Махамбет Өтемісұлының өлеңдері

ЕҢСЕЛІГІМ ЕКІ ЕЛІ
 
Еңселігім екі елі,
Егіз қоян шекелі,
Жараған теке мүшелі,
Жауырыны жазық, мойны ұзын,
Оқ тартарға қолы ұзын,
Дұшпанына келгенде
Тартынбай сөйлер асылмын.
Құла бір сұлу ат мінген,
Құйрық, жалын шарт түйген,
Құм сағыздай созылған,
Дулығалы бас кескен,
Ту түбінен ту алған,
Жауды көріп қуанған,
Мен Өтемістің баласы
Махамбет атты батырмын.
 
 
АТАДАН ТУҒАН АРУАҚТЫ ЕР
 
Атадан туған аруақты ер,
Жауды көрсе, жапырар
Үдей соққан дауылдай.
Жамандарға қарасаң,
Малын көрер жанындай.
Жүйрік аттың белгісі
Тұрады құйрық-жалында-ай.
Айтып, айтпай немене,
Халық қозғалса,
Тұра алмайды хан тағында-ай.
 
 
АЗАМАТ ЕРДІҢ БАЛАСЫ
 
Арғымақтың баласы
Аз оттар да, көп жусар –
Талаудан татқан дәні бар.
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да, көп жортар
Дұшпанға кеткен ары мен
Барымтаға түскен малы бар.
 
 
 
ҚАРА НАР КЕРЕК БІЗДІҢ БҰЛ ІСКЕ
 
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға
Қас үлектен туған қатепті
Қара нар керек біздің бұл іске.
Қабырғасын қаусатып,
Бір-біріндеп сөксе де,
Қабағын шытпас ер керек
Біздің бүйткен бұл іске.
Маң-маң басқан сары атан
Маңғыстап шығар өріске.
Бұрынғыдай қарыштап
Қона алмадық қонысқа,
Келе алмадық келіске.
Жағалай қонып қонысқа,
Тағы жақын келдік орысқа.
Ат басына соқтырып,
Ата-енені сөктіріп,
Нәлет болсын, жігіттер,
Біздің осы жүрген жүріске
Тағыдай таңдап су ішкен,
Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген,
Тағы сынды мырза едік,
Тағы да келдік тар жерге.
Тандансақ тағы болар ма,
Тәңірінің салған бұл іске.
 
 
ЕМЕННІҢ ТҮБІ – САРЫ БАЛ
 
Еменнің түбі – сары бал,
Еріскен көңіл – бәрі бал.
Жоғарыдан төмен төгейін,
Керегіңді теріп ал.
Қасыма ерген, жолдастар,
Антыңды бұзып айрылма,
Зейініңді бермен сал.
Жапанға біткен жасылдай-ау,
Момындардың басы сау,
Жаманды байқай қарасаң,
Күндердің күні болғанда,
Өз басына өзі жау.
Арғымақ жақсы ат мініп,
Жеке шығып елімнен,
Толықсып толғау толғасам,
Іштегі қызғын басылды-ау!
Жапанға біткен бәйтерек,
Жапырағын байқасаң,
Жайқалмағы желден-ді,
Түбіндегі балаусасы белден-ді.
Хан, төренің кешігіп,
Кідірмегі елден-ді.
Кешіп өтпек сайдан-ды,
Шығынды бөлмек байдан-ды.
Ақ киіктің орытып,
Жүгірмегі майдан-ды.
Батыр болмақ ойдан-ды,
Айғайласып жауға ти,
Тәңірім білер, жігіттер,
Ажалымыз қайдан-ды?
 
 
ЖАЛҒАН ДҮНИЕ
 
Қоғалы көлдер, құм, сулар
Кімдерге қоныс болмаған?!
Саздауға біткен құба тал
Кімдерге сайғақ болмаған?!
Басына жібек байлаған
Арулар кімнен қалмаған?!
Таңдап мінген тұлпарлар
Иесін қайда жаяу салмаған?!
Құландар ішпес бұршақ қақ,
Кімдерге шербет болмаған?!
Садағына сары шіркей ұялап,
Жау іздеген ерлердің
Қайда басы қалмаған?!
Ішелік те желік,
Мінелік те түселік,
Ойналық та күлелік,
Ойласаңдар, жігіттер,
Мынау жалған дүние
Кімдерден кейін қалмаған?!
 
 
ЕҢІРЕУ ҰЛЫ ЕМШЕК БОЗ
 
Еңіреу ұлы емшек боз
Ер мінген күні берік болсын.
Еменнің түбі – сары бал,
Ер ішкен күні көп болсын.
Түзге аттанып шыққанда,
Дұшпаның қарсы келгенде,
Ер дініне берік болсын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *