Құшағына ап дауыл,
Тебіренді ой шіркін.
Ертең ерте шабуыл
Ұйықтамадық сол бір түн.
Терістіктен жел тұрды,
Таң сарғайып берді сыз.
Жан жадырап желпінді,
Біткендей бір күш белгісіз.
Кезеулі мылтық ұсынып,
Кезең туды кек алар.
Түлектерін ұшырып,
Тұрды қарап генерал.
- Волхов майданы
Жау оғынан бораған,
Жасырады жермені.
Айнала оттан ораған,
Жасырады жермені.
Өмір отын жандырған,
Сол жер үшін жан құрбан!
Ендігі үйім жерменің,
Ашық аспан астында.
Қарсы жүріп келемін,
Қаптаған сел тасқынға.
Жерде менің жеңісім,
Жауға атылам жер үшін!
С. Мәуленов