Көктем де келеді, келеді,
Желбіреп желегі.
Пенделер жасаған ұяттан,
Күн көзі өртене береді.
Ағытып ақ сырма құрсауын,
Қашады тау жаққа «сұм шалың».
Мендегі құштарлық лебіндей,
Бұрқырап жатады жусаның.
Шылбырын ұстатпай жыл – ағын,
Зымырап барады пырағым.
Өзен боп күркіреп жатамын,
Гүл болып үлбіреп тұрамын.
Сезем де сезімнің шалқуын,
Жайымды айтпастан, алтыным,
Отырам қызықтап мен бақта,
Қайыңның аппақ жас балтырын.
Дөңгелеп төбемде нəсіп күн,
Тұрады сəулесін шашып мың.
Əйтеуір, бір мұңға жерікпін,
Əйтеуір, көктемге ғашықпын.
Арылып уайымнан мың батпан,
Қараймын бөктерге гүл жапқан.
Аспанға айтамын бəрін де,
Ақынға айқайлап тіл қатқан.
Көктем де келеді, келеді,
Желбіреп желегі.
Алғашқы жасынның жарқылы,
Жаныма ұялай береді.
30 сəуір 2001 ж.
Мұрат ШАЙМАРАН