Айтам бір ән!
Мен енді айтам бір ән,
бір ән айтып, аспанды шайқалдырам.
Найзағайлар жарқылдап,
жұрт әуре еткен –
шырқау көктен шаңқылдап қайтар қыран!
Қай тұстардан шықты деп, бұл ғажап үн,
сен де сонда селт етпей тыңда, жаным!
Тамылжыған әуенге бір қандырам,
нұрландырам даламның түнгі ажарын.
Өзімнің де биіктеп еңсем бірден,
дәуге айналам –
тауыңды теңселдірген!
Тыңда мені,
сөзіне кім бар еді
Жақынын да,
жатын да тең сендірген?..
Күйге айнала құйқылжып қашанғы ұран,
Алатаудан әріге асар бұл ән.
Тас кереңнің өзі де елең етер,
тас жүректің көзіне жас алдырам!
Жүргендердің бәріне мүлгіп кілең,
жігер беріп,
шетінен дүрліктірем.
Көңілімнің күмбезін мөлдіретіп,
желбіретіп төріне шындықты ілем!
Тауып беріп табанда көңіл емін,
таудан аққан бұлақтай төгіледі үн.
Бір ән салып мен бүгін,
Қыранша ағып,
Жұрт алдында жарқырап көрінемін!
Сәкен Иманасов