Алаңсыз ақымағым

Ақымағым!..
Алаңсыз ақымағым, –
Аңғармаған жақыны, жаты барын.
Аға десе аңқылдап,
алып ұштың,
алдыңда айтып бітпей жатып әнін…
Жақсы десе –
кете алмай көзің қиып,
жәудіреп-ақ тұрушы ең сезімге ұйып,
Кімнің ғана жүрегін жандырмадың,
өртеніп,
өз отыңа өзің күйіп!
Не дейін, ақымағым,
аңғалым-ай!..
(Жақсыға жақтасатын бар ма құдай?!)
Өртеніп,
өртей жүріп, –
өз атыңа
түсер деп ойламадың таңба бұлай
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *