Жүрген жоқпын құла дүзде, елсізде

Жүрген жоқпын құла дүзде, елсізде,
өлмеспін деп ойлап едім Сенсіз де…
Ақылыммен жеңе алмадым және де
көне алмадым ойға қонбас жөнсізге.
Ішкені – ірің,
желім болып жегенің,
өзге түгіл, өзің білмей себебін,
қамығарсың, жабығарсың, ақыры
маған келіп шағынарсың деп едім.
Жарқыраған жұлдыз болу орнына,
аяқ-асты айналып бір сорлыға,
жыл өтпей-ақ сағынарсың деген ем,
екеумізді екі айырған жолды да.
Сен болмасаң қараң қалар деп пе едің,
деп те, шіркін, қаншама бір сөкпедім.
…Содан бері сулар ағып қаншама,
өтті-кетті көкалалы көктемің.
Сен бақытты бола алдың ба?
Кім білген…
…Көкірекке орнап алып мұң бірден,
әлі күнге бір өзіңді аңсаумен,
аңсай күтіп шаршаумен-ақ жүрмін мен!
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *