Әй, Абылай, сен он бір жасыңда
Әшейін-ақ ұл едің.
Он бес жасқа келгенде
Арқада Әбілмәмбет төренің
Түйесін баққан құл едің.
Жиырма жасқа келгенде
Абылай атың жоқ еді,
«Сабалақ» атпен жүр едің.
Оны да көрген жерім бар:
Жаныс Қарабайдың қолында
Түнде туған ұл едің.
Жиырма беске келгенде
Бақыт қонды басыңа,
Тақыт берді астыңа.
Отыз жасқа келгенде
Кең дүниеге кенедің.
Отыз беске келгенде
Қара судың бетінде
Соқтығып аққан сең едің.
Қырық жасқа келгенде
Алтынды тонның жеңі едің.
Қырық беске келгенде
Жақсы-жаман демедің.
Елу жасқа келгенде
Үшжүздің баласының
Атының басын бір кезеңге тіредің.
Елу беске келгенде
Ел деп атқа қонарсың.
Бұқар Қалқаманұлы