Қасқабастар

      1992  жылы  Краснофлот  селосының  тұрғындарымен  кездесу өткiзуге бардық. Қасымызда Болат Бекенов ағамыз бар, Баянғали үшеумiз*

* Ақынның әңгiмелерiн жазып алған журналист Төлеу Дүй-сенбаев. Шаруашылық директоры Байқаш Төлебаевтың кабинетiне кiрiп келсек, қарсы алдымызда Лениннiң кiсi бойындай портретi қабырғаға сүйеулi тұр екен. Байқаш ағамыз (өзi де қасқабас) iлулi тұрған портреттiң өз-өзiнен құлап түскенiн айтты. Кездесуде мұның бәрі өлеңге айналды:

Алдында ағайынның өлеңдетем,

Сөзiмдi желпiлдетем, тереңдетем,

Бағана келген кезде қарсы алдымнан

Жарқырап бiр қасқабас шыға келдi,

Байқаш ағам екен десем,Ленин екен!

Байекең Темiртаспен қос қасқабас,

Жөкей-дөкей дегенiңүш қасқабас.

Шәужан мен Бекеновты бұған қоссаң,

Болмай ма осыменен бес қасқабас.

 Ескiрмес ежелгiнiң елесiндей

Сөзiме туған елiм сенбесiнбе, ей,

Осында Краснофлотқа келе қалсаң,

 Қаптаған қасқабастың көрмесiндей!

Сөзiмдi ағайындар ұғар деймiн,

Көңiлiн шындық сөзге бұрар деймiн,

Iлiнiп қабырғаға Ленин атам,

Тұрудан да шаршаған шығар деймiн.

Ағайын, түзу жолға оралайық,

Жабыса берсек оған болар айып,

Мазалай бермеңiздер Лениндi де,

Оны да пенсияға шығарайық!

Кiсiге табынуды бекер деймiн,

 Табынсаң қасиетiң кетер деймiн,

 Лениндi мазалама, Краснофлотта

Онсыз да қасқабастар жетер деймiн!

Тағы да бiраз өлеңдер айта келiп, совхоздың бұрынғы парторгы, мектеп пен институтты орысша бiтiрген Ермек Ысқақовқа қарата былай дедi:

Ермектi мен iнiме балап келгем,

Ауылдас, жақын туыс санап келгем,

 Әкесi Зейнолла ағам, қайран ұстаз,

Бiздерге қазақ тiлiнен сабақ берген.

 Сөйлеймiз әр нәрсенi салыстырып,

Халқыма жақсыларды таныстырып,

 Қазақша сөйлей бастап Ермек тағы,

Жатыр ғой әке жолын жалғастырып.

 Жатса да талай-талай пiкiр шығып,

Шегiнуге айналды күпiршiлiк,

 Орысша өсiп-өнген парторгтар

Қайтадан қазақ болса, шүкiршiлiк!

                        Б.Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *