Күпшек санды күреңді
Тәбияға жаратқан.
Қырық сан қара қалмақты
Жарлығына қаратқан.
Айбалтасын алтынменен булатқан.
Алапасын арттырып,
Арпалап атты қунатқан.
Лабажы деген бір елді
Антыменен улатқан.
Еренше мен Серенді
Тозғындатып шулатқан,
Періштесін жұрт үстінен дулатқан.
Еңсесі биік боз орда
Салтанатқа орнатқан.
Болаттан шеге қақтырып,
Шаңырағын торлатқан.
Үшбу жердің бектерін
Жасыл келге мәслихатқа келтірген.
Мыс табаққа (ас) толтырған.
Қазығын қалайыдан қақтырып,
Тоқпағын сом алтыннан соқтырып,
Нақыра күмүш шаптырып,
Былғары саба піштіріп,
Шыны аяқпен іштірген.
Орындығын оймыштап,
Ұлы нақыш салдырған.
Сандығын сары алтынға малдырған.
Көшсе қырқы арта алмас,
Қырық мың атан тарта алмас.
Қызыл аяқ мал жиып,
Қалишасын алдырған.
Алғын, шығын арқалап,
Бетіне бедер қамқа салдырған.
Туырлығың қара киіз,
Түрілулі бір түңлігің
Ошағадан ұстатқан.
Байтағың байып мал беріп,
Байтақты жерге қыстатқан.
Әділдігін Наушаруан әділге жеткізген.
Жомартлығын Хатымтай жомарттан өткізген.
Күнде мейман күзетіп,
Кесек-кесек ет берген.
Имандының ісіне қарап бет берген,
Бір құдайдың дидарын
Сен көрмесең, кім көрер?
Табандасқан дұшпанға
Күнінде қылыш шауып өткерген.
Бірінші тілек тілеңіз:
Бір аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Әзәзіл, пасық, залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз:
Үшкілсіз көйлек кимеске.
Төртінші тілек тілеңіз:
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз:
Бес уақытқы бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа.
Алтыншы тілек тілеңіз:
Алты қанат ақ орда,
Ардақтаған аяулың
Күнінде ертең біреуге
Тегіннен-тегін олжа болмасқа.
Жетінші тілек тілеңіз:
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа.
Сегізінші тілек тілеңіз:
Сегіз қиыр шартарап
Жер тұлданып тұрмасқа.
Тоғызыншы тілек тілеңіз:
Төреңіз тақтан таймасқа,
Тоқсандағы қарт бабаң
Топқа жаяу бармасқа.
Оныншы тілек тілеңіз:
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күнде айналған,
Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңіткен,
Тас емшегін жібіткен
Анаң бір аңырап қалмасқа.
Он бірінші тілек тілеңіз:
Он бармағы қыналы,
Омырауы жұпарлы,
Иісі жұпар аңқыған,
Даусы қудай саңқыған,
Назыменен күлдірген,
Қылығымен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің
Жылай да жесір қалмасқа.
Ай не болар күннен соң,
Күн не болар айдан соң?
Құбылып тұрған бәйшешек
Қурай болар солған соң.
Хандар киген қамқа тон
Шүберек болар тозған соң.
Еңсесі биік кең сарай
Кемтік болар бүлген соң.
Төрде отырған биіңіз
Төресін жаңылар алған соң.
Төркіндеген бикешің
Елеусіз қайтар малдан соң.
Доңғалақ арба жүре алмас
Екі арысы сынған соң.
Жігіт жақсы бола алмас
Алғаны жаман болған соң.
Қос, қос орда, қос орда,
Қосыла қонбас жаудан соң.
Қоспақ өркеш сары атаң
Қом жасамас майдан соң.
Төсі аршынды сұлудың
Күйі белгілі байдан соң.
Байдың ұлы көрпелдес,
Шұбалаңқы тартады
Айдап жүрген малдан соң.
Үлдемен басын ораған,
Тарақпен шашын тараған,
Қиғаштап қырын қараған,
Езуін ашып күлгенде,
Күрек тісі қасқиған,
Бұрала басып бұлғақтап,
Қынай белін буынған,
Не болар ол жардан соң?!
Айналасын жер тұтқан
Айды батпас демеңіз. .
Айнала ішсе азайып,
Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы құшақ байлардан
Дәулет таймас демеңіз.
Жарлыны жарлы демеңіз:
Жарлы байға тең келіп,
Жайлауға жарыса көшпес демеңіз.
Жалғызды жалғыз демеңіз:
Жалғыз көпке теңеліп,
Бір жапанда соғысып,
Көлшік алмас демеңіз.
Қурай бітпес құба жон
Құлан жортпас демеңіз
Құрсағы жуан боз
Құлын салмас демеңіз.
Қулық туған құлаша
Құрсақтанбас демеңіз.
Қу таяқты кедейге
Дәулет бітпес демеңіз.
Күллі әлемді қаратқан,
Ең алдымен алланы айт.
Бойына жан таратқан
Аты жақсы тәңірді айт.
Төрт шәдиар Мұстафа
Кітап ашқан ғалымды айт.
Мұхаммедтің аяты,
Алла сөзі – құранды айт.
Пайғамбардың сүндеті,
Бес уақытқы намазды айт.
Тәңірім салса аузыңа,
Жан жолдасың иманды айт.
Жамандыққа – жақсылық,
Көктегі иең Тәңірді айт.
Қара қылды қақ жарған
Наушаруандай әділді айт.
Арсы менен күрсіні айт,
Лауқы менен кәләмды айт.
Құдіретімен жаратқан
Он сегіз мың ғаламды айт.
Ақтан сия танытқан
Дәуіт пенен қаламды айт.
Сөйлеу үшін жаратқан
Сөз анасы – сәлемді айт.
Тірілікте сыйласқан
Ата менен анаңды айт.
Адам үшін жарасқан
Қызықты нәубет балаңды айт.
Өлгеннен соң жер жұтқан
Қараң қалған денеңді айт.
Алла жақтаған зар болмас,
Ақтың жолы тар болмас.
Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес.
Қартайсаң, қарт бабаңды сыйлай бер,
Күндердің күні болғанда
Кімдер де кімнің дейсің белі бүгілмес?!
Ибраһим Халил жасады
Тәңірім үйі Кебені.
Батырлар үшін жаратқан
Берен сауыт, жебені.
Сол себепті, жарандар,
Сыйлай бергін көнені.
Сыйламаған күн қылар
Өзін тапқан енені.
Ибраһим Халил жасады
Тәңірім үйі мешітті.
Құдайды білмес бейнамаз
Құдайынан кешіпті.
Құдайыңа құл болсаң,
Шын жаратқан ұл болсаң,
Құдай тағалам өзі берер несіпті.
Ұрғашының жақсысы
Әбжыландай есіліп,
Біз жорғадай бұлғаңы.
Қырға шықсам көрер деп,
Пана тұтар жылғаны,
Ұрғашының жаманы
Өсек-дүкен құрғаны,
Құдайының ұрғаны.
Өсек пенен ғайбатты
Зина менен ұрлықтан,–
Бұрынғы өткен жақсылар
Онан да жаман десіпті.
Ақсамнан биік тау болмас,
Бауырынан қашқан күзен көрінбес.
Ақшам батпай түн шықпас,
Ақ таң атпай күн шықпас,
Ажал жетпей жан шықпас,
Етекті кессең жең болмас,
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Қараша торғай қаз болмас,
Шағала келмей жаз болмас,
Шаңқан болмай боз болмас.
Іштен қыңыр туғанды
Тезге салсаң түзелмес.
Қара қойдың терісін
Сабындап жусаң ағармас.
Қалған көңіл табылмас,
Өзіңнен тумай ұл болмас…
Екі жақсы қас болмас,
Екі жаман дос болмас,
Дос болғанмен, хош болмас.
Екі жақсы дос болмас,
Дос болса, түбі бос болмас.
Сәлем – сөздің анасы,
Ғалек алған данасы.
Шығанақтан шырқайды
О біреудің танасы.
Оның сөзін тыңдасаң,
Баяғы айтқан жаласы.
Өтірікті шын қылған
Ол алланың қызыл көзді пәлесі.
Айтқаныңа көнбесе,
Айдауыңа жүрмесе,
Көңілінде болған аласы.
Бәріміз де, сұрасаң,
Қотанбайдың баласы,
Арғындардың сабасы.
Қарақожа бас болып,
Қабыл да болған дұғасы.
Жақын жерден шөп жесе,
Жердің сәнін кетірер.
Ағайынның аразы
Елдің сәнін кетірер.
Абысынның аразы
Ауыл сәнін кетірер
Жарқ-жарқ еткен жайда бар,
Жарау семіз байда бар,
Құйрығы бітеу қойда бар.
Қос қанаты күймеген
Қанаты бүтін қуда бар.
Ат тұяғы тимеген
Ақ кірпіш тас суда бар.
Әзірейіл келгенде
Жан қалар жер қайда бар?!
Жар басына қонбаңыз,
Дауыл соқса үй кетер.
Жатқа тізгін бермеңіз,
Жаламенен бас кетер.
Жаманмен жолдас болмаңыз,
Көрінгенге күлкі етер.
Жақсымен жолдас болсаңыз,
Айрылмасқа серт етер.
Ит жүгіртіп, құс салсаң,
Тоныңды түгел түлкі етер.
Шын досыңмен сырлассаң,
Езіліп ерек сыр шертер.
Сыпайы сырын білдірмес,
Ақырын ғана бүлк етер.
Көкте бұлт сөгілсе,
Көктеп болмас, не пайда?
Көкіректен жан шықса,
Қайтып келмес, не пайда?
Дін мұсылман болмаса,
Тіл мұсылман не пайда?
Қызда қылык болмаса,
Құр шырайдан не пайда?
Ерге дәулет бітпесе,
Шүлдіреген қызыл тілден не пайда?
Мал араға түспесе,
Құр айтқаннан не пайда?
Байға қайыр бітпесе,
Малынан келер не пайда?
Өзіңе ерік бермесе,
Азат бастан не пайда?
Шын қуанып күлмесе,
Ыржиюдан не пайда?
Өзге алып жеріңді,
Егестіріп еліңді
Билегеннен не пайда?!
Алыстан қызыл көрінсе,
Манат емей немене?
Көтеріліп ұшқан соң,
Қанат емей немене?
Екі жақсы бас қосса,
Санат емей немене?
Қамшылатып жүгірген
Шабан емей немене?
Айтқаныңды білмесе,
Жаман емей немене?
Сұрағанда бермеген
Сараң емей немене?
Кісі ақысын көп жеген
Арам емей немене?
Ішке бүккен қулығың,
Амал емей немене?
Сусағанда ішкен су
Шекер емей немене?
Еңбексізге біткен мал
Бекер емей немене?
Қара арғымақ арыса,
Қарға адым жер мұң болар.
Қара көзден нұр тайса,
Бір көруге зар болар.
Батпақты сайға су түссе,
Атың арып келгенде
Өткел бермес өтерге.
Қайырсыз итке мал бітсе,
Аңқаң құрып келгенде
Саумал бермес ішерге.
Жаман болса алғаның,
Һәммәтлі туған есіл ер,
Күнің қараң кешерде.
Киім тіксе ол қатын,
Жағасы кетер жалпиып,
Етегі кетер салпиып,
Үлгі болмас пішерге.
Он сегіз мың ғаламды жаратқан.
Айтар болсаң, алланы айт.
Кемелді етіп санатпен
Саулық берген тәңірді айт.
Аузыңа иман үйреткен
Ғалиассалам Мұхаммедті айт.
Мұсылман болсаң, алдымен
Іншаллаһи, бісмілданы айт.
Таңертең азан шақырған
Даусы сұлу молданы айт.
Өз жынысының ішінде
Даусы ащы тырнаны айт.
Тауық жүнді таз тырна
Тақыршақ жерге қонбас па,
Таралып жүні қалмас па?
Ақ сұңқар құстың баласы
Ұяда алтау болмас па?
Ұяда алтау болғанмен,
Оның ішінде біреуі-ақ алғыр болмас па?!
Алғырының белгісі –
Ұзақтан жемді ілмес пе?
Бірге туған ұялас.
Бізге сауға демес пе?
Өзі аштан өлсе де,
Айырып жемін бермес пе?
Сөйтіп жүрген кезінде
Алғырынан айрылса,
Қанаты түптен қайрылса,
Құс жаманы жапалақ,
Оған да қор болмас па?
Адамзаттың баласы
Атадан алтау тумас па?
Атадан алтау туғанмен,
Оның ішінде біреуі арыстан болмас па?!
Арыстанының барында
Жорғасы болса мінісіп,
Торқасы болса киісіп,
Толғамалы қамшы алып,
Толғай да толғай дәурен сүрмес пе?!
Сөйтіп жүрген кезінде
Арыстаннан айрылса,
Қанаты түптен қайрылса,
Ел шетіне жау келсе,
Ел ішіне дау келсе,
Бел буып жауға шаба алмай,
Белдесіп жауды жеңе алмай,
Алдына келген жақсының
Қадірін де біле алмай,
Қадір-құрмет қыла алмай,
Артында қалған жамандар
Бас-басына тозбас па?!
Бұқарекең – біз келдік
Ақан, Төбет байларға.
Бесті берсең семіз бер,
Жаздай мінер жайлауға.
Бермеймін деп атама,
Асауыңды матама,
Шылбырынан бір тартсам,
Шамырқанып, шамданып,
Шалқасынан жата ма?!
Алпыстағы Бұқардың
Сілесі құрып қата ма?!
Құлдарың мен күңдерің
Мерекеге бата ма?!
Келіп едім өзіңе,
Түнеугі айтқан сөзіңе.
Тіпті разы болмаймын
Керегенің басында
Екі қарыс бөзіңе!
Бермей қалсаң осы жол,
Жолықпан деп ойлама
Жортуылшының тезіне.
Шашырап шыққан қандар көп,
Шашау жатқан малдар көп.
Қайсыбірін айтайын,
Айта берсем сөздер көп.
Үй артында төбешік,
Ерттеулі тұрған ат болар.
Қариясы кімнің бар болса,
Жазулы тұрған хат болар.
Өзіңнен туған жас бала
Саудагердей сарт болар.
Өзіңмен бірге туысқан
Алаштан бетер жат болар.
Сыйынған пірін саудалар,
Бір құдайға шет болар.
Өтермемен кетер ме
Жарлы-жақыбай байғұстар?
Байдың малын көтерме:
Өлтіріп алсаң пәлесің
Төлеуге шашын жетер ме?!
Аздың да ісі бітер ме,
Көптің де ісі жетер ме,
Көп ішінде бір жалғыз,
Сөйлеп те сөзі етер ме?!
Рулының оғы қалса, табылар,
Жалғыздың тартатұғын
Жағы қалса, табылмас.
Әкесіз бала сұм жүрек,
Жиын болса, бара алмас,
Барғанмен, орын ала алмас.
Екі көзі жаудырап,
Тұлымшағы салбырап,
Күнінде соның не болғанын білмеймін.
Әкелі бала жаужүрек,
Жиын болса, барады,
Барса, орын алады.
Бітірер сенің дауыңды,
Қайтарар сенің жауыңды,
Күнінде тастан өтер жебесі.
Арту, арту бел келсе,
Атан тартар бүгіліп.
Алыстан қара көрінсе,
Арғымақ шабар тігіліп.
Ел шетіне жау келсе,
Ерлер шығар түрініп.
Ел ішіне дау келсе,
Азулы сөйлер жүгініп.
Абылай ханның қасында
Бұқарекең жырлайды,
Жырлағанда не дейді?
Соғыспа деп жырлайды
Бұқарекең деген кәріңіз,
Соғыссаң, кетер сәніңіз.
Бізден бұрын өтіпті
Әзіреті Әлі шеріңіз.
Жаулық жолын сүймеңіз,
Мынау жалған сұм дүние
Өтпей қалмас демеңіз,
Мұсылман болсаң, кетіңіз,
Сырдарияның суынан
Көлденең кесіп өтіңіз.
Үш жыл малды ту сақтап,
Жиделі байсын жетіңіз.
Шұрайлы жердің ұйығы
Адамы жүзге жетпей өлмеген,
Малы екі рет төлдеген,
Қатын, бала қамы үшін
Солай тамам кетіңіз.
Менің жасым тоқсан үш,
Мұнан да былай сөйлеуім
Маған болар ауыр күш.
Өлетұғын тай үшін,
Қалатұғын сай үшін
Қылмаңдар жанжал, ерегес.
Бұ қылықты қоймасаң,
Құдайдың бергеніне тоймасаң,
Егер тілімді алмасаң,
Көрерсің сонан тепіріш.
Шүршіт келем деген сөз бар-ды
Көктен түскен төрт кітап –
Енжіл атты кәләмда.
Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт қаптаса,
Алып бір кетер ақтарып
Көмулі көрден денеңді.
Шүршіт келсе, Сырға көш,
Ішетұғын суы бар.
Келіп сізді қамайды,
Үй түндік пен белеңді.
Баяғыдай еркіндеп,
Сарыарқада қалмаңыз,
Сірә ғана шер енді.
Шүршіт келсе, жарамас,
Ай-түйіне қарамас.
Сай суындай сарқырап,
Қалай көшіп барасың?
Найман жатыр өреңде,
Қырғыз жатыр шөленде,
Атың жатыр белеңде,
Түйең жатыр өлеңде!
Он сан алаш билігі
Хан Абылай төреңде.
Ай, Абылай, Абылай!
Сен мен көргенде
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің.
Әбілмәмбет патшаға
Қызметші болып тұр едің.
Сен қай жерде жүріп жетіктің?!
Үйсін Төле бидің
Түйесін баққан құл едің!
Сен жиырма беске келген соң,
Алтын тұғыр үстінде
Ақ сұңқар құстай түледің.
Дәулет құсы қонды басыңа,
Қыдыр келді қасыңа.
Бақ үйіне түнедің,
Алыстан тоят тіледің,
Қылышыңды тасқа біледің.
Алмаған жауың қоймадың,
Алғанменен тоймадың,
Несібеңді елден тіледің!
Абылай-ау, Абылай,
Момынға келіп бек болдың,
Атасын білмес ұл едің.
Атаңның тегін сұрасаң,
Арқар ұранды жат едің,
Қай жеріңде төре едің?!
Қарсы мен Құзарда
Жалаңаяқ жар кешіп,
Бөз тоқыған сарт едің.
Шешеңді және сұрасаң
Қай алтынның буы еді?!
Оны да мен білуші ем,
Түрікпеннің жерінде
Қашып жүріп күнелткен
Мәскенің қара күңі еді.
Жұлдызың туды-ау оңыңнан,
Жан біткен еріп соңыңнан.
Он сан алаш баласын
Аузыңа құдай қаратып,
Жусатып және өргізіп,
Жұмсап бір тұрсың қолыңнан.
Ақтан болды-ау күніңіз,
Арсы менен күрсіге
Тайталасты үніңіз.
Өзің болған күніңде
Жер-жиһанға сыймады
Азат болған құлыңыз!
Ашуланба, Абылай,
Ашулансаң, Абылай,
Көтерермін, көнермін,
Көтеріп қазыға салармын.
Өкпеңменен қабынба,
Өтіңменен жарылма.
Басыңа мұнша көтерген
Жұртыңа жаулық сағынба.
Күнінде мендей жырлайтын,
Мініңді айтып сынайтын
Тоқсан үште қария
Енді саған табылмас.
Ай, Абылай, Абылай!
Қатын алма қарадан,
Қара тумас сарадан.
Қатын алсаң қарадан,
Алды кетпес баладан,
Арты кетпес жаладан.
Қатын алма төреден,
Қатын алсаң төреден,
Еркегі болар жау жанды,
Ұрғашысы ер жанды,
Төре берер ұл туса,
Аузы кеппес парадан.
Мал жинасаң, қойдан жи,
Майы кетпес шарадан.
Ит жинасаң, сырттан жи,
Қойды бермес қорадан.
Аталыдан би қойсаң,
Адаспас жол мен жорадан.
Атасыздан би қойсаң,
Босанбас аузы парадан.
Қалмаса қайнар азайып,
Аққан дария суалмас.
Қалмақтан алсаң бір зайып,
Сүйегіңді жоғалтпас.
Абылайымсың алқатқан,
Отының болсын жантақтан,
Қатының болсын қалмақтан,
Қосының болсын қазақтан!
Сегіз қиыр шартарап,
Төрт құбылаңды түгел қып,
Төріңде жатып салмақтан.
Он екі айда жаз келер,
Құс алдында қаз келер.
Айтып-айтпай немене,
Дәуреніңіз аз келер.
Сондай заман жеткенде
Шаңырағың тұл болар.
Еліңе қауіп төнгенде
Ата ұрпағың құл болар.
Қараларың қас болар,
Қаскөйлерің бас болар.
Өзі сары, көзі көк,
Орыстар келер ғалым боп.
Әулиедей көрінер,
Діндәрінің аты – поп.
Поптары болар сазандай,
Кітабы болар қазандай.
Ақыретке барғанда
Ақсүйекті қор тұтқан,
Қараны онан зор тұтқан,
Орыстарды пір тұтқан,
Сорлы болған қазағым,
Тартарсың содан жазаңды-ай!
Кіші қара қалмақ бүлерде
Бозылардың билігі
Бұлт бұрқан болысты,
Уағыдадан жалысты,
Буыршындай тіздесті,
Жамандықты іздесті,
Бірін бірі күндесті.
Жаулаған ханын қара оңбас,
Хан қисайса, бәрі оңбас.
Ханын қалмақ жаулаған,
Сөйткен қалмақ оңбаған.
Сол қалмақтың жұрты еді-ау
Үш Қарқара, Көктөбе
Ит те ұлып қалмаған.
Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұл үйректей болыңыз.
Судан суға шүйгумен,
Көлден көлге қоныңыз.
Байлар ұғлы шоралар
Бас қосыпты десін де,
Маң-мақ басып жүріңіз,
Байсалды үйге түсіңіз.
Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін.
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз.
Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұрылып ұшар жаз күні.
Боз мойынды сұр үйрек
Көлге қонар мәз күні.
Көк ала ат жаратып,
Көк дабылды байлатып,
Байлар ұғлы шоралар
Көл жағалар жаз күні.
Бұралған назды сұлулар
Қол бұлғайды-ау жаз күні.
Бағылан өскен шоралар
Қыз қыдырар саз күні.
Қымызсыз жиын-той болса,
Қызығы жоқ-ты жаз күні.
Қызыл турам ет болса,
Қызғаныш болар аз күні.
Мал бергенің болмаса,
Пайдасы жоқ-ты аз күні.
Асан ата іспетті
Ен жайлауынан көшкен жұрт.
Зар илеп, баспай өксікті,
Ауыр күнді кешкен жұрт.
Ақтың жолын күзетпей,
Жамандықты тұтқан жұрт.
Сабыр етпей, сандалып,
Сайда көшіп, жортқан жұрт.
Өз ағасын сыйламай,
Өзгенің соңынан ерген жұрт.
Ханына тізгін бермеген,
Орысқа ырғын болған жұрт.
Ханның ойын білмеген,
Жауына таланып қалған жұрт.
Қиюы кетіп сенделген,
Тоз-тоз болған біздің жұрт.
Ақтабан болып шұбырған,
Ата қонысынан ауған жұрт.
Бірауызды болмаған,
Тозуды тосқан біздің жұрт.
Бұқарды мұнша жылатқан,
Сайғақтай саясыз біздің жұрт.
Сендер үшін толғатқам,
Өзіңнен өзің безбе, жұрт.
Керей, қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп?
Сен қашсаң да мен қоймай,
Арғымағым жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын
Жауған күндей себелеп.
Ақмырзамды өлтірдің
Ақ сойылмен төбелеп.
Арғымағым барында
Жарысқалы келгенмін.
Азаматым барында
Алысқалы келгенмін.
Жақсы болсаң, сенімен
Табысқалы келгенмін.
Жаман болсаң, шаншысып,
Шабысқалы келгенмін.
Сен танымай кетіп барасың,
Мен – Арғын деген арыспын,
Азуы кере қарыспын.
Сен – бұзау терісі шөншіксің,
Мен – өгіз терісі талыспын.
Абылай алдында сен бітсең,
Құдандалы таныспын.
Егер Абылай алдында бітпесең,
Атасын білмес алыспын.
Көшің кетер бір жаққа,
Малың кетер бір жаққа.
Көш соңынан жете алмай,
Есің шығар сол шақта.
Жар басына қонарсың,
Жарты лашық тігерсің,
Ауызыңнан ас кетер,
Қара көзден жас кетер.
Бұл қылығың қоймасаң,
Сонау кеудедегі
Дулығадай бас кетер!
Бұқар Қалқаманұлы