Қызыл өркеш құм шағыл шың боп өспей,
Биіктікке ұмтылар жерге түспей.
Дала әлдилеп, бөбегін бабам қорғап,
Қарт сексеуіл күй тартты көзге түспей.
Күй әуенмен ырғалып дала билеп,
Шаң көтеріп тірліктен түйдек-түйдек.
Далаға деген ұлы махаббатты,
Өз шаңымен даланың келем сүйреп.
Қия қызыл, қиян шөл көлбеп баққан,
Сен ерісең сан төбе бабам жатқан.
Қызылқұм деп ат қойып әулие қартым,
Енкейтіпті кеудеңді жалын атқан.
Жыл жетілді, күн озды сатылаған,
Дүние есігін мен бүгін батыл қағам.
Дала – көңіл тарылып кетпесін деп,
Сый етіпті ұрпаққа батыр бабам.
Сәуірхан Ахметов