Апыр-ау, өң бе, түс пе бұл?
Сен ғана бүгін боп қайғы,
Көрмесем бір сәт –
Құс-көңіл
Сағына сені жоқтайды.
Көрмесем бір сәт, арман-ай,
Іздегім келер аттан сап.
Балбырап тұрған бар маңай,
Сонау бір ыстық шақты аңсап!
Көсіле сілтер қырды аңсап,
Сусылдап ұшқан қыранша-ақ.
Елжірей құшып тұрған шақ,
Кеудемде бір күн ұран сап.
Асаудай қырда аққан шақ,
Жатқан шақ салып жан бүлік.
Өзіңді тұңғыш тапқан сәт,
Атқан сәт алғаш таң күліп.
Көңілде қалмай енді алаң,
Құшақта құстар түрлі ән сап.
Қалтқысыз сеніп сен маған,
Қосыла самғар күнді аңсап.
Өртене жаздап тұрған шақ,
Балқып бір балқып… нана алмай,
Құшақта мейір бір қанса-ақ,
Айырылмай қатып қалардай…
Білмеймін, өң бе, түс пе бұл,
Дауасы қандай бар тынар?
Көрмесем бір сәт –
Құс-көңіл
Сол шақты жоқтап шарқ ұрар.
Сәкен Иманасов