Ал, халқым, тыңда енді жырдың мәнін,
Жыл келді-ау жүрегімде жыр қозғайтын.
Талайдан көңілімді жыр кеулеген,
Тастайын енді ортаға ойдың бәрін.
Замана түлкі болып тұрған шақта,
Әр түрлі ой келмей ме адамзатқа.
Тұрғанда тілім сайрап мен сөйлейін,
Сөзімді ұмытпастан есте сақта.
Болсыншы бұл жалғанда қанағатың,
Жүректе мейір менен шапағатың.
Жарлыға жанашырлық білдірмесең,
Жаманның жайлауынан шықпас атың.
Ойлама өз басыңды менмендікпен,
Талайлар дүние қуып өтіп кеткен.
Мейір мен шапағаты жоқ жүректер,
Жаны жоқ бөз қаптаған өкпемен тең.
Көңіл бөл, көңлі жарым адамдарға,
Қол ұзат өзгелерге шамаң барда.
Өзінен төмендерді табалаған,
Білсеңіз тән қасиет надандарға.
Асқынба дәулет-малың асса-дағы,
Байлығың тас төбеңнен тасса-дағы.
Шүкір қып мүсәпірге бергін зекет,
Шартынан шариғаттың қашпа-дағы.
Исламның ұғып алып тәлімдерін,
Бас иіп барша адамға сәлем бергін.
Жүргенмен өзгелерді елеместен,
Бәрі бір, о дүние барар жерің.
Сондықтан мейірімді бол шапағатты,
Болмасын тілің ащы, қолың қатты.
Сынамақ үшін Алла жаратқан ғой,
Бес күндік бұл жалғанда адамзатты.
Көңіліңе түй керегін бір ойла да,
Тәубе қыл жүрегіңде жаның барда.
Келгенде ажал алып Әзірейіл,
Тіліне келмей қалар «Кәлима»да.
Алланың берген мейір, шапағатын,
Өзіне шын қасиет етіп алғын.
Жете алмай жүрген мақсат-арманыңа,
Халқым-ау, осы биыл жетіп алғын.
Нұрлан Тотанов