Атамекенге

О жарықтық, арманым – атамекен,
Сағыныш сезімі құпия жатады екен.
Қосылу елге – арманның жетегінде,
Аңсаудың қасіреті батады екен.
Бөтен демей бөгде елде туып өстім,
Жұлдызды аспан, көк ала туында өстім.
Әнұранын жаттадым ардақ тұтып,
Көп арманның соңынан қуып жеттім.
Білім алдым, оқыдым еркін өстім,
Ойлаушы ем: «Ешқашанда бөлінбеспін».
Жоқ, Одағым сеңдей боп, бұзылған соң,
Неге бауырым біздерді «бөтен дестің».
«Оралман» деп ат қойдың оралмастай,
Кететіндей шет лағып қадам баспай.
«Бауырым» сөзі бізге жат па сонша,
Біздерді жүрсең қайтед жамандаспай.
Өкінем өксікпенен өткендерге,
Арулап көмдік бәрін жеткен жерге.
Тек тілімде шұбарлық болмаса аздап,
Еш бөтендік көргем жоқ өскен жерде.
Қалқан болма ел аңсап көшкендерге,
Бұйырсын, баққарасын жеткен елде.
«Мың сәлем тұз, дәм татқан жерге» – деген,
Айтарым ата жұртқа кеткендерге.
Жамандама туған жер топырағын,
Тұр әне шайқалмастан шаңырағың.
Өскен өлкең өртер-ау өзегіңді,
Тек бірлікке, бауырым, шақырамын.
Қалмаспыз бөгде жұрттың есігінде,
Қосармыз жаңа әулетті көшімізге.
Туған жер «Алтын бесік» деген бар ғой,
Тербете гөр сол алтын бесігіңде.
 
Қаһарман Бекежанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *