Айнала бұлақ басы — тең

Айнала бұлақ басы – тең,
Азаулының Стамбұлдан несі кем,
Азаулының Аймадет Ер Доспанбет ағаның
Хан ұлына несі жоқ,
Би ұлынан несі кем!
Тәңірінің өзі берген күнінде
Хан ұлынан артық еді менім несібем!
Азаулыда аға болған ерлер көп еді,
Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ еді!
Сере, сере, сере қар,
Асты кілең, үсті мұз,
Күн-түн қатса жібімес,
Мен көлікке қосымды артқанмын,
Көмбідей ару жаларға
Күректей мұзды тондырып,
Кірмембес ауыр қолға бас болып,
Күңіреніп күн түбіне жортқанмын!
Дүниенің басы сайран, түбі ойран,
Озар сойды бұ дүние
Азаулының Айдамет Ер Доспанбет ағадан.
Ағарып атқан таңдай деп,
Шолпан шыққан күндей деп,
Май қаңбақта ағалардың аты жусап жатыр деп,
Ақ шаңдақты құрып қойған шатыр деп,
Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз
Арғымақтың талдай мойнын талдырып,
Үйде қалған арудың
Ак иіндігін аудырып.
Арғымаққа оқ тиді
Қыл майқанның түбінен,
Айдаметке оқ тиді
Отыз екі омыртқаның буынынан,
Зырлап аққан қара қан
Тыйылмайды жонның уақ тамырдан.
Сақ етер тиді саныма,
Сақсырым толды қаныма,
Жара бір қатты, жан тәтті,
Жара аузына қан қатты,
Жарықшылар жоқ па екен
Жармай білте саларға,
Жағдайсыз жаман қалып барамын
Жанымда бір туғанның жоғынан!..
Қарағайлы көдік бойында
Қамшым қалды ойында:
Бүлдіргесі бұлан терісі,
Өрімі құнан білдің қайысы,
Шырмауығы алтын, сабы жез,
Бейазының бойында
Күзен, қарсақ жер ме екен!..
Алғаным Әли ағаның қызы еді,
Қас арудың өзі еді.
Маңдайы күнге тимеген,
Желге шашын үрмеген,
Серпіліп адам бетін көрмеген,
Қалай күн кешті екен!
Қосақай, Қосай, Ер Досайдың анасы
Хан қызындай сұлтанның
Айдындықтай ақ білегін жастанып,
Ерен үйін тіктіріп,
Омыраудағы он түймесін ағытып,
Кейінгі қалған көпекке
Қалай да белін шешті екен?!
Айналайын Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?!
Еңсесі биік боз орда
Еңкейе кірер күн қайда?!
Қара бұлан терісін
Етік қылар күн қайда?!
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда?!
Күмбір, күмбір кісінетіп,
Күреңді мінер күн қайда?!
Толғамалы ақ балта
Толғап ұстар күн қайда?!
Алты құлаш ақ найза
Ұсынып шаншар күн қайда?!
Садақ толған сайгез оқ
Масағынан өткеріп,
Басын қолға жеткеріп,
Созып тартар күн қайда?!
Кетбұғадай билерден
Кеңес сұрар күн қайда?!
Еділдің бойын ең жайлап,
Шалғынға бие біз байлап,
Орындықтай қара сабадан
Бозбаламен күліп-ойнап,
Қымыз ішер күн кайда?!
Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен.
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен.
Тобыршығы биік жай салып,
Дұспан аттым, өкінбен.
Тоғынды сарты нар жегіп,
Көш түзедім, өкінбен.
Ту құйрығы бір тұтам
Тұлпар міндім, өкінбен.
Туған айдай нұрланып,
Дулыға кидім, өкінбен.
Зерлі орындық үстінде,
Ақ шымылдық ішінде
Тұлымшағын төгілтіп,
Ару сүйдім, өкінбен.
Бүгін, соңды өкінбен,
Өкінбестей болғанмын.
Ер Мамайдың алдында
Шаһид кештім, өкінбен!..
 
 
Озушылар, озмаңыз,
Озсаңыз, бізім бетке бармаңыз!
Бізім бетке барсаңыз,
Есақай, Қосай – екі ұл
Алдыңызға жыр құшақлай
Жылай шықса, не айтарсыз?!
Оларға айтарыңыз сол болсын:
Жәмішіден қос айтып,
Жараға мамық тосатып,
Келе жата дегейсіз.
Ол айтқанға тимесе,
Бұрынғылар түскен жүрі жол
Бұрылып оңға түсті дегейсіз!.
 
Доспанбет Азаулы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *