Құдайдың – құлы,
Мұхаммедтің – үмбеті.
Құдайға сенемін деп жолыңнан қалма.
Құдай құмырсқаға
Кәрін тіксе, қанат бітіреді.
Құдай берейін десе,
Жұдырыққа тас сынады.
Қимайын десе,
Бұршаққа тіс сынады.
Құдайдың бергенін шайтан қызғанады.
Құдай бергенін алса да,
Берерін алмасын.
Құдай малыңды алса да,
Пейіліңді алмасын.
Құдайға да сенеді,
Албастыға да ереді.
Құдай салды – мен көндім.
Құдайдан безгенді шайтан сүйеді.
Құдайдың күнінің жаманы жоқ.
Құдайдың өзі бермейді,
Біреудікін біреуге ауыстырып береді.
Құдай құлым – десе,
Пайғамбардың үмбетімін –
Демеске шара бар ма
Құдай адастырарында
Адамның ақылын алады.
Құдай – хақ,Құран – шын.
Қашқан да Құдай дейді,
Қуған да Құдай дейді.
Құдайға жазсаң да, көпке жазба.
Құдай да бергенге береді.
Құдай қылғанды былай қойма.
Құдайдың құрығы ұзын.
Құдай біреу, кезек екеу.
Құдай атқан оңалар,
Аруақ атқан оңалмас.
Құдай тірі еткенді құр етпейді.
Құдай бір ұрғанды қос қолдап ұрады.
Құдайдың кенже ұлындай.
Құдайдың сақалын сипағандай.
Құдайдың үйін көргендей.
Құнанын Құдайындай,
Тайын Тәңіріндей көреді.
Құдайдың күні тарыдан да көп.
Құдай әлемнен бұрын ғаламды жаратқан.
Құдай жалғыз, мен жалғыз.
Құдайдан қорықпа,
Құдайдан қорықпағаннан қорық.