Осы тұс па деп тұрмын бұрқырар шақ,
Қасымнан кетпеші тек бір түн алшақ.
Көңілдің бұлтын аңсап жүріп алдық,
Біресе көңілдірек күлкіні аңсап.
Сұр қанат сусылыңмен желпи кел де,
Сезімге жеңіл-желпі елти берме.
Қоғадай жапырылып жатсын бәрі
Бір шеттен дауыл болып сен тигенде!
Арғымақтай арының кеш үдеткен,
Екпіндеп кете бер де осы бетпен,
Жалғанды жалт қаратшы
Найзағайдай,
Аспанда сатыр-сұтыр жосып өткен.
Асқақтап,
Айнала өктем жайды ұқтырып.
Қарамай,
Қарсы келсін қай «мықтылық»,
Тұршы бір дос төбесін көкке тіреп,
Жүрегін дұшпаныңның шайлықтырып!
Көшкіндей құзар құздан сырғып өтіп,
Жетші бір, жарықтығым, жырды үдетіп,
Найзадай тік шаншылып тұрып алшы,
Жібімес жүректерде дір-дір етіп.
Өзгеге ес жиғызбас қарқын алып,
Өзендей ағыл-тегіл сарқыла ағып,
Жүректі шымырлат та, шыңылдат та,
Сезімді шыңыраудан тартып анық.
Өзіңді енді ғана танығандай
Қуанып жатсын жұрттың жаны қалмай,
Қалсын дұшпан, алаңдап әр ауызға,
Аңырып…
Не болғанын әлі ұға алмай.
Көптен-ақ осы әуендес жыр аңсадық,
Қайырылмай қайда жүрсің қыран-шабыт?!
Ұйтқытып ел үстінен өтсең-ай бір,
Он жетінші жылдарға ұранша ағып!
Сәкен Иманасов