Уақытпен сырласу

 
Сонымен…
Елуіңе біз де келдік,
қар басып елу рет, күз де көрдік.
Кеудеден үміт үні бір арылмай,
жүріппіз күні-түні іздеп ерлік.
Енді-енді бір биікке жетеміз деп,
жүріппіз тура барар төтені іздеп,
Көбіне көңіл, шіркін, тоймады да,
қыза да қоймады ма шекеміз көп?
Кімге айтам, бұрынғыдай сұстың азын,
ентелеп езуіме түсті ме әжім?
Еркелеп, еліргенге болдық па мәз,
ертерек көлімнен де ұшты қазым.
Азайып білегімде бұла күшім,
жеткізбей әлі қанша жүр алысым,
бар шығар өзімнен де,
төзім кем бе, –
көбіне, Уақыт, сен де кінәлісің!
Көрмесе көңілім де сергіп әлі,
көбіне, қайран күндер, сен кінәлі.
бар еді қанша арманым,
аңсарлы әнім,
қайтейін, жеткізбей-ақ келді бәрі!
Қарасам, –
түгім де жоқ тапқан бүгін,
жатыр-ау
жаңғырта алмай жақпарды үнім, –
біртіндеп бойдағымды,
өткен күндер,
білінді-ау алып қалып жатқандығың.
Ғұмыр да қызықтырып,
құрғыр, кешкен,
кейде бір айырылып тұрдым ба естен, –
бір-бірлеп алып қала беріпсің-ау,
Уақыт,
бойдағымды білдірместен.
Азайып бойда маздар өртім бар күн,
алдымен еркімді алдың,
көркімді алдың,
Шығатын шайқас десе ұрып төсін,
шығардың сілікпесін өр тұлғамның.
Сиремес қалай ғана шаш та қалың,
сүйремес бізді алысқа асқақ әнің.
Білінді енді келіп,
денсаулыққа
ақырын қол да сала бастағаның!..
Бұл күнде қызға деген қырым кеміп,
бүлініп,
бұрынғыша жүгірмедік.
көңілім бірте-бірте суыды ма,
қойдың-ау буыныма діріл беріп.
Тасырқап,
Тайбурылым шалдықты ма,
даусым да бұрынғыдан қарлықты ма, –
білдірмей алып келе жатқан бәрін,
Уақыт, сенде ғана барлық кінә!
Әлі де алатының аз ба менен, –
тумайды бұрынғыдай маздап өлең,
кешкілік түздегі арай солған тартып,
ойысқан күзге қарай
жазда келем!
Уақыт, демесем де сорым қалың,
бұл күнде сенің ғана қолыңдамын,
әзірге өрісім – мал, жемісім – бал,
біртіндеп ала берші соның бәрін!
Ақ пейіл ағайынның көңілі бар,
қайтейін,
жеңе алмаса сені бұлар.
Тақырға отырғызып мені бір күн,
қаласаң, жүрегімнің желігін ал!
Әлі де өзгермеген өз үнім бар,
сырғалы сұлуларға сезімім бал.
Әрдайым алдаспандай жарқылдайтын,
мәңгілік сарқылмайтын төзімімді ал!
Мін бар ма мінезімде, не тұлғамда –
оны да ал –
ойға батып отырғанда:
ноқтала, керек десең, өр көңілді,
тек қана –
кеудемдегі отымды алма!
Қаласаң –
енді қалған шашты аларсың,
тиіспе,
ауыр ойлар баста қалсын.
Бәріңе шыр-пыр болған жүрегім бар,
жолауға –
өзің де оған жасқанарсың.
Көндік біз – күн мен түнің жиі алмассын,
өзің де тездетерсің,
ұялмассың,
барыма жармассаң да ашық әлі,
арыма
ешқашан да тие алмассың!
Түссе де тіршіліктің қысы бүгін,
сөзімді саған айтар түсін, ұғын:
алсам деп, әуреленіп жүрме бекер,
көрге де бірге кетер кісілігім!
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *