Айта жүрер кемелдік-кеңдігіңді ел

Айта жүрер кемелдік-кеңдігіңді ел,
Жақсы болып тұрсың ғой сен бүгіндер,
Сөз де ерер-ау,
Біреулер өзгерер-ау,
Жаман болсаң –
ағайын неңді күндер!
Көсіліп те кете алмай
Сендерге еріп,
Күңдер біреу
Күтпеген жерден келіп,
Адам деген қызық қой –
Кейде өзінің
Иттігін де жүрмей ме елден көріп!
Жақсы-ақ болшы баспайтын жалғанға аяқ,
Жағымпаздар жармаспай –
Қалған ба аяп?
Бақталастар шығар-ау бір жағыңнан,
Бар қызығын сен тартып алғандай-ақ!
Отырғанға
Өзіңнен бұрын күлмей,
Кетерсің де көбінің сырын білмей…
Жақсы жігіт болып-ақ тұрсың бүгін,
Жақсы қылып қойса егер…
Сүріндірмей!
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *