Республика күніне арналған айтыстар Баянғали мен Мұқаш Сейтқазынов(Жезқазған обл. Ұлытау)

Баянғали:

Жүрсем де қиырында кең даланың,

Ағайын, әрқашанда елге алаңмын.

Ішінде финалдағы ақындардың

Ақын емес, жазушы мен ғанамын!

Мен ұқсап Көкшетаудың жартасына,

Отырмын ақындардың ортасында.

Жарқырап финалға да шыға келдім,

Еншалла, қазақ-қырғыз арқасында!

Айтыстың, ағайындар, өткелі көп,

Ақынның арманда боп кеткені көп,

Айтайық оларға біз мың сан алғыс

Бүгіннен жақсы болсын ертеңің деп!

Бәйгені біздің қазақ ұлы іс көрген

Аяғын кейде дау мен ұрыс көрген,

Қазағым бәйге бөліп жүрген кезде

Құр қалып қоймас па екен ұлы істерден?

Егер де ел арасын алыстатса,

Дұрысы–айтыспай-ақ тыныш жүрген!

Ойласам, ел жағдайын аһ ұрамын,

Елімнің найзасы боп атыламын.

Отырған жюридегі қазыларды

Тауына Ордабасы шақырамын!

Уа, халқым, қыран болып самғаңыздар.

Алдыңда талай-талай арман із бар.

 Барғанда әдейі іздеп Ордабасын,

Бір күні орнын сипап қалмаңыздар!

Ағайын, айдың-күннің аманында,

Бүгінгі әділеттің заманында,

Белгісін бірлігіңнің жарып жатыр,

Тастарын салмақ болып табанына!

Ағайын, мен жырлаймын Ордабасын,

Ешкім де киемізді қорламасын.

Көп сәлем Нұрекеңдей ағамызға,

Елімнің берекесін сақтар болса,

Алдымен Ордабасын қорғап алсын!

Ал, бауыр, сен де сөзді жалғап жібер,

Азырақ осы жайлы толғап жібер.

Киелі Ұлытаудан келіп едің,

Сен дағы Ордабасын қорғап жібер!

Мұқаш:Ей, халқым, ақынбысың, батырмысың,

Дейді ғой бізде бүгін ақырғы сын.

Кеше біз келгендей-ақ едік қой, ә,

Ал енді қоштасқалы жатырмысың?!

Ақынға шабыт берер мұндай мекен,

Бұл мекен жыр мен күйге тұнбай ма екен,

Жүрексіп басында біз келсек тағы,

айтарда астананы қимайды екен.

Ал, Бәке, бірге жүріп самғайықшы.

Алған бір мақсаттан біз танбайықшы.

Айтысты күлкі етіп, әжуа етіп,

Бағасын арзандатып алмайықшы.

Алатау менің биік асқарым дер,

Өлеңді ақындары дастаным дер,

Күлетін, әзіл айтар тағы басқа,

Біздерге табылады басқа күндер.

Шындықты ақындардың айтуы шын,

Демеймін сен жігіттің жай бірісің.

Ұлытаудан мен де келген жоқпын осы,

Қалжыңдап сахнада қайту үшін.

Ел жайлы ойланасың, толғанасың,

Кей жайға кейде әрине қорланасың.

Мен қалай тыныш үйде отыра алам,

Ойран боп жатқан кезде

Ордабасым!Ініңмін қатар жүрген қапталдағы,

Бұл шаруа небір жағдай ақтаңдағы,

Орданы бұзып жатсақ, деймін оны

Қазақтың тарихының тапталғаны!

Соңыңа ерген сенің інің босам,

Халқымның аузындағы жыры босам,

Ұлытаудай баба таудан, ата таудан,

Орданы қорғайық деп үнім қосам!

Ау, Бәке, мен өзіңді дос көремін,

Ағаның саясында өскен едім,

 Естідім, өзің айттың мына жұртқа,

Құйрығын ұстап жүрсің қос кеменің!

Жүрсің ғой екі өнерді будан етіп,

Тұрмыз біз сахнаны думан етіп,

Айтқандай атам қазақ қалмайсыңба

Көкшенің бір көліне суға кетіп?!

Демеймін жазушылар жүр азайып.

Жақсылық жағасынан ұзамайық.

Ал бұған не деп жауап береді екен,

Халайық, тыңдайықшы прозаик!

Баянғали:

Өлеңі Мұқаш інім төгілгенде,

Бірақ та оған ағаң сөгілген бе?

Айтысты менен несінқызғанасың,

Мен сенің түскем жоқ қой егініңе.

Ей, ботам, асырмассың амалыңды,

Тілеймін дөйім сенің аманыңды,

Айтысып жүрейін де бір азырақ,

Жазуға үлгірермін романымды!

Айтысқа сенен бұрын келген едім,

Сан түрлі думандарды көрген едім,

Ерікпен айтысқанда баяғыда,

Әй, інім, мен мынадай деген едім.

Меніменен айтысыпНағыз ақын осында

Жүлде алсын деп келгенмін,

Мені көріп кейінгі

Жасөспірім жас бала

Үлгі алсын деп келгенмін,

 Кеудемдегі жалыным

Сөнбесін деп келгенмін.

Айтыс дейтін киелі

Қазағымның өнері

Өлмесін деп келгенмін.

Тоған болған ойларды

Бұздырғалы келгенмін.

Суып қалған қандарды

Қыздырғалы келгенмін!

Айт десеңдер,ағайын,

Жалғансын тағы бұл әнім,

Осы тойға келгенде

Думанын көріп жастардың.

Сүйсініп өзім тұрамын,

Арада өткен бес жылда

Байқап тұрсың,Мұқашжан

Сол кездегі мен айтқан

Қабыл болған секілді

Жаңағы оқыған ұраным!

Еріктей өр інімнің алыптығын,

Анықтап танып отыр халық бүгін,

 Сен оны пірім-пірім деп қоймаған соң,

Қолына құран ұстап, ақ боз мініп,

Қажы боп кете барды жарықтығым!

Ол қазір жүрген шығар жорға мініп,

Өлеңді отырғам жоқ зорға құрып,

 Айтысты менен дағы қызғанасың,

Мені де жібермек пе ең молда қылып!

Жүруші ед Ерік ылғи алып бәйгі,

Өлеңде қыран болып қалықтайды,

Баланы қайтарайық біз айтысқа,

Ол бәрібір молда болып жарытпайды!

Мұқаш:

Отырыс қандай жақсы жарасым, а?

Мен бармын, Бәке, сенің таласыңа,

Сен түсіп кеттің бе әлде, мен білмеймін,

Әдетпен айтатын бір Манасыңа?

Бұл жерде отырған жоқ бала-шаға,

Айтысқа түсем мен де арашаға,

 Егер де ондай ұзақ жырың болса,

Жазылсайшы ертең барып “Тамашаға”.

Білемін неше түрлі өнер елде,

Рахмет, халық деген көрегенге,

Жоғары лигадағы футболшыдай

Кеудеңді мына бізге кере берме!

Баянғали:

Мұқашжан, бөгелген соң ән шықпайды,

 Өзіңді қинағаннан мән шықпайды,

Дұрыс қой мені шымшып сойлегенің,

 Шымшығаннан ешқашан жан шықпайды.

 Мен саған сірә кеуде керген жоқ ем,

Артық-кем мініңді де терген жоқ ем,

Бұл қалай, Мұқаш інім, теріс кеттің,

Ешкімге жала жауып көрген жоқ ем!

Барайын енді сөздің нұсқасына,

Қызып мен шаба берсем күш тасуда,

Жарайды, қолма-қолға біз барайық.

 Қызығад ел-жұртым да қысқасына.

Сен өзің қысқа айтысты аңсадың ба,

Отырсыңтөкпе болып қарсы алдымда,

Кәнеки, бірер ауыз сөз шығаршы

Мына менің, Мұқашжан, саусағыма!

Мұқаш:

Бұл Мұқаш жырын қашан таусад дейді,

Әрине, небір ойға барсақ дейді,

Андағы шошаңдатқан бір бөлшекті,

Байеке, айтып берсем саусақ дейді.

 Бұл Мұқаш небір ойды табатұғын,

Ұйқасқа жеңіл-желпі баратұғын,

Саусаққа әйел жағы сонан кейін,

Сақина жақсылап бір тағатұғын!

Баянғали:

Демессің Мұқаш маған есе кетті,

Бұл айтыс екеумізді шешен етті,

Нұсқаумен, сілтенумен, безелумен,

Бізді құртқан сұқ саусақ десең етті!!!

Баянғали мен Әсия Беркенова(Қостанай обл.)

Баянғали:

Бисмиллә, сөз бастайын сыр ақтарып,

 Сөзімді айналайын, ұнат,халық,

Жаңағы баллардан соң сөйлеу қиын,

Дәл маған атан түйе сияқтанып!

Баллардың сөзі жақсы құп болғаны,

Дұрыс қой және дағы жұп болғаны,

Жүгі ауыр соңғы түйе дейтін еді,

Байқаймын солардан түк жүк қалмады!

Болады түрлі-түрлі пікір дейік,

Таласпай бірақ дұрыс бітім дейік,

Бір-екі ұпай үшін дауласпайық,

Жастардың өскеніне шүкір дейік!. .

 Сәлем ал,Көкшетаудай заңғар елден,

Асқақ ән Ақан, Біржан салған елден,

Сор болып байлығы мен сұлулығы,

Басқаның табанында қалған елден.

Оқжетпес, Жұмбақтасым, Бурабайым,

 Бір көру талайларға арман елден,

Еңсесін тіктеп дұрыс жолға түсіп,

Ақ туын Абылайдың алған елден!

Сөзімді,ағайындар,шынға сана,

Көңілден туып жатқан жырға сана.

 Республика күнімен құттықтаймын

Күніміз, қазақәлі тумаса да!

Айтайын егеменге өлеңімді,

Демеңдер «Мынау ұлға не көрінді?»

Өз басым, шынымды айтсам, түсінбеймін,

Ағайын, егемендік дегеніңді.

Егемен деген осы не қылған сөз,

Бұл өзі қайдан, қалай табылған сөз?

Еркіндік, тәуелсіздік тұрған кезде,

Халықты алдау үшін қағынған сөз

Шынжырды мойындағы босатпауға,

Қазық боп жерге мықтап қағылған сөз!

Ұмтылды азаттыққа қазақ бүгін,

Қазақтыңмен білемін ғажаптығын.

Егемен-сегеменді мен білмеймін,

Қазақтың беру керек азаттығын!

Ұмтылған азаттыққа ұлы ел үшін,

Күрескер қыздың, апай, біреуісің,

Бүгінде ел біледі айтысымның

Қазақта көк тіреген тіреуісің!

Айтыста еркінсің ғой, заулайсың ғой,

Шабытпен нөсердейін саулайсың ғой,

Мен сені құрметтеймін, сен өйткені

Сұлушаш апайымнан аумайсың ғой!

Апамдай шын сырымды ұғыныңыз,

 Айтады талайжырды бұл ініңіз,

Еркелеп отырамын мен алдыңда

Болмайды сізге теріс қылығымыз.

Екеуміз туыс болсақ артық емес,

Өйткені бір қазақтың құлынымыз,

Туыстық, ұқсастықты көрсетіп тұр,

Апатай, екеуміздің мұрынымыз!. .

Әсия:

Айтыста кезек деген ырым бар ғой,

Таусылмас,ақын інім, жырың бар ғой,

Осылай жалғыз өзің сарнай берсең,

Бір өзің айта берер түрің бар ғой!

Армысың,егеменді елім менің,

Астықты, қазыналы жерім менің,

Халқымның мәртебесі –асқақтығы,

Өнерде менің биік көрінгенім.

Тамаша, қызық-думан құрған бүгін,

Шашуым өздеріңе жырдан гүлім.

Арман не жеткізе алсам жырымменен

Жүрегім бірге соғып тұрғандығын.

 Естісін бүгін елім ізгі үнімді,

Жайнаттым Сарыарқада қыз гүлімді.

Қайырлы болғай,елім, құтты болсын,

Ұстадың өз қолыңа тізгініңді!

Өнердің мен де ұшқан қарлығашы,

Байлығым-бойымдағы ән мұрасы,

Міржақып «Оян, қазақ!»деп өтінген

Ояндың, енді,халқым,қалғымашы!

Жігіт аз айтысам деп ұстаспаған,

Талайын қызыл тілмен қысқаштағам,

 Баянжан, дұрыс айттың мұрын жайын,

Өнерің, өзің дағы ұқсас маған.

Жырым бар сайыс сайын пысықталған,

Жырым бар көп айтыстың ізін салған,

Қайтесің қыр мұрындар көп қой сірә,

Не пәле шығады ғой пұшықтардан!

Шайқашы өлең-жырда тұнығыңды-ай,

 Көрермен тұрсын танып шын ұғымды,

 Сал Біржан, Ақан сері асылдардың,

 Келдің ғой қолда қалған сынығындай.

 Атырған айтыспенен ала таңын,

Халқым-ау, қандай ыстық алақаның,

 Мен дағы мама қазға ұқсап тұрмын,

Өргізген жайлауына балапанын.

Ойыңа өрнек болып ілінемін,

Сайыста тек дарынға жүгінермін.

Мәртебем өсті менің бұл жерде бір,

Өнерін көріп жеткін інілердің.

Ағылса аққу сөзді сүйеді шын,

Өздерің бүгін сөздің тиегісің.

Осынша дарын туған халқым,сірә,

Шынымен басымды ием, киелісің!

Сенемін маған қарап қалмасыңа,

Кезіктім жыр-айтыстың алмасына.

Арқаныңақиығы болшы бүтін,

Сүйсініп Ыбырайдың самғасына.

Тұсауды сала алмадым бір көңілге,

Айшықтап әшкере ғып жыр көгінде.

Баянжан, баянды жыр бағытын біл,

Сыйластық сандығының кілтін ізде!

Баянғали:

Қызық қой көкейіңнен ой ұшқаны,

Оралып әніңізбен мол ұшқаны.

Сөзінін ұзақтығы жағынан да

Байқаймын апам маған тағы ұқсады!

Бар бәле шығад дедің шонтиғаннан,

 Шонтиып, төмен қарап томпиғаннан.

Десек те талай бәле келді дейді,

Еліме мұрындары қоңқиғаннан!

Әсия:

Айтылар саған жауап жырым дайын,

Қалайша бір сөзіңе бұрылмайын.

Азамат атың бар ғой, кесек сөйле,

Қайтесің айта беріп мұрын жайын…

Ғарышқа қалдырғалы қолтаңбаны,

Бір ұлың ұшты елім ортаңдағы.

Қазақтың қиғаш қасты жігітіне

Қызығып көз салыпты Шолпан дағы!

Ай сұлу көк түндігін түрсін депті,

Ғарыш та қазақ барын білсін депті.

Ақ кірпік, жез мұрттылар талай келген,

Қаракөз, сендер қайда жүрсің депті?

Күн бүгін бар әлемге сырыңды ашқан,

Еліме төгілердей жырым дастан.

Еліме егеменді ерулік боп,

Жұлдыздар заңғар көкте жымыңдасқан.

Қазағым, игі істерден қалыс қалма,

Қанатты өміріңде алыс қақ та,

Елімнің егемендік арқасында

Қазақтың сыры естілді-ау ғарыш жақтан.

Қылса да тарих тәлкек түңілмедің,

Ашылар алда дағы гүлім дедің.

Ғарышқа қазақ тілін жеткізгенде,

Айналдым асыл ардақ тілім дедім.

 Інім-ай, жырмен елді байытар едің,

 Бұл ойға қандай ойды айтар едің?

Қайтесің ұсақ сөйлеп, тағы да айтам,

Бұл тойға ұлы сөзді айта келдім!

Баянғали:

Қазақтың мұң-шері көп даласында,

 Алтай мен Атыраудыңарасында,

Космосқа Тоқтар ағам ұшты кеше,

 Ресей мен Австрия арасында.

Ғарышқа ұшқан ағам тамшы дәрі,

Болар ма қазағымның жарасына!

Біз мақтап ол ағаны көп айтайық,

Әрқашан елдің жайын еп айтайық.

Ұшырған Нұрсұлтандай ағамызды

Ғарышкер-Президентім деп айтайық!

Шын сөзді айтар ой бар Баяныңда,

Кремль таныды енді аяғында,

Сағынтып ұшты батыр сол ғарышқа,

Ұшуға тиіс еді баяғыда!

Бұл сөзді ағайынның ұға алғаны,

Анық қой осы арада құп алғаны,

 Ғарышқа баяғыда ұшар қазақ,

Қайтесің, шырмауықтан шыға алмады.

 Ғарышқа ұшса өстіп ерлеріміз,

Мәз болып жатамыз ғой жердегіміз,

 Дүние қайта орнына келер ме екен,

 Тартылған Арал, Балқаш көлдеріміз,

Өзіңе емін-еркін тиер ме екен,

Тапталған басқа жұртпен жерлеріміз!

Әсия:

Бастағы жыр ортадан көшіп еді,

Сайыстың сұлу жыры есіледі,

 Осылай шаппайсың ба,хас тұлпарым,

Шын тұлпар шапқан сайын көсіледі

. Қазақта тойдың сәні ән болады,

Сыйластық ақындарға тон болады.

Мақтама бір басшыны есте болсын,

Тақтағы халқыменен хан болады.

Тереңнен жыр маржанын сарқасың ғой,

 Сайыс қып осындайда тарқасын ой.

Ғарышқа қара қазақ ұшып жатса,

Хан емес, халқымыздың арқасы ғой!

Сайыста қызыл тілді қолданармыз,

Жарысып жыр күмбезін жағалармыз.

Қираттық қолымызбен қабірлерін,

Аруағын тебірентіп бабалардың!

Өнері ақындардың жанар болды,

 Шырқырап шындық жырға салар болды,

Көп көшкен сүйектері бабалардың

Таңба боп қазағыма қалар болды.

Жүргем жоқ кейбір жайды мен түсінбей,

Сөзім бар қыз болсам да ер кісіңдей,

Мүсінін батырлардың қорғасайық,

Қазақтын қаһармандық белгісіндей.

 Жел есіп тұрса дағы шоқтығынан,

Не пайда құр көңілдің тоқтығынан.

Басынды баса-көктеп басқа ұлттарҚабанбай,

 Бөгенбайдың жоқтығынан.

Естері елімізге ес беретін,

Қабақтан қаһар төгіп дес беретін.

Керек-ақ әр кезеңге бір Қабанбай,

Көз тіккен қазақтарың сескенетін.

Шығарма-ай елден бүгін ерек те үнім,

Көрсетіп көкейімнің зеректігін.

Халқым-ау, көп қатең бар дәлелдеген,

өле би әр ғасырға керектігін.

Жарыста хас жүйріктей жосар едің,

Көмбеден сені,інім,тосар едім.

Бабалар жайын жырға қосшы қане,

Мен айтқан сөзге нені қосар едің?!

Баянғали:

Фариза апам тілін алу керек,

 Қысқартып, жылдам сөзге салу керек.

Әсия мына жақтан қолқаласа,

Байсалды әңгімеге бару керек.

Әрине, бір арнаға түсу керек,

Еліме ерлік керек, күшің керек.

Келесі ұшқан кезде ол ғарышқа,

Қазағым өз кемесімен ұшу керек!

Әрқашан жақсылықты тосу керек,

 Сонан соң барып қана босу керек

.Ғарышқа жігіттерің ұшып жатса,

Ішіне Әсияны қосу керек!

Қыздарға ғарыш жаққа зырлау керек,

Бөгеліп жерде ғана тұрмау керек.

Сонан соң ғарыш жақта айтыс жасап,

Қазақтың мұң-мұқтажын жырлау керек.

Айтылған уәжге бүгін көну керек,

Әрқашан жақсылыққа сену керек.

Ғарышта біз осылай айтысқанда,

Жюри ғып ағаларды қою керек.

Сонан соң біз жырлаймыз алыстарды,

 Көз жетпес, қиял жетпес ғарыштарды.

Бар халық ынтымақпен көкке ұмтылса,

Тоқтатар жер де сонда марштарды!

Жырладық біз екеуміз алыстарды,

Алыс қой әрине енді ғарыш жағы.

Өлеңге қосып өтші дедің,апай,

Бөгенбай, Қабанбайдай арыстанды.

Бөгенбай, Қабанбайлар өткеннен соң,

Еркіндік қазағымнан алыс қалды.

Оралып еркіндігің келсін деймін,

Жас баллар бабаларға сенсін деймін.

Қабанбай, Бөгенбайдай батырлықты,

Ұл-қыздың жүрегіне берсін деймін!

Айтайын енді сөзді өрлеп тегі,

 Құлашты қияларға сермеп тегі.

Қазақтың ұл-қызының батырлығын,

Кешегі желтоқсанда көрмеп пе еді.

Жастарым бір биікке жетпеп пе еді,

 Қамалды бұзып сонда өтпеп пе еді.

Колбиндей Кремльдің көк төбетін,

Қайқайтып құйрығынан теппеп пе еді!

Бұл сөзім байқайм елге ұнады кеп,

 Сөкпеңдер мені шырқап ұзады деп.

Айтамын сол жастарды, беу, апатай,

Абылай, Бөгенбайдың тұяғы деп!

Бақ-дәулет қайта айналып келсін деймін,

 Қазағым, бір өзіңе ерсін деймін.

Ерлігін бар әлемгебір көрсеткен,

Қазақтың жастары аман болсын деймін!

Біз –мынатыңнан кейін туғандармыз,

Шаламыз, бәріміз де будандармыз.

Темірін терең салып тың түрені,

Тамырдан бәріміз де туралғанбыз,

Ұмытып Алла менен аталарды

Ат басын теріс жолға бұрғандармыз.

КПСС-тің көсемдерін құдай санап,

Жас кезден бәріміз де уланғанбыз,

Бүгінде сенгеніміз адыра қап,

Азаттық жол таба алмай тұрғандармыз,

Ақыры қалың елмен жолды тауып,

Алланың жолына бет бұрғандармыз!

Тағы да қолдарыңды ұрыңыздар,

 Айтатын қызба кейде жырымыз бар.

Партия-сартияңды мен білмеймін,

Жүзіңді бір Аллаға бұрыңыздар!

Сөзімді отырсаңыз тиылсын деп,

Мен айтам тумасыншы қиын сын деп.

Тойларың тойға ұласып барлық қазақ,

 Осылай басын қосып жиылсын деп,

Ғарыштан азаматың аман келіп,

Тойлауға ал, ағайын,бұйырсын деп!

Әсия:

Демеймін сірә інім бұғар деймін,

 Астарлы сөзді сірә, ұғар деймін.

Ғарышқа ұшып келген көккөз қыздар

Қазақтан артық емес шығар деймін!

Сөз құрау Әсияға қиын ба екен,

Жырымды сайысқанда сиымды етем.

Әлия, Мәншүктердің сіңлісіне

Ғарышқа ұшып бару қиын ба екен?

Несі бар, ай қонаққа шақырады,

Қызыққа жұлдыздарды батырады.

Жымыңдап сұлу жұлдыз қыздар сонда,

Тағы да көршілерін шақырады.

Айтысты Күн де сырттан көрер деймін,

 Жырларын сырттан естіп келер деймін.

Қазақтың тойбастары болсын деп те

Сатурн сақинасын берер деймін.

 Көрермен, ақынға үміт арта аласың,

 Демеймін асыл сөзде бар таласың.

Қош-сау боп тұрыңыздар көріскенше,

Думаны даламыздың тарқамасын!

     Б.Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *