Бұқар Қалқаманұлы өлеңдері

Күпшек санды күреңді
Тәбияға жаратқан.
Қырық сан қара қалмақты
Жарлығына қаратқан;
Айбалтасын алтынменен булатқан,
Алапасын арттырып,
Арпалап атты қунатқан;
Лабашы деген бір елді
Антыменен улатқан;
Еренші мен Серенді
Тозғындатып шулатқан,
Періштесін жұрт үстінен дулатқан;
Еңсесі биік боз орда
Салтанатқа орнатқан;
Болаттан шеге соқтырып,
Шаңырағын торлатқан;
Үшбу жерден бектерін
Жасыл көлге мәслихатқа келтіріп,
Зәмзәм суын мыс табаққа толтыртқан;
Қазығын қалайыдан қақтырып,
Тоқпағын сом алтыннан соқтырып,
Нықыра күміс шаптырып,
Былғары саба пістірген,
Шыны аяқпен іштірген;
Орындығын оймыштап,
Ою-нақыш салдырған,
Сандығын сары алтынға малдырған;
Көшсе қырық түйе арта алмас,
Қырық мың атан тарта алмас,
Қызыл аяқ мал жиып,
 
 
Қалжасына алдырған;
Алғыншығын алқалап,
Бетіне бедер қамқа салдырған;
Туырлығы қара кіс,
Төгілген бір түңлігін
Ұшығадан ұстатқан.
Байтағын, байып мал беріп,
Байрақты жерге қыстатқан;
Ғаділдігін Наушаруан ғаділге жеткерген,
Жомарттығын Атымтай жомарттан өткерген,
Күнде мейман күзетіп,
Кесекілеп ет берген,
Имандының ісіне қарай бет берген,
Бір құдайдың дидарын
Сен көрмесең, кім көрер,
Табандасқан дұшпанға
Күнінде қылыш шауып өткерген?!
Ай, айтамын, айтамын,
Мінген атың айтамын.
Құлында емген, тайда емген,
Құнанында арда емген,
Дөненінде үйреткен,
Жібектен арқан сүйреткен,
Бестісінде белі күшті болсын деп,
Бес байталға салдырған,
Алтысында талдай мойнын талдырған,
Жетісінде жетіп құлан шалдырған,
Сегізінде серке сан деп атанған,
Тоғызында тола семірген,
Онында оқ жыландай қарғыған,
Ойнай басқан аяқтым,
От орнындай тұяқтым,
 
 
Қиғаш қамыс құлақтым,
Саптыаяқтай еріндім,
Сарымсақтай азулым,
Сауырысын кере жарағаң,
Кекілін қыздай тараған,
Тостаған көзді торыны
Топ тарқамай мін-сана!
Еліңнің қамын же-сана,
Есіліп кеңес айт-сана.
Айта да айта кетсін жұртыңа,
Мұздар да мұздар қатсын мұртыңа.
Еш келмеді қыртыңа,
Кең Абылай, кең ием!
Шұбарағаш құба жөн
Мекен еткен шөлді, ием!
Телі менен тентегін
Иіліп алдыңа келді, ием!
 
Бұқар Қалқаманұлы
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *