Құлажирен – кешегі құнан еді,
құйрық-жалы төгіліп тұрар еді.
Әр қимылын ауыл-үй әңгіме етіп,
сұқтанатын
сыртынан
сынап елі.
Жылқы болып,
жоқ еді,
көп елеңі,
Көрер еді құйғытып, желер еді, –
Дөнен шығар шағы еді жануардың,
бөлек еді бітімі, дене, белі.
Жұмырланып жебедей сүйір дене,
құтырғанын, кім білсін, биыл неге,
сәуріктерге соқтығып өз-өзінен,
үйір бола түскені үйірге де.
Шашау шықса шалдуар байталдары,
Қара айғырмен қосыла қайтарғалы
ағып барып, құлағын қағып та алып,
қырға қарай
қаймыға
қайқаңдады.
– Қайтеді-ей? – деп –
мына бір жаттың малы
Жылқышының
ат басын шалт бұрғаны, –
Қыл мойыннан қылғынта құрық салып,
алып келді ауылға… тарттырғалы.
Бір сұмдықты сезді ме,
сезбеді ме,
мөлт-мөлт етіп құланың көздері де,
тырп ете алмай,
тыпырлап қала берді,
біржолата тұншығып өз деміне.
Ыңырсыды,
ышқынды,
кісінеді,
Шырылдады,
Шыңғырды,
іші нені
сезгенін де, кім білсін,
ыңыранып,
бір пәленің болғанын түсінеді.
Құлағына, ақыры, жетті ме үні, –
қыл бұрауды босатып кетті бірі.
Ауырсына
орнынан тұра берді,
бірте-бірте басылып ет дірілі.
…Түсінген де түгі жоқ,
әлі білген,
ауырғаны басылып,
жаны кірген. –
Жаңағы бір қызулы дүниенің
бара жатты азайып мәні бірден..
Сәкен Иманасов