О, Наурызым!
Жеттің ғой сағындырып,
Сағындырып,
Көркіңе табындырып.
Жандандырып,
Жаңартып бар ғаламды,
Көк майсаға жер бетін малындырып.
Шапағатын Наурызым аямады,
Нұрға бөлеп, әлемді аялады.
Мәуе гүлдеп,
Мал төлдеп,
Көңіл шат боп,
Жер құлпырып,
Табиғат жаңарады.
Наурызым, жылдың басы,
Ұлыс күні –
Мерзімнің теңеледі күн мен түні.
Бұл күндері жадырап жас пен кәрі,
Шығады шартараптан шаттық үні.
Халықпыз қадірлейтін ата жолды,
Істейміз ұлы күні – «қазан толды».
Ұлыста жанұяға ырыс тілеп,
Ақ бата береміз ғой жайып қолды.
Көнекөз қариялар көпті көрген,
Олар да қаужыңдасып тойға келген.
Бәрекелді!
Көп жаса!
Кім болдың? – деп,
Сұрасады жастармен сәлем берген.
Халқым-ау,
Құтты болсын ұлыс тойың!
Жүзеге ассын асыл, асқақ ойың!
Наурызым жақсылықтың жаршысы боп,
Тойлайық жарқын жүзбен Наурыз тойын!
Төребай Сәрсенбаев