Әмірің қатты Есім хан,
Бүлік салып, бұйырдың
Басын бер деп батырдың –
Қанын ішіп қанбаққа,
Жанын отқа салмаққа.
Атадан жалғыз мен емес,
Хан ие, ісін жол емес.
Жолбарыстай Жолымбет
Құрбандыққа қол емес.
Жол тосып, алып кетіпті
Қалмақтан алмақ сыйыңды.
Қаһарыңды басқалы
Қалың елім жиылды.
Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биің-ді.
Малын салып алдына,
Әр саладан құйылды,
Он екі ата Байұлы
Бір Тәңірге сыйынды.
Еңсегей бойлы Ер Есім,
Есім, сені есірткен
Есіл де менім кеңесім.
Ес білгеннен, Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесің,
Қолтығыңа болдым демесін.
Ертеңгі күн болғанда,
Елің кеңес құрғанда,
Айналып ақыл табарға
Есіктегі ебесін,
Сонда, ханым, не десің?!
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің.
Жиембет қайда дегенде.
Не деп жауап бересің?..
Меніменен, ханым, ойнаспа,
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай.
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай.
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай.
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай менен қайыңдай.
Көруші едім, Есім хан,
Ханымды күнім, сізді айымдай.
Сырым саған түзу-ді
Садаққа салған бұлыңдай.
Жұмыскерің мен едім
Сатып алған құлындай.
Жүруші едім араңда
Өзіңнің інің менен ұлындай…
Мен, өлсе, құнсыз кетер деме сен
Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген
Тілеуберді құлыңдай!
Тілеуберді құлың мен емес,
Мұның, ханым, жөн емес.
Менің ер екемді көргенсің,
Әуелден бірге жүргенсің,
Дегенімді қылғансың,
Қайратымды білгенсің.
Ағбытпа, ханым, күннен соң,
Сіздің естен кеткенмен,
Біздің естен кеткен жоқ:
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Соқыр бурыл байталға
Сонда бір жайдақ мінгенсің…
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Қаланың қасы бүлгенде,
Хандар қалаға қылаған,
Сұлтандар суға сылаған
Қаз мойынды ханшаңыз
Қалада тұрып жылаған…
Тал шарбаққа мал сақтап,
Тас қалаға жан сақтап,
Тасқан екен мына хан!
Қайырылып қайыр қылуға
Қылығын жоқ ұнаған.
Қайратым қанша қайтса да.
Мұныңа, ханым, шыдаман!
Арқаға қарай көшермін,
Алашыма ұран десермін,
Ат құйрығын кесермін.
Ат сауырын берермін,
Алыста дәурен сүрермін,
Қарамасаң, ханым, қарама,
Сенсіз де күнімді көрермін!
Қол-аяғым бұғауда,
Тарылды байтақ кең жерім!
Арманда болып барамын,
Қоштасуға аял жоқ,
Қалқаман, Шолан ерлерім!
Қайырылып қадам басарға
Күн болар ма мен сорға,
Өзен, Арал жерлерім?!.
Қиядан қолды көрсеткен
Төбеңе шығар күн бар ма,
Жотасы биік Дендерім?!
Қайырымсыз болған хандарға
Тиер ме екен бір күні
Жолбарыстай шеңгелім?!
Басы саудың түгел-дүр
Толған тоғай малы-дүр.
Тоқтамай соққан толағай
Толастар мезгіл жеткей-дүр.
Керегеге ілінген
Шабылмаған семсер тұр.
Жаудан алмай кегімді,
Есіл де өмір өткен құр.
Азап шектім аралда
Ханға қарсы тұрам деп.
Түн ұйқымды бөлгенмін,
Жұртымды жәнге салам деп.
Бас кессе де басылмай,
Ақ ісімді жасырмай,
Атқа мінген ер едік,
Қашырды бүйтіп елімнен
Күйеуден безген қатындай
Жиенбет Бортоғашұлы