Туған ауыл, таныс соқпақ, таныс ық,
Тағы сенің шулы ортаңа кеп тұрмын.
Бара жатыр жүрек тулап, қан ысып,
Қайда, қайда шұрқырасар көп құрбым?
Шынымен-ақ бәрі ұмытып кетті ме,
Көңілімнен жабырқау мұң тағы ұшты.
Жолдыаяғым арсалаңдап жетті де,
Бір-ақ ырғып құшағыма жабысты.
О, көктөбет, айналайын, көктөбет.
Сен ғана ма ең маған біткен дос адал?
Жаңа ғана тұрған едім өкпелеп,
Құшақтайын, кең кеудеңді тоса қал!
Бір-ақ сәтте білгіздің ғой бағаңды,
Үзім нанды сенен бөлек жемес ем!
Кейбір сенен кем көретін адамды,
Кешіре гөр, кейде саған теңесем.
Сәкен Иманасов