Арғымақтан туған қазанат,
Шабуыл салса нанғысыз.
Қазанаттан туған қаз мойын
Күніне көз көрінім жер шалғысыз,
Айырдан туған жампоз бар,
Нарға жүгін салғысыз.
Аруанадан туған мая бар,
Әсілін айуан десе нанғысыз.
Жаманнан туған жақсы бар,
Атасын айтса нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар,
Күндердің күні болғанда,
Жарамды бір теріге алғысыз.
Тайманның ұлы Исатай
Ағайынның басы еді,
Алтын ердің қасы еді,
Исатайды өлтіртіп
Қырсық та шалған біздің ел.
Махамбет Өтемісұлы