Халқыма

Уа халқым, перзентің ем бесіктегі,
Жайдары өскен, ешкімде болмай кегі.
Өзіңсің жолға салған, асыраған,
Көрген жоқ тәрбиелеп шеттің бегі.
Қаз тұрдым, қуаттандым мейіріңнен,
Мен дегенде төгілген болмай шегі.
Жалғасы боламын деп өткен дүрдің,
Қызына жолығыппын қайсар үрдің.
Асау жыр құр-құрласам алыстап тұр,
Тартады намыстанып қабақ кірбің.
Сарқа оят шабытты денемдегі,
Жырмен бірге келеді өмір сүргім.
Көрсетіп жыр керуенін күн ілгері,
Етіңдерші топан жыр мұрагері.
Қашанғы мен тай мініп тепеңдеймін,
Ақан болып ұстатшы Құлагерді.
Иығыма қондырып өлең-құсты,
Беріңдер жасымайтын күш-жігерді.
Кездестірмей тоқырау деген жарға,
Ассаң мейлі ризамын өлең-дарға.
Шабыт бер керегінше шалқып жатсын,
Тартқыласа таусылмас күндес қарға.
Өлеңімді қосыңдар ұлы селге,
Адастырмай жылғадан салмай шарға.
Ұмытылып көз ұшында қалмайын,
Қанат бітіп жыр көгінде самғайын.
Ақ желкен тақ жыр қайыққа мендегі.
Талмай ескек есуіне мен дайын.
Сыңар етші, өгей етіп көрсетпе,
Қарсы алсын баласындай жыр-сайын.
Үмітпенен саңлақтарын жетелеп,
Жыр бәйгеге қосатындар өте көп.
Қарауылдап адастырма, медет бер,
Демеуші бол, мен жетейін төтелеп.
Жыр-жаңбырың қуат болып құйылсын,
Озсам болды жүргендерден ентелеп.
Өзің халқым сүйенерім, тірегім,
Сен барыңда өмірлімін, жүремін.
Ақтау үшін күресейін сенімің,
Берші маған жолбарыстың жүрегін.
Сондай күшпен тарихтағы орныңа,
Қондырамын талмас менің білегім.
Із емес пе келе жатқан көнеден?
Үміттіні жыр бесікке бөлеген.
Артсаң артшы қалдырмайын несие,
Сенгендіктен жалтақтайын несіне,
Болғаннан соң халқым өзің көреген.
 
Құлмахан Қалиұлы
Науай облысы,
Кенимех ауданы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *