Айтыстарда, жиын-тойларда айтылатын кейбір өлеңдер

 

Ассалаумағалейкум, амансыз ба,

Киелі Ұлытаудың ұлы халқы!

Өткен ғой талай-талай кер замандар,

Ел үшін арпалысқан ер бабалар,

Ұлытау –ұлылардың өткен жері,

Тұруға тиіс мұнда ұлы адамдар!

Ордабасыда: (1992ж.)

Ойландыр, Ордабасы, естілерді,

Үш баба –қазағымның үш тірегі.

Түспей ме шаңырағың ортасына,

Ырғасаң, қайсы екен деп күштірегі!

Сырым батырдың 250 жылдығына арналған республикаара-лық айтыста өзбекстандық Темірхан Әлихановпен айтысқанда: (Ташкент, 1992ж.)

Армысыз,бауырларым,

Тәшкендегі, Тәшкенім, сірә бізге басқа ел ме еді?!

Төле би, Шайхантауыр жатқан жері,

Кеудеңді талай қанды жас кернеді.

Еске алып Сырым батыр атамызды,

Бір-бірін қазақ-өзбек дос көргені.

Ойлаймыз күңіреніп өткен күнді,

Бөлініп қала берген бас-кеудені!

Тәшкенім талай ұлтқа мекен бүгін,

Барлық ұлт, жоқ қой маған бөтендігің,

Кигені ала тақия, ала көйлек,

Ал, қане,мықты болсаң айырып көр,

Қайсы өзбек, қайсы қазақ екендігін!

Ерсілік көрсек тағы кей ісінен,

Туыстық үзілмесін ел ішінен.

Қай жерде, қандай күйде жүрсе дағы,

Танимын қазағымды иісінен!

Шұбыртпалы Ағыбай батырдың 190 жылдығында қараған-дылық РамазанСәттібаевпен айтысқанда:

(Ағадыр, Айыртау, шілде, 1992ж., магнитофоннан)

Замандар алай-дүлей өтпеп пе еді,

Түбіне арыстардың жетпеп пе еді,

Ақжолтай Ағыбайын ұмытқан соң,

Қазақтың жолы болмай кетпеп пе еді?!

……

Көкшеден тойға шашу шаша келдім,

Еншалла, ағын судай таса келдім,

Жол тартып Көкшетаудан жалғыз өзім,

Жолшыбай Ақмоланы баса келдім.

Аяулы Ақмоланы көрген кезде,

Сандығын талай ойдың аша келдім!

Ар жақтан дүлей теңіз шайқалғандай,

Нышаны жақсылықтың байқалғандай.

Еншалла, Кенесары, Ағыбайлар,

Мінеки, Ақмоласын қайта алғандай!

Кенесары ханның 190 жылдығында:

(Шортан, Абылайхан сов-хозы, Көкшетау қаласы, маусым, 1991 ж.)

Еліме бір жақсылық келді ақыры,

Сүйінші сұрауға оған мен хақылы.

Ауылын қайтарып ап Кенесары,

Александр патшаны жеңді ақыры!

—————————————-

Александровка селосына Кенесарының аты берілгенде.

Ілияс Омаровтың 80 жылдығында талдықорғандық Қаныша

Райысовамен айтысқанда:

(Қостанай обл. Урицкий ауд. Сарыкөл, қараша, 1992ж.)

Ақынныңтілін енді алыңыздар,

Барыңды елдік іске салыңыздар.

Қарынның тасасында қалып қоймай,

Халықтың жүрегіне қоныңыздар.

Беу, менің қайран бастық ағаларым,

Ілияс Омаровтай болыңыздар!

Иса Байзақовтың 90 жылдығында семейлік Сембай

Жаңса-қовпен айтысқанда: (1990 жылдың жазы, Павлодар облысы.)

Өр Иса, асқақ Иса, байтақ Иса,

Жырлаған дәйім басын шайқап Иса.

Бір Иса шығар ма екен, кім біледі,

Бүгінгі айтыскердің бәрін жинап,

Ерітіп, бір адам ғып қайта құйса?!

Махамбет жүлдесі үшін айтыста оралдық Қатимолла Берді-ғалиевпен айтысқанда: (Гурьев, қазан, 1990ж.)

Кім біледі, ұлы болса ұлы шығар,

Ұлы ғып тұрған күш пен тілі шығар,

Біреудің жерін бөлу ұлылықтың

Бір жаңа, біз білмейтін түрі шығар?!

(Солженицын туралы)

Абайдың 150 жылдығына арналған айтыста оралдық Алек-сандр Қауеновпен айтысқанда:

(Ақтөбе, қыркүйек, 1994ж.)

Абайдай туған елін сүйіпті кім?

Ойлашы, ақыл-есті жиып бүгін.

Қазақтың арман, ойын, мұң мен зарын,

Абайдай жүрегіне жиыпты кім?!

Көрсетіп кемшілігін, жүрер жолын

Халқының санасына құйыпты кім?!

Абайдың тойын бастап айтыспенен,

Ақтөбе бір көрсетті биіктігін!

***

Қазаққа бәле боп тұр Александр,

Қатыны күнде үйінде әлек салғыр,

Орыстың парасатты, әділ жұрты,

Іргесін о бәледен бөлек салғыр!

(Солженицын туралы)

Үкілі Ыбырайдың 130 жылдығында айыртаулық Есенбек Ер-

деновпен айтысқанда (Көкшетау обл. Айыртау,маусым, 1990ж.,магнитофоннан)

Ағайын, байқасаңдар,осы тойың

Кімдердің кім екенін мәлім етті.

Елім деп еңіреген ұл-қыздардың

Жиналып осы тойға бәрі кепті!

Қияда қалықтаған қыран кепті,

Елім деп еңіреген ұлан кепті.

Қасында алты-жеті серігі бар,

Істейтін КГБ-да құдам кепті!

Сүйемін лықып, тасып сөз келгенін,

Бөгелмей қуып бірін тез келгенін.

Атамды НКВД ұстағанын

Біледі осы елдің кез келгені.

Тойына келіп жатса КГБ-лар,

Заманның бұл дағы ғой өзгергені.

Демеңдер сөзің қисық кетіп жатыр,

Шығып ап мына бала нетіп жатыр.

Қазаққа КГБ-ның керегі не,

Айтуға өздері де жетіп жатыр!

Думанның көп болғанын көп тілейік,

Жақсылық бола берсін деп тілейік.

Дұғаға КГБ-ның келгендігін

Кешірім сұрағаны деп білейік!

Сөзімді,бауырларым,саралағын,

Тереңде жатқан сырын бағалағын.

Ыбырай, Молдахмет, Мұсалардың,

Атында ешбір ауыл таба алмадым.

Ағалар, еңбектерің өсер ме екен,

Есімін ұмытсақ біз бабалардың!?

——————

———————-

Якуда Есжанов–подполковник.

(Молдахмет Тырбиев,

Мұса Асайынов –халық ақындары.)

Көкшетау облыстық айтысында Құдайберлі Мырзабековпен

айтысқанда(1987 жылдың жазы):

А десе көмейінен жыр атылған,

Көкендей сабақ алған сұрапылдан.

Айтыстың үзілмеген үмітіндей,

Қаршадай қара бала мына отырған.

Ал, сайра, айналайын, балақаным,

Ізімді басып шыққан балапаным,

Тастүйін жұдырыққа айналдырма,

Ағаңның аялаған алақанын!

Металлургтер күнінде Қабдыжәлел Сахариямен айтысқанда

(Теміртау, шілде, 1992ж.):

Күндіз-түні от ішінде бірқалыпты,

Төгілген терден талай із қалыпты.

Өзі өзін өртеп жатқан Теміртаудың

Тойына Көкшетау да қозғалыпты,

Светлана, Нұргүл, Мәрзия–біртоп сұлу,

Алға салды Айсары директор–

Дойман қара Тоқтабай Қозғановты.

Құрметтеп,

құттықтаймын металлургті

Ақ адал еңбек еткен әз халықты!

Металлургтер  күнінде  қарағандылық  Қойлыбай  Асановпен айтысқанда: (Жезқазған обл. Жезді ауданы, шілде, 1994ж.)

Бүгінгі ашқан музейің,

Он сан ұлттың баласы

Төсін тесіп даланың,

Кен алудың тарихы,

Ұлан-байтақ даланың

Асты-үстінен түк қалмай

Тоналудың тарихы,

Қан мен тері төгіліп,

Адал еңбек еткендер

Қаналудың тарихы,

Елдігіңе ес жиып

Оралудың тарихы!

Жездідегі бауырлар,

Шақырған соң әдейі,

Көкшетаудан тойыңа

Көп-көп сәлем ап келдік,

Көп қызыққа тап болдық.

Қаныш атам қызына

Құрметпенен ат бердік,

Бәріміз оған шат болдық,

Өзге жұрттар алсын деп,

Өкпелемей біздерге,

Разы болып қалсын деп,

Дөкей бастық Урумов

Темірланға ат бердік,

Бәріміз оған шат болдық,

Өзімізді қойшы деп,

Кәкімбек пен Хамзаға

Міне осылай мат бердік!

Халық батырлары құрметіне өткізілген айтыста шымкент-тік  Жәкен  Омаровпен  айтысқанда: (Павлодар, желтоқсан, 1991ж.)

Ақындар жатыр міне жанталасып,

Машина тігілгесін бас бәйгеге

Емтихан тапсырғандай шопырлыққа!

Жюрилер мына отырған ГАИ сияқты,

Көңілі кей шопырдың жай сияқты,

Машина тіккеніне қарағанда,

Кереку қазақтары бай сияқты,

Отырған ағайынның осындағы

Қос-қостан машинасы бар сияқты!

Беу, халқым, айтылмаған жырымыз бар,

Ашылмай жатқан сыр мен мұңымыз бар.

Бұл бетпен кете берсек бір күндері

Бәйгеге кісі тігер түріміз бар!

Дүниеге таласуды ойламайық,

Ізгілік жыры болып жалғанайық,

Тігілген осы айтысқа машинаны,

Халықтық бір ескерткіш қою үшін

Қорына батырлардың аударайық!

«Зілзалаға бір жыл»айтысында шығыс қазақстандық Медел-хан Хасеновамен айтысқанда: (Шығыс Қазақстан обл. Зайсан,шілде, 1991ж.)

Беу, Меделхан,бері қара,

Бізден бұрынғы ақындар

Үлестіріп алды балықты,

Он ұпайдың барлығын

Түгел солар алыпты.

Екеумізге байқаймын,

Алты-жеті қалыпты,

Бәйгелері бар болсын,

Әзілдесіп екеуміз,

Бейнет көріп жүдеген

Күлдірейік халықты!

Сенен артық бәйгені

Бұл айтыста таппаймын,

Басқаларды қайтемін

Меделханды мақтаймын.

Меделханды мақтасам,

Залда отырған құрдасым

Секретары райкомның

Айгүлсімге жақпаймын.

Айгүлсімді мақтасам

Меделханға жақпаймын,

Ортасында қыздардың

Қайтіп жаным сақтаймын?!

Замандасым Айгүлсім,

Заманына сай Гүлсім,

Зардап шеккен Зайсанға

Үкімет көмек берсін деп,

Көбірек көңіл бөлсін деп,

Ақындардың атынан

Дайындаған үндеуді

Айгүлсімнің есімін

Әлем білсін, ай білсін!…

Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдығына арналған республика-лық айтыста талдықорғандық Айтақын Бұлғақовпен айтысқанда (Солтүстік Қазақстан обл. Булаев ауданы, Сарытомар):

Екі метр бойы бар

Әкіміңіз Гартманға

Дұғай сәлем айтыңыз.

Құрметтеген Мағжанды

Жұмысың елге ұнайдде,

Елге жаққан ісіңді

Ақындар мақтап жырлайдде,

Батыр Баян мен Мағжанның

Ардақтамасаң аттарын,

Баянғали келедте

Түгіңді қоймай сынайд де!

Ұқпаймыз деп Булайды,

Бауырларым шулайды,

Менің де қаным тулайды,

Сары менен Баянның

Атын беріп ауданға

Неге құрмет қылмайды?

Ауданға атын қойсаңдар

Көптік қылмас, ағайын,

Мағжандай ұлы ақындар

Екінші рет тумайды!

***…

Рахмет Сұлушаш пен Розаларға

Бұл тойда қан мен терін төгіп жүрген,

Орыстың қыздарына алғысайтам,

Мағжанға құрметпенен қызмет қылып,

 

Ақындарға шай құйып беріп жүрген.

Сыйласа берсін ұлттар қиындық пен

Қызықты бірге бөліп көріп жүрген!

Сара Тастанбекқызының 115 жылдығында талдықорғандық Қаныша Райысовамен айтысқанда:

(Талдықорған обл. Ақсу ауданы,Қосағаш. 1993 жыл.)

Көкшетау –Жетісуға талай дастан,

Айтылып келе жатыр әуелбастан.

Жетісу топырағында Шоқан жатыр,

Жұлдыздай аспанында Біржан аққан.

Жетісу–Көкшетаудыңдостығына

Бір қызын алып мен де үлес қосқам.

Тереңнен жалғастырып тамырларын,

Жетісу–Көкшетауды құдай қосқан!

