұрғанда.
Қозғалып бірге билейді
Қарауыл төбе құмдар да.
Аршын да, аршын құм іші
Дастарқан дерсің жайған бір.
Қанаты құмның, дұрысы,
Қаға алмай тұрған қайран бір.
Құмдағы қыруар өскіннің
Сыңары сирек сұңғағы.
Бар екен сенде, кеш білдім,
Жоқ деуші ед сенде гүл жағы.
Қас-қағым сәтте қабығың
Терідей түлеп жаңарып,
Жалғыз-ақ талсың, тамырың
Жап-жайқын құмға таралып.
«Жап-жайқын мұхит бетінде
Жұптасқан желкен – керуендер.
Соққан бір дауыл өтінде
Селдіреп қала көрмеңдер».
Және де солай тіледім
Табиғат пейілі кең ғой деп.
Қауышып есен жүремін,
Пенделік оймен сенбей кеп.
Қаз-қалпың қоңыр құмыңнан
Аумай да, көшпей еш жаққа.
Қызықпайсың-ау құбылған
Тауға да, тасқа, асқаққа.
Құмыңның қалды жыры боп,
(Болсақ қой сендей баршамыз
О, құмның шиі, бір түнеп
Кетті екен саған қанша құс?
* * *
Аман ба туған топырақ,
Аман ба Ақшығанағым?
Ақ деген сөзден жарқырап,
Жеткендей жақсы хабарың.
Жүйкемді күллі босатып,
Мен сені неге сағынам?..
Сенде өткен дәурен – жас уақыт
Сәулесіне әлі табынам.
Жұмыр жер неге кең деме,
Қасиетті қырлар көп-ақ қой.
Азамат туған жерге де
Аз ғана күндік қонақ қой.
Әйтпесе, біздің бәріміз
Жүрмес пе ек туған төбеде.
Жұмыр жер – кеме, жанымыз,
Жанымыз бірге кемеде.
Шыр етіп түскен уыс құм
Қасиетті болар себебі –
Алғашқы деммен туыстың
Алғаш сол сүйді денені.
Қайғысыз, қамсыз күндердің
Қайығында сонда жүзерсің.
Кіршіксіз, кірсіз гүл көрдің,
Үзбессің, мүмкін үзерсің.
Кімде де бар ғой нала, наз,
Күндер бар жолың болмайтын.
Сондайда бірақ адам аз
Туған жерді іздеп бармайтын.
Сондайда бірақ көп пенде
Тек өзім ғана сүйем деп,
Сен аунап өскен бөктерді
Тұрады жалғыз иемдеп.
Әттең-ай, сонда тіл болып,
Сөйлеп бір кетсе әлгі қыр.
Білер ед бейбақ шын берік,
Туған жер сүйер жалғыз ұл
Жалғыз ол емес екенін.
Сүюдің сан мың бар заңы,
Сүюге оның жетерін,
«Сүйем» деп айту арзаны.
Туған жер, саған қаталап,
Кім қалай сүйсе өз еркі.
Мендегі сендік махаббат –
Жанардың нұры – көз өрті,
Жүректің жыры – сөз өрті.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