Ғұламалар атасы – мұғалімдер,
Гүл шоғырын ұсын да сәлемің бер.
Құдыретіне алыстан ай сығалап,
Күн күлімдеп, құрметпен бас иген жер.
Шағаладай ақ шаңқан жылы түспен,
Бәрін баулып дүниені ілім-күшпен.
Тәрбиелеп басқаның тентектерін,
Өз баласы есіне кейін түскен.
Мейір – толқын кеудеде тулап жатқан,
Әр баланың жүзінде таң боп атқан.
Құлағыңнан тартқанда білінбеген,
Шәкірт бар ма, ұстаздың қолы батқан?
Көкжиектен көрініп нұр боп балқып,
Білім-теңіз секілді жатқан шалқып.
Талай шәкірт – ғұлама шыққан жоқ па?
Солар берген біліммен айдай қалқып.
Әл Беруний, Хорезмий, Ибн Сина,
Жүрген жоқ па, бас иіп кеп сиына.
Сіңіп жатса нұр болып берген дәріс,
Саф алтындай құйылды кеп миына.
Білімменен тұсаулап мыңды жыққан,
Сөзінен келешегін болжап ұққан.
Құр сауған жоқ сананы білімімен,
Биігіне Науай мен Абай шыққан.
Әл-Фараби болған жоқ шәкірт текке,
Аспан сырын үйренді Ұлықбек те.
Тек кетпеді еңбегі ұстаздардың,
Ел риза түпсіз терең Архимедке.
Ол – дария, көркем көл, алтын жаға,
Қиын ғой дәріптеп кеп беру баға.
Өмірде өз шыңына орнығып жүр,
Кешегі ол оқытқан бала-шаға.
Мен шәкірт сол сияқты мыңнан бірдің,
Ізіне түскен терлеп алып жырдың.
Құттықтап арнау айттым іздеп жүріп,
Ішінен таңдап алған жарып бүрдің.
Құлмахан Қалиұлы