БАСЫЛМАЙ ЖҮРГЕН ШӨЛІМ БАР

Басылмай жүрген шөлім бар,
Қанып ап шым-шым шұбатқа.
Көкейде – күмбір, көңілде – əр,
Отырар ма едім шуақта.
Дүние мынау дүбірлі,
Аулақта қалып, аулақта.
Қайғысыз-қамсыз күнімді,
Табыстап жасыл аумаққа –
Отырар ма едім мен, тегі,
Əлдебір үнге елеңдей,
Күнменен бірге өртеніп,
Күнікей қыз жетіп келердей.
Жауласа менің кеудемді
Жусанның иісі, жарықтық!
Ақындық, даңқ дегенді,
Жіберсем бірден тəрк қып.
Төсінде сағым билеген,
Күн батса, мұнда таң атса.
Атам бір шерткен күйменен,
Үзіліп бірге баратсам….
7 мамыр 1991ж
 
 

Мұрат ШАЙМАРАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *