Соққанда дүлей дауылдар,
Шеккенде елім ауыр зар.
Шет кеткендердің ұрпағы,
Біз бармыз мұнда, бауырлар.
Кеткенде заман тарылып,
Табыла қоймай тал-үміт.
Шекара бөлек, шет елге,
Саңлақтар кетті сабылып.
Көрсете қоймай тағылық,
Тағдырға үнсіз бағынып.
Шет елге кеткен шерлілер,
Мұң айтар кімге шағынып?
Сөзі мен ісін салмақтар,
Шет елге кетті саңлақтар.
Ұрпағын сақтау – ұлы арман,
Ниеті емес жан сақтар.
Қырғынға халық шыдай ма,
Не жазып еді Құдайға.
Ұрпағым аман қалсын деп,
Шұбырды-ау Монғол, Қытайға.
Шекара асқан шерлі ерін,
Тағдырдың татып көрмегін.
Аса алмай қапты Қытайға,
Мекендеп Қызыл шөлдерін.
Тексізден теңсіз тепкі жеп,
Тектілер кетті тентіреп.
Қызылдың іші-қия шөл,
Сол елге болдың сен тірек.
Шекара бөлек шет елге,
Шерулеп сірә ел кетер ме?
Атамекен деп жар салған,
Дауысы елге жетер ме?
Атамекенді аңсаған,
Аңсайды жүріп шаршаған,
Талшығы болып сол аңсау,
Арманда кетті қанша жан?
Арманда кетті қанша жан,
Солардың бірі – жан бабам.
Бабадан қалған тұяқ ем,
Аталар жұртын аңсаған.
Ақшагүл Төлегенова