ҮШ ӨЛЕҢ

1
 
Алматыдан бұйырарда татар дәм,
ақсақалды атамыздан бата алғам.
Жанға мені теңгермейтін жарықтық;
«Бар, шырағым,
қалма, – деді, – қатардан!
Өзің таңдап тұр екенсің төтеңді,
бар, шырағым,
тілегіңе жет енді,
қайда жүрсең –
«аман бол», – деп, – әрдайым,
«адам бол!» – деп көңілімді көтерді.
Арманыма жеттім бе әлде, білмедім,
азырақ па қармағыма ілгенім,
Жыладым ба,
құладым ба, –
атамның
ақ батасы құлағымда жүр менің.
Өмір мені қанша дүрмек, қосты үнге,
жұрт қатарлы таза тірлік кештім бе, –
тасада күн өткізбедім, әйтеуір,
қиянат та жасамадым ешкімге.
Құр, әйтеуір, қалмайын деп құрметтен,
санат іздеп санамадым күнді өткен.
Әлдекімше әлектеніп, ағайын,
дәметпедім даңғазалы дүрмектен.
Аузыма да қаратпадым елді мен,
менікі де бола қоймай төр кілең,
азырақ бір ашулана бастасам,
атамыздың ақ батасы берді дем.
Ата сөзі бермейді ғой текке дем,
армандарым бар да шығар жетпеген, –
Аман болсам… көрер едім қалғанын,
Адам болсам,
Адам болсам! – деп келем.
 
2
 
Алматыға жүрейін деп жатқанда,
тапсырумен «жасағанға», «жаппарға»,
шешем мені айналды да толғанды,
дастарқанын жайды алдыма ақ таңда.
Төңіректен таңдап-тауып елді сай,
қайда жүрсе, – көкірегі көл кісі-ай!
Әлімізге қарамай ет асатып,
бәрімізге өз қолынан берді шәй.
Күнде сұрап қыңқылдайтын барлық ұл
бар мәзірін ақтарды да салды бір.
«Бол-болдаған», – әкемді де тоқтатты:
«Дәмнен үлкен емессің, – деп, – сәл кідір!»
Үйіріліп жүре берген таңдайда,
бұрқыраған сол бауырсақ, нан қайда?
Қапшығыма жатты дәмін тыққыштап:
«Бәрі керек болады, – деп, – шалғайда.
Жорытқанда, ұлым, жолың болсын,
жолдасың
Қыдыр болсын, –
қайда жүрсең қолдасын!
Бізді, бәлки, ұмытарсың, қарағым,
туған жердің дәм-тұзы ұмыт болмасын!
Бұл әкемнің таудай талап, ойы бар,
еркеліктің қалар бәрі, қойылар.
Тілеуіңе жетесің ғой,
дегенмен,
үйден ұзап кетесің ғой – тойып ал!
Өз үйіңнің ұмытпа, – деп, – дәм-тұзын!»
Жанқалтама нан да салды жарты үзім.
Нені ішіп,
Не жеу керек екенін,
өз қолымен жазып берген бар тізім.
Ақ тілеуі көкіректе жатталып,
елден ұзап кете бергем, аттанып.
…Қай жақтарды шарламайын,
күлуші ем
қалтамдағы анам жазған хатты алып.
Ғұмырыма жетерліктей бар тізім,
көкейімде наны да жүр жарты үзім.
…Ана сүтін ақтағаным, деп білем, –
ақтай алсам туған жердің дәм-тұзын!
 
3
 
Алғаш рет аттанарда елден мен,
жолығуға барып едім жеңгеммен.
әзілімен іліп-қағып, аймалап,
ол да менің көңіліме жел берген:
«Тетелесім, таудай болсын талабың,
Жоламасын пәле-жала, нала-мұң,
тіршілігің үлгі болып осы елге,
бір сұлуын жетелей кел қаланың!
Бұрынғыдай бұра тартып, бәлденбей,
бір сұлуды жетелей кел дәл мендей!
Кім біледі, – дейді жеңгем жұмсарып, –
ертең бізге жүресің бе әл бермей?
Махаббатты – бір-ақ үзер гүл десең.
Жан азабы – жар қадірін білмесең,
жаны пида жақсы қызды жәбірлеп,
жанарыңа жәутеңдетіп жүрме сен!
Болып көрген пендеміз ғой біз де қыз,
алқа тағып,
алтын моншақ тізгеміз,
текті жұптан айырмасын тәңір деп,
көп қызықтан күдер-үміт үзгеміз!
Алдануға, алдауға да жұрт үйір,
алдарыңда қаншама алыс тұр қиыр! –
деп, – шошына жалт қараған сондағы
жанарыңнан жас көріп ем бір түйір.
Қашан болсын елге жайлы, төрге бай,
шынашақтай шыр-шыр еткен жеңгем-ай,
Сенің нәзік жүрегіңді ұғардай,
ол кездерде ес бар еді менде қай!
Көкейіңді кейін барып түсіндім,
түсіндім де, күмілжідім, қысылдым.
Әлі менен «қорқасың» ба, жеңеше-ай,
ортасында үш бірдей қыз, үш ұлдың?
Алыстады ауылым да, аулам да,
тіршілікте түсті басым сан дауға.
Әлі күнге тырысып-ақ келем мен
ойлы қыздың обалына қалмауға.
Сен айтқандай кісі болып мен енді,
болашаққа бұрған шақта кемемді,
саған қарап бағалаумен келемін
ар қадірі,
жар қадірі дегенді!
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *