Өткізіп қияметтің бастан бәрін,
Білемін қас жауыңнан жасқанбадың.
Қуантады естіген ерліктерін,
Мұңайтады жат жерді жастанғаның.
Өзегімді өртеп бір күйік алау,
Сағыныштың көз жасы тиылмады-ау.
«Батыр» деген өкімет атағы да,
Ағатайым, өзіңе бұйырмады-ау.
Армандамын, қабірің таба алмадым,
Боздай жоқтап басыңа бара алмадым.
Армандамын, ағатай, қабіріңе
Туған жер топырағын сала алмадым.
Нұр бейнең көптен бері көмескі еді,
Кеше түн ап-айқын боп елестеді.
Кетпесем болмас енді өзің жаққа,
Сағынышым шыдатар емес мені.
Тыным беріп жүрекке, жаныма да,
Тамырда тулап аққан қаныма да.
Аққу болып, айналып аруаққа,
Ұшамын өзің жаққа, жаным аға!
Ақ жүзімді өзіңе қаратайын,
Қош бол, қызым, Дәмелім, балақайым!
Күтіп ал тәрк етіп дүниені,
Аттандым өзің жаққа, ағатайым!
Қарамай туыс, бауыр, жарыма да,
Қарамай мал мен дәулет бағыма да,
Арқалап сағынышымды баратырмын,
Орын сайла қасыңнан, жаным аға!
Кенжеғали Үкібаев