Мен сені қашан көрдім,
білесің бе?
(Еріксіз осындайда күлесің де).
Тәтті бір түстей болып,
содан бері
бәрі де ұмытылмай жүр есімде.
Бір шоғыр жұрт ішінде,
сері кілең,
Отырдың айрықша беріп рең.
Басылып сонадайдан көзіме оттай,
атылған сезім-оқтай көрініп ең.
Мені де кіріп-шыққан – баласынбай,
сондағы сұстана бір қарасыңды-ай!
Тұр едің дуылдасқан топ ішінде
Алатау үстіндегі дара шыңдай.
Артыңа содан бері қара салмай,
келесің қылаң елі аласармай…
(Кеудеңе құлар едім қазір барып,
Қайтейін,
ауыл алыс,
ара шалғай!)
…Дарымай миымызға бірі ақылдың,
басталған содан кейін сұрапыл күн.
Мақтан да болушы еді көңілімде, –
жатқанда құшағында ірі ақынның!
Алаңдап айналаға, сан дүбірге,
қаншама атырушы ек таңды бірге,
Қайтейін, бара алмадым дауға бірақ,
амалсыз аулағырақ салдым ірге.
Кім білсін,
көрінді ме жыларыма
атыңды жаздырып ап тұмарыма,
Өзіңнен басқаны мен білмейтін ем,
ел сөзін ілмейтін ем құлағыма.
Тірлікте тез бөгеліп,
тез көнерген,
Иығың озық еді-ау өзгелерден.
Шарқ ұрдың көңіліңде болмай дамыл,
Мен сені сондай да бір кезде көргем!
Сәкен Иманасов