Бумага все терпит.
орыс мақалы
Арыз да жаз,
ағайынға хат та жаз, –
барлығына көнесің-ау, ақ қағаз,
жыр оқып та жарымасын жұртыңның,
дарымасын сезесің бе жатқа наз?
Ақ жүзіңді айдай қылып дарынсыз
өңмеңдейді –
өлең жазып жалынсыз,
үндеместен көнесің де бәріне,
амалың жоқ, келесің бе әлі үнсіз?
Көңіл, шіркін, алып-ұшып, желіге,
куәгері етпек болып сені де,
арулар да ақ тамағы бүлкілдеп, –
қақтамады қаншама ыстық деміне!
Ел мен елді шақырам деп бітімге,
қақтамады қаншама ерлер түтінге.
Ақ тілектер ақтарылып,
қаншама
шығарылды әділетсіз үкім де!
Біреулерді мақтадың да сен бөлек,
ақтадың ба –
қиянатқа көнбе деп.
Қысылғаннан –
әлдекімнің қолында –
қызарып та кеткеніңді көрген ек…
Сенде емесін сезесің де бар айып,
ешбіреуге қарамадың алайып.
Суық хабар жеткізерде елге бір
қас қағымда кетуші едің қарайып…
Інім менің айналдырып дәптерге,
ұран болып, күлімдедің қақ төрде.
Амал қанша,
құрып бітпес қулар да
сен арқылы қанша жала жапты ерге!
Ұмарласын,
жұмарласын,
қатырсын, –
барлығына көніп келе жатырсың.
Көніп келе жатырсың-ау, қайтейін,
татулыққа,
қатулыққа шақырсын!..
…Бір сөзі де басылмаған тасқа әлі
дәптерімнің таза бетін ашқалы,
ақ тәніңе дарытпауға тырыстым
жақсы лебіз,
жақсы өлеңнен басқаны.
Осындайда иіп қана аспаным,
маған билік тимейді ғой қас қағым, –
бәрін сызып тастар едім бетіңнен
ұзақ жасар ұлағаттан басқаның!
Сәкен Иманасов