Тіршілік тәртесіне жегілгелі,
көрмепті еркелетіп өмір мені,
Қаншама епті зәлім төкті зәрін,
сорайып шыға келіп кеңірдегі.
Қапталдан қалмай үріп қырсық түрлі,
қаншама жүрегімді түршіктірді.
Илеп те жүрді мені,
«сүргіледі»,
Көрместен қолындағы ұршық құрлы.
Жүрсем де серісініп, перісініп,
көрген жоқ өмір маған төр ұсынып,
Келеді обыры да,
содыры да,
қайдағы тобыры да – тегіс ұлып.
Тағдырдың маңдайыма, тегі, менің
жазғаны осы ма деп келіп едім,
жәбір де көріп едім бір шіріктен
сонда да тіршіліктен жерімедім.
Жұлдызым жанбады ма бүгін менің,
өмірден оған бола түңілмедім,
Көрсеткен қорлығы үшін,
зорлығы үшін,
тірлікке таяқ ала жүгірмедім.
Шамалап,
«шайтанның» да азғырғанын,
өмірді, оған бола, жазғырмадым.
қаһарлы қыспағы ма,
дұшпаны ма, –
өзгертпей, өлеңімде жаздым бәрін.
Тал түсте төбемізден жай ұрғаны, –
қаншама қайығым да қайырлады, –
Ешбірі тіршіліктен түңілдіріп,
баяғы сенімімнен айырмады.
Десек те бір адамға обал-дағы,
әйтеуір, өмір мені көп алдады,
Желігім, сөйте тұра, басылмады,
сенімім оған деген жоғалмады.
Атақ,
Даңқ,
тәтті рахат кім тілемес,
қайтеміз,
соған бола жыртып өңеш,
Қонбауы маған да кеп бір бақыттың,
болмауы бір жақсылық мүмкін емес!
Сәкен Иманасов