Анам туралы триптих

 
1
 
Сезбедің бе,
Сездің бе іңір демін,
желпіндіріп жүлделі жырым менің,
Қызық болды-ау, кеше бір
үйге қарай
қос өкпемді қолға ала жүгіргенім.
Келгеніне күпініп елдің демеп,
бір пенделік сезімге ердім кенет,
Қоқилана қасыңа бармақ едім:
«Ұлың қандай екенін көрдің бе?» – деп.
«Бар ма,
жоқ па,
кім білсін, өзімде мін,
жұрт аузында жүр екен сөзім менің»
дей бергенде, –
аймалап «қиқарыңды»,
сипарыңды маңдайдан сезінгенмін.
Алқам-салқам күйінде омырауым,
қаға беріп есіктің қоңырауын,
басқан шақта азырақ ентігімді,
тістеп тұрып қалғанмын мен тілімді.
Көпсінгендей осынау тоқ күнімді,
алқымыма ащы бір от тығылды, –
Сонда барып сездім-ау, қайран шешем,
арамызда өзіңнің жоқтығыңды!..
 
2
 
Өз қасынан ұзатпай-ақ қойды өлең…
Жеті түнде желік бітіп кейде мен,
Үш бөлмелі үйге сыймай кетемін,
Жалғыз өзім,
жалаң қабат жейдемен.
«Тектілермен тең атаның тұқымы ем!» –
деп біреуге тепсінемін,
күпінем.
Талып барып тапқаныма тамсанып,
біржолата бүлініп те бітіп ем.
Шабыт, шіркін,
шыдамыңды шектей ме,
ойда жоқта ұстап алып кетпей ме, –
бір айқайға баса беріп, бөгелем,
Сені оятып алмадым ба, деп кейде.
«Аз деп пе едің түн ұйқысын бөлгенің,
буына еріп,
бүлінесің сен ненің?» –
деп өзіме тыйым салам, сығалап,
есігінен шешем жатқан бөлменің.
Сонда барып сезілді де жоқтығың,
көкіректі мұздай қарып жетті мұң.
Қайран шешем,
қаншама жыл болса да,
дәл осылай өтіп жатыр көп түнім.
 
3
 
Көз
алдымда: күрсінгенің,
күлгенің,
дұғам болып бара жатыр бұл менің,
Жоқтығыңды біле тұра, әлі
де
ренжітіп алдым ба деп жүргенім.
Қызып кетіп,
мәймөңкеге шорқағың,
қиқуына ілесе ме ортаның, –
Жоқтығыңды біле тұра,
тағы да
қабақ шытып жүре ме деп қорқамын.
От басының реңі де,
тірегі ең,
көз алдымда кескінің тұр жүдеген.
Өкпелетіп алдым ба деп,
әлі де
қабіріңе күнде барып,
гүл егем…
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *