Бір жиында бір ақсақал ағамыз бетімен сөйлеп, әркімді бір кекеп-мұқап, ғайбаттап, мазақ қылып, арасында бәдігін сапырып отырыпты. Өзі кезінде үлкен қызметтер атқарған, кейіннен қажыға барған кісі екен. Онымен кім тайталасып жатсын? Жұрт үндемеген сайын әб-ден көсіліп: «Менің тілім ащы, сұғып алсам, тиген жерін сойып түсіреді!»–деп, біраз жерге барып қайтса керек. Сонда Баянғали:
Айтайын бір ауыз сөз әзіл үшін,
Ағасы, сен шынымен қажымысың?
Талай жыл хатшы болып, басшы болып,
Құдай жоқ дегеніңе разымысың?
Түлкідей мың құбылған заманыңды
Қажы боп шалып жүрген тазымысың?!
Жиналған осы тойға алқа топқа,
Айтатын жөні түзу сөзің жоқ па?
Өзіңнің жыртығыңды бүтіндеп ал,
Біреудің тесігіне тілің тықпа.
Қажы боп Қағба тасты сүйіп едің,
Аузыңды жүрсің бе әлі былғап боққа!–деген екен.
Б.Әлімжанов