Момындарға күш етпе,
Жетеді оған әлім деп,
Ойланбай тұрып іс етпе,
Өзім білем бәрін деп.
Шашпа бекер малыңды,
Таусылма өзім табам деп.
Іркіп ұста барыңды,
Сенен кейін алам деп.
Айтпай кетті ағалар,
Деп жүрмесін бізге деп.
Өлгеніңше ой азық,
Өнер, ғылым істе деп.
Арам пейіл адамдар,
Достығыңа тұрмайды.
Ақылы жоқ наданның,
Жамандығы қалмайды.
Көр аузына барғанша,
Ақыл айтсаң алмайды.
Жамандықтың белгісі,
Әр нәрсені торлайды.
Ондайлармен дос болған,
Ақылды жігіт сорлайды.
Арғымақ сайлап не керек,
Артынан жыны кеткен соң.
Ағайын-туған не керек,
Аңдысып күні өткен соң.
Балаң жаман болып өссе,
Басыңның қадірі болмас.
Атың жаман болса, жолда қаларсың.
Жолдасың жаман болса,
Жауда қаларсың.
Қартайғанда әділетсіз болсаң,
Тозаққа барарсың,
Ал әділетті болсаң,
Жұмақтан орын аларсың.
Қабан (Қабылиса) Асанұлы