КЕШЕУ КҮЗДЕ

Тағы да, міне, кешеу күз,
Тағы да тұман, боз қырау.
Қабағы қату, мешел құз,
Оңдың-ау, орман, тоздың-ау.
Қаланың үстін кешеден
Туырлық бұлттар тұр тұтып.
«Жауады-ау, сірә» деседі ел,
Күзгі де болса, нұр күтіп…
Ойлаймын: «Қара суық қой
Далада, қырда деп қазір.
Қойшылар, шіркін, жігіт қой,
Азаннан бері атта жүр».
Аспанның сұсты түрі тым,
Бұлт ауып кетсе деп жүр ме?
 
Жаңбыр боп шөпті жібітіп,
Бір жауып кетсе деп жүр ме?
Жүр ме әлде ойлап сол адам
Қызылды-жасыл қаланы.
Кіндік жіппенен ораған
Қия алмай жүр ме даланы?..
Әлде ол әнеу бір күнгі
Тырнаның дауысын жүр ме ойлап?
Кешегі алау гүл – қырды
Кешкен күндерін нұр жайнап.
Менің де көңілім ұйтқиды
Жалаңаш, жайдақ баққа кеп.
…Қабығында әне шық тұрды,
Күн жаумай жылап ақ терек.
* * *
Көбеген қозым, көк шығып
Отығып кеткен боларсың.
Тоқырап жетіп тоқшылық,
Опынып біткен боларсың.
Бозқонақ басын кеш шалып,
Кейіндеу ордың көк көде.
Не керек, енді еске алып,
Салқын да тиді өкпеңе.
Ере алмай қалып отарға,
Байқамай қойшы кешқұрым.
 
Жамылып түнді, жапанда
Қасқыр дауысын да естідің…
Қабынбай қалған сол өкпе,
Жарылмай қалған сол жүрек.
Кездейсоқтық пен кенетке
Қарыздар болмас орны жоқ.
Марқайған қозым, бұл күнде
Кеудеңде бар-ау бұла күш.
Қабақта қалған кірбіңді
Кетті ғой шайып қуаныш.
Жасыл да жайсаң жайлау –төр,
Жалпағын басып жүрсің ғой.
Өткеніңді тек ойлай гөр
Өкінбей және күрсінбей.
Ойлай гөр…
Ерінің күмпілдеп
Енеңді еміп пе едің сен?
Қатал да болса – бір міндет,
Көгенді көріп пе едің сен?!
* * *
Көдесі семіп, көлдері солып күзде бір,
Тұнжырап тұрар шақ болады ғой түзде өмір.
Қоныстан безіп, өрісті өзгертіп, жай іздеп,
Құс болып кетсек, қайтер еді егер біз де бір?!
«Көгерер-ау» деп сартап боп қалған сары қыр,
Көктемді күтіп қарайлаймыз ғой тағы бір.
Отыққан жері Отан боп кетер оларға,
Құс болып кетсек, Отанның орны толар ма?!
* * *
«Көктоғайда» ауыл…
Көрші қыстап
Сіздің үй менен біздің үй бірге,
Аяқ-табақты аралас ұстап,
Тату да тәтті, құтты боп ірге…
Құлындай ғана шағыңда сенің
Тұлымдай ғана шашың бар еді-ау.
Қатар ойнаған қарындас едің,
Әлі бір гүлің ашылмап еді-ау.
Сенің де апаң қолы ашық адам,
Менің де апам төгіліп, тасып.
Ақжарқын көңіл жарасып әман,
Ас түсіретін таласып асып.
Сіздің үй менің сыңайымменен
Бәйек болатын бірге жүгіріп.
Біздің үй сенің шырайыңменен
Ашсаң – алақан, жұмсаң – жұдырық.
Еліктей орғып жасқанамыз біз
Биік көңілдер баурайына.
Немене, біздің қас-қабағымыз
Біздің үйлердің ауа райы ма?
Қар жауды бір күн,
Айтары жоқ-ау.
Айнала аппақ көз нұрын алған.
Сырғанық теуіп, қайтарда жаяу
Тоңғанымды мен сездіріп алғам.
Екі ұшық ойдың бір көгеніміз,
Бар сияқты еді бүркегеніміз.
Бар сияқты еді бір қызығымыз,
Бір қызығымыз – бір көреріміз.
Әттең-ай, әттең, ерте кеп көктем,
Ажырап кетті іргелеріміз.

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *