Біз бауырмыз

Бірге туған бауырлармыз,
бауырлармыз қашаннан,
Небір заман қиясынан, қол ұстасып аса алған.
Бір-біріне қалқан болған,
қорған болған жандармыз,
Құрсанған жау тап бергенде,
тап бергенде тасадан.
Біз бауырмыз, тегіміз бір, көк түріктен тараған,
Қазақ – іні, өзбегіме өз ағам деп қараған.
Тарихыма қарасаң сен, бірге туған егізбіз,
Еміреніп, қос сәбиін кезек сүйген анадан.
Біз алашпыз, бөлінбейтін ділі де бір, тілі бір,
Алпамыстай батырлықты баян еткен жыры бір.
Азия деп аталатын құрылықпен танылған,
Тағзым еткен қос халыққа,
туған жердің құны бір.
Біз бауырмыз, қуансақ та,
мұңдансақ та біргеміз,
Сыйластықты сый қылам деп,
мына өмірде жүргенбіз.
Ислам мен Нұрсұлтандай дараланған басшылар,
Жүгіріп жүр, қозғалмастай
нық болсын деп іргеміз.
Біз бауырмыз, ей, ағайын, бір анадан туғанбыз,
Салтымыз бір, әдет-ғұрып,
бәрін ұстап тұрғанбыз.
Тойым да бір, беташарым,
көкпарым мен күресім,
Иілуді үйрене бер, бесік ұстап тұрған қыз.
Біз бауырмыз, бөлінбеген іргетасы ежелден,
Дутарда күй, шығып жатты
домбырадан көнерген.
Көрші-қолаң қайдасыңдар,
өзбек тілді достарым,
Мен сендерді таусылмайтын
шаттығыма теңгергем.
Біз бауырмыз, өзбек-қазақ бірге туған егізбіз,
Ынтымақта айтылатын, бауырмалдық лебізбіз.
Амудария-Сырдария боп, қосылғанда қос өзен,
Арал сынды, қос арналы, бөлінбейтін теңізбіз,
…Біз бауырмыз, өзбек-қазақ бірге туған егізбіз.
 
Сәуірхан Ахметов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *