Әкем өлді. Жылай-жылай жұбандым,
Кінәлі деп айта аламыз бұған кім?
Ештеңе де өзгерген жоқ, бәрі сол,
Әке, тегі, сен өлмеген шығарсың.
Тірліктегі теңдесі жоқ тірегім,
Дертіңнің біз таппадық-ау бір емін.
Сырт дүние баз-баяғы қалпында,
Не болса да «көріп» жатыр жүрегім.
Бар баладан мені өзіңе жақын ап,
Сырласаушы ең, әр сөзімді мақұл ап.
Қиыс қадам басуға мен қорқамын,
Тұрғандай-ақ сен аспаннан бақылап.
Кеткеніңе көндіге алмай әлі күн,
Жалғыздықтың тартып жүрмін жәбірін.
Күннен-күнге өзіңді ойлап езілем,
Енді-енді білініп бар қадірің.
Есітпедім сенен ешбір кейіс үн,
Ешкімде жоқ өзіңдегі мейірім.
Сен кеткелі, басылғандай думаным,
Сен кеткелі тарқағандай сейілім.
Оңашада, басқа жұрттан бекініп,
Сағыныштан сан жыладым өкіріп.
Әке, сені сағынғаным ақиқат,
Одан басқа барлық тірлік өтірік.
Әкем өлді. Жылай-жылай жұбандым,
Кінәлі деп айта аламыз бұған кім?
Ештеңе де өзгерген жоқ, бәрі сол,
Әке, тегі, сен өлмеген шығарсың.
Ақшагүл Төлегенова