Бұқар Қалқаманұлы өлеңдері

Ежелгі дос жау болмас,
Шірнеуіште хаты бар.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Көңілінде кірдің таты бар.
Ежелгі дос жау болмас,
Айтысқан оның серті бар.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Көңілінің тұтқыр керті бар.
 
 
Қорғанды шаһар қаласын
Қазақ білмес, сарт білер.
Төс айылдың батқанын
Иесі білмес, ат білер.
Ер жігіттің қадірін
Ағайын білмес, жат білер.
Қойға қошқар құт болса,
Қозы құрттан өлмейді.
Қой бітерде қотаншы ит
Бөріге қой бермейді.
Ауылда абыз бар болса,
Ауыл ала болмайды.
Ел иесі құт болса,
Халқы ала болмайды.
Үлгісіз сөз болмайды,
Матасыз бөз болмайды.
Сөз ұғарлық ер болса,
Айтылмас шын сөз болмайды.
Алтындай асыл сөзіңді
Қадіріне жетіп бағалап,
Тыңдайтын ер кез болмайды.
Биік тауға жарасар
Ығынан тиген панасы.
Терең сайға жарасар
Тобылғылы саласы.
Ер жігітке жарасар
Қолына алған найзасы.
Би жігітке жарасар
Халқына тиген пайдасы.
Ақсақалға жарасар
Тілеуқорлық айласы.
Бәйбішеге жарасар
Еміздіктеген сабасы
Келіншекке жарасар
Емшектегі баласы.
Қыз он беске келгенде
Шашынан көп жаласы.
Бұл жалғанда бір жаман –
Ағайынның аласы.
 
 
Бұқар Қалқаманұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *