Өсиет терме

Ау халқым, тыңда сөз басын,
Жүрегім толғап жырласын.
Сөзімнің мәнін түсінген,
Болады жақын сырласым.
Тұрғанда сайрап қызыл тіл,
Айтқаныма құлақ түр.
Жақсыға жақын болсаң да,
Жаманнан жаным жырақ жүр.
Көбірек жасқа айтқаным,
Алды-артыңды байқағын.
Серік қылып алмағын,
Жаман мен жалған шайтанын.
Жастықтың білем аты асау,
Желден де жүйрік шабатын.
«Мыңнан бір тұлпар» дейді ғой,
Мәресін анық табатын.
Білмесең өзің шамаңды,
Жақсы менен жаманды.
Білгенге құлақ салған жөн,
Түсінбесең заманды.
Ажырата білген жан,
Адам менен наданды.
Пәлекет аяқ астында,
Дұрыс таста қадамды.
Бойжеткен мен бозбала,
Тулаған асау жастасың.
Қызығып қылған тірлігің,
Ар-ұяттан аспасын.
Ар сақтаған адал жан,
Өмірде орнын табады.
Арсыз бенен ұятсыз,
Ата-анасын алдаумен
Бетіне перде жабады.
Өмірдің талай өрнегі,
Тоқылмаған алдыңда.
Таңдардан алдың дұрысын,
Ой таразыға салғын да.
Үлкеннің тыңда ақылын,
Кем болмайсың қашанда.
Өзіңді жақсы көрсетіп,
Жұрт алдында жасанба.
Халқың берсін бағаңды,
Өзіңе нарық қоймағын.
Өзіңнен гөрі өзгенің,
Көбірек жайын ойлағын.
Нұрлан Тотанов
Көпшіліктің ішінде,
Шықпасын тегі айқайың.
Жанжалға құмар адамға,
Шарбағыңнан шайтанның,
Шаң-тозаңды жай дайын.
Айналайын жастарым,
Сөзімнің түсін астарын.
Тоқпын деп тойып секіріп,
Жығылғаннан жақсы ғой,
Жүргенің тыныш аш қарын.
Сауапты істен қашпасаң,
Аларсың құдай сауабын.
Жамандық қылып біреуге,
Тимесін азап залалың.
О, дүниеге барғанда,
Естисің мәнкүр сауалын.
Қиналып сонда жүрмегін,
Табалмай сауал жауабын.
Көкте тұрған Құдай-кең,
Бәрін де көріп байқайды.
Шариғаттан шыққанға,
Қапа боп басын шайқайды.
Қайтпасаң шайтан жолынан,
Не келер деп қолыңнан,
Сені ме деп бір алла,
Ажалдың хатын жолдайды.
Хат келеді бір күні,
Оны да өзің білмейсің.
Мағынасы біреу-ақ,
Жер бетінде жүрмейсің.
Шайтанның тілін алғансың.
Жәннәт түгіл ол жақта,
Тозаққа да кірмейсің,
Ол дегенің түсінсең,
Ақырет күні болғанда,
Адамдар саны толғанда.
Ағайын мен туыстың,
Біреуін де көрмейсің.
Ау халқым, енді тоқтайын,
Осының өзі жетеді.
Жырлай берсем жырым көп,
Мезіңе тиіп кетеді.
Өсиетке бас бұрған,
Сынағынан Алланың,
Сыр берместен өтеді.
 
Нұрлан Тотанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *