Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ өлеңдері

Саған, апа, сағынып хат жазайын,
Сағынышым сарғайған мақтадайын.
Сарғайған зат лап етіп жанып кетсе,
Шақпақ көңілім шағынып шаққан уайым.
Жүрегімді жылуы жібіткенде,
Уайымнан да жанамын, үміттен де.
Жанып жүріп бір күні өшіп қалсам,
Күлім ұшып кетер деп күдіктенбе!
Өшпейді, апа, оттарым жанып жүрген,
Жанбай жатып жалынға қарылдым мен.
Қалай жану қасиетін білгендіктен,
Сағындым мен, сағындым, сағындым мен!
* * *
Соңғы салқындар созылып тұрып сіңірдей,
Шарт сынды бұтақ шағырмақтарға ілінбей.
Жаз келді, міне, жапыр
ағын жайқап сол терек,
Желкілдейді енді өткен-кеткені білінбей.
Аяз да өтті, сәуле де жетті алаулап,
Айығып кетті нала мен наздан анау бақ.
…Көрші бұтақтың омырылып түскен орнынан
Қып-қызыл кеште қызыл нұр тұрды талаурап.
* * *
Сіздің ауыл аспанында
Әлде жаңбыр, әлде қар.
Қалың тұман қас-қағымда
Түсті ме екен жолды орар?..
Сіздің ауыл ат байлай ма
Белдеуіне боз үйдің?..
 
Бойжеткендер қатты ойнай ма
Қылын бұрап сезімнің?..
Ауылыңды сұрай-сұрай,
Елден естіп тапқасын,
Білдіріп кеп ұяң шырай,
Байла, қалқам, ат басын.
Сәті түсіп жол болмаса –
Ата-енеңнен именіп,
Жұрттан бұрын, ең болмаса,
Көрпеше сал үйге еніп…
 
 

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *