Сызданып Алматым да жат қаладай,
апыр-ау, қайда кеткен бақтағы арай?
Іңірде үйге сыймай барамын-ау,
тартсам ба, қалқам, сендер жаққа қарай?
Ақшам мен екіндінің арасында,
отырсам Қарағанды қаласында,
тағы да дүйім елді дүрліктіріп,
шабылып, шуылдасып қаласың ба?..
Түгелдей жинап алды жыр құмарын,
Арқаның асқақтатып ырғын әнін,
алыстан елші келген елдей болып,
жүрер ме жүгірісіп құрбыларың?
Таранған, қарап қойып, тотыларға,
қасқайып, қақ төріңде отырам ба?
(Қаншама желпініп ем,
сен түнімен
ерінбей өлеңімді оқығанда!)
Құдай-ау, кеше ғана көптің бірі ем,
әп-сәтте аспандап-ақ кеттім, білем,
маздадым Қарағанды көміріндей,
қып-қызыл ортасында оттың кілең.
…Бұйығып,
бұлыңғырлау бақтағы арай,
Алматым сыздана ма жат қаладай,
Іңірде үйге сыймай кетіп едім,
Тартсам ба Қарағанды жаққа қарай?!
Сәкен Иманасов