Мені де күндеп, біреулер жоғарыға
домалақ арыз жазатын көрінеді. Қарадай
күйелеп, жала жаппақ болады. Сондай бір
арызға жауап қайтаруға тура келіп еді…
Ақпанға айналдырып тамызымды,
бағатын көрінесің әр ізімді.
«Ағайын», салсаң еді сөзге құлақ,
әріге жиып қойып арызыңды.
Жылқым жоқ жусап жатқан жықпылдарда,
апыр-ау, ақыңды жеп,
шықтым ба алға?
Немесе,
елеген бір,
жебеген кіл
қолтықтан демеген бір мықтым бар ма?
Несіне жауығады жаттай бәрі,
бетімнен күні-түні қақпалайды, –
Керек пе
таңдайымнан жыр төгілмей,
біржола маңдайымнан бақ тайғаны?!
Басыма үйіп-төгіп бар кінәні,
«ағайын» келеді екен аңдып әлі, –
бұл қашан бүлінер деп,
сүрінер деп,
тірліктен түңілер деп…
қалғымады.
Алдыма түсіп алып, құйтың қаға,
етпек пе күлкімді – күл,
ұйқымды ада,
талайын дарындының күйелеген,
«ағайын» арызының сыйқын қара:
«Қалайша жұрт аузында жүр өлеңі?
Тиын ғой түні бойы күрегені.
Мен білсем, сүйенетін біреуі бар,
әйтпесе, кімге сеніп шіренеді?»
Ал енді…
жылайсың ба,
күлесің бе, –
(біреуі сондайлардың жүр есімде),
Бұйырмай келе жатыр десем бе екен,
өзіме тиесілі үлесім де.
Өсекші өтіріктен қымсына ма?
(жымиып жастар жағы,
күлсін аға,
әзірге келе жатыр,
десем бе екен,
бұйырмай қомақтылау бір сыбаға?!)
Үркітіп өлерменін,
өзімшілін,
болады-ау бекер ғана сөзім шығын.
Айыпқа мұның бәрін санап әлі,
ойнатып қарар әлі көз ұршығын.
Қасыңа күні-түні жүрмес еріп,
апыр-ау, қайсысымен күндес едік? –
Күле ме,
сыртымыздан сөз боратып:
«Бұ неме шалқиды, деп, кімге сеніп?»
Біреуін жақсылардың күндедім бе,
тиді деп сұрамадым жүлде кімге.
Ендеше, ағайынның қимағаны –
тынымсыз тірлік кешіп жүргенім бе?
Барсақ та бұрынғыдай біз далаға,
жүрегі біреуінің сыздап ала
жөнеліп,
аңқылдап бір күлгеніңді,
жер басып жүргеніңді қызғана ма?
Бұл күнде жұрт аузында жүрсе өлеңім,
әзірге сол емес пе бір сенерім.
Ешкімге емінбеген,
телінбеген
баяғы көңілімді білсе менің!
Талай бір танымайтын дарынға да
жүгіріп жүрем әлі жанымды ала.
Сүйенсем – –
осыларға сүйендім де,
әзірге сенетінім – арым ғана!
Сәкен Иманасов