Біржан салдың 160 жылдығында айтылған арнау өлеңнен:

(Көкшетау обл. Степняк,шілде, 1994ж., магнитофоннан)

Сиынып бір жаратқан

Алламызға,

Жырлайын Біржан жайлы алдарыңда.

Алдымен туған елге сәлем бердім,

Ас берген Біржан атам аруағына.

Және де сәлем бердік Көкшетаудан

Кеп қалған орыс-қазақ шалдарына!

Туған ел, қуат берер маған саяң,

Алдыңда еркін құстай қанат жаям.

Мінеки, сахнада жолығыстық,

Бірі сексен, бірі қырық екі Баян,

Ардақтап сәлем берем ақсақалға,

Еңбегі Көкше менен алашқа аян!

Біржандай ас берген соң бабасына,

Қуаныш келді қазақ даласына.

Бір сәлем біз берейік ел атынан

Қасымдай ел басқарған ағасына.

АрдақтыБіржан салдың немересі

Мұхаметқали Теміртас баласына!

Аузына Алла десе,толатын ән,

Біржан сал –сиынатын дара тұлғам.

Атама бір ескерткіш қойып берген

Рахмет, саған Қызыр, ел атынан!

Есіңе ала жүргін Алланы да,

Тәуап қып Біржан баба аруағына.

Ауданға Біржан атын беріңіз деп

Өтініп Президенттен алмадың ба?!

Беу, Біржан, өтіп едің зар заманда,

Тойың да тура кеп тұр тар заманға.

Халайық нарық қысып бүйірінен

Бүгінде түскендей ғой шырғалаңға.

Ағайын, осы тойға шүкір дейік,

Әйтпесе Біржан баба жөні бар ед,

Той жасар сауын айтып бар ғаламға!

Беу, Біржан!

Қан тамған қылышынан хан емессің,

Байлық пен мансап қуған жан емессің,

Аққу боп қалықтадың көк аспанда,

Соңынан ілестің де ән елестің.

Әндерің жұлдыздармен сырласады,

Көнбейді ыңғайына әр өңештің,

Сенің орның мәңгілік аспанда тұр,

Ешкімнің қаулысына зар емессің!

Е-ей, ағайын, туыс,құлақ сал,

Менің атам Біржан сал,

Сегіз сері, Нияз бен,

Ұстаз тұтып өзіне,

Қазағымның еліне,

Көкшетаудың жеріне

Серіліктің негізін

Салып өткен Біржан сал.

Ақан сері,Ыбырай,Балуан Шолақ,

Мәдиге, Ұстаз болып бір кезде

Танық еткен Біржан сал.

Ұлылығын Біржанның

Абай, Шоқан мойындап,

Анық еткен Біржан сал!

Сараменен айтысып,

Айдынында қазақтың

Қос аққудай жарасып,

Ағып өткен Біржан сал.

Бүркіттінің басынан

Кешке таман ән салса,

Таң алдында дауысы

Қиыр менен қиянға

Анық жеткен Біржан сал,

Қазағымның ән-жырын

Мәңгі-бақи аспанда

Жарық еткен Біржан сал!

Біржанның әні жеткен атырапқа,

Тойын біз тойлап тұрмыз осы шақта.

Біржан сал –бар қазақтың мақтанышы,

Жаралған, шүкіршілік, біздің баққа.

Біздерге күле қарап отыр, бәлкім,

Өнердің төріндегі алтын тақта.

Рахмет, келгендерге басын иіп,

Біржан сал туып-өскен топыраққа!

—————————————-

Баян Жанғалов, Қасым Тәукенов, Қызыр Жұмабаев.

Исатай Тайманұлына –200, Әбубәкір Кердерге –130,

Әкімәлі Қаржауовқа 100 жылтолуына арналған айтыста маңғыстаулық Сабыр Адаевпен айтысқанда (Ақтөбе, шілде, 1991ж.):

Кей ақын биік сөйлеп ағылады,

Кей ақын төмен сөйлеп қағынады.

Біреуге айтқан сөзі мен теңеуінен,

Адамның өз өресі танылады!

Тама  Есет  батырдың  325  жылдығында  торғайлық  Әлфия Орманшинамен  айтысқанда:

(Ақтөбе  обл. қыркүйек, 1992  ж., магнитофоннан)

Бас иіп бабамыздың есіміне,

Еске алды Ақтөбеде елі, міне.

Бабамыз қайта оралып ортамызға,

Патша мен партияны жеңді міне!

Бабасын қазақ еске алған жоқ па,

Өмірде енді міне, арман жоқтай,

Ливенцов, Соломенцев құлап қалып

Есеттер мәңгі-бақи қалған жоқ па!

Халық ақыны Қалия Жұбандықовтың 120 жылдығында көк-

шетаулық Бақытбек Нұралинмен айтысқанда:

(Шортан ауданы, Абылайхан совхозы. 12 маусым, 1993ж.)

Ел болып дұға оқыдық Қалияға,

Жыр-мұхитқа құйған бір дарияға,

Көкшенің жоғын жоқтап, барын мақтап,

Рахмет жүрген Естай қарияға!

Сәкен Жүнісовтың 60 жылдығында айтылған арнау өлеңнен: (Көкшетау обл. Қызылту ауданы, 1994 ж.)

Ұлылар Көкшетауда аз тумады,

Дұрыс қой соған лайық сөз туғаны.

Тойында Сәкен ағаң сөйле деді.

Жазушы, ақын Төлеген Қажыбаев

Көкшенің қарға бойлы Қазтуғаны!

Аман ба Қызылтудың заңғар елі,

Сәкеннің кіндік қаны тамған жері.

Ақ шаңын аспанға атып жалаңаяқ,

Тасында балаң ізі қалған жері!

Беу, Сәкен, суреттеген кер заманды,

Сері Ақан түскен талай шырғалаңды,

Ұшынан қаламының от ұшқындап,

Тірілткен бер заман мен ар заманды.

Сарбас Ақтаевтың алпыс жылдығында айтылған арнау өлең-нен:(Көкшетау, желтоқсан, 1994 ж.)

Тарылып кетсе дағы замандарың,

Сеземін қайрат барын, амал барын.

Тойларың құтты болсын,журналистер,

Түспесін қолдарыңнан қаламдарың!

Қазақтың оймен шолып кең даласын,

Тағдырын туған елдің толғағасын.

Құттықтап отыр бүгін барлық қазақ

Сарбастай

Қарауылдың сар баласын!

Белгілі қайыспайтын нарлығың да,

Ақылмен байыптадың барлығын да.

Халқыңның алтыны боп жарқырадың,

Жеңгейдің қалып қоймай сандығында!

Е-ей,ағайын-туыс,құлақ сал,

Алпысқа келген Сәкеңнің

Жан-жағында қарашы,

Жақсылар өңшең топталған.

Ақын аға Есләм,

Жырлары қанша хатталған,

Жүректерде жатталған,

Қос ғұлама жазушы

Қойшығара,Ақселеу,

Тамырын ұстап тарихтың

Көмбесі мен күмбезін

Тереңінен ақтарған,

Ер парызын атқарған,

Еңбегі талай мақталған,

Мемлекеттік сыйлыққа

Қол ұстасып аттанған,

«СҚ»-да зам. боп Сарбасың

Сықиып тұрған кезінде,

Осындай данышпандардың

Мың шақтысын басқарған!

Айналайын Сарбасым,

Аман болсын мал-басың,

Мұқалмасын алмасың,

Ғұмырыңыз ұзақ боп,

Күресінде өмірдің

Тимесін жерге жамбасың!

Кәкімбек Салықовтың алпыс жылдығында айтылған өлеңнен:(Айыртау, 1992ж.)

Ел-жұртың тілеуіңді тілеуде, аға,

Әніңмен ажарлансын жүдеу дала.

Оқжетпес жер бетінде біреу болса,

Кәкімбек Салықов та біреуғана!

Көкен Шәкеевтің жетпісжылдығында ақсақалдың иығына

қызыл шапан жауып тұрып айтқан өлеңі:

(Көкшетау обл. Крас-ный Яр, 1994ж.)

Бейнеттің бәрін жеңіп, аттай заулап,

Жетпіске келдің бойдан өлең саулап.

Жығылып Дәржан апам ыңғайына,Жасай бер,

қып-қызыл боп,оттай лаулап!

Нұрмияш Көбеновтың алпыс жылдығында айтылған өлеңнен: (Щучьеауд. Абылайхан совхозы, 1993ж.)

Көпшілік ақынды онша ұғынбаған,

Дұрысы–оған жасып, бұғынбаған.

Алпысың құтты болсын, беу, Нұреке,

Даланың бозторғайы шырылдаған!

Нұрмияштай ағамыз

Үйде, түзде тұқымын

Мезгілімен сап тұрған.

Тонналап астық бастырған,

Томдап кітап аштырған,

Арасында жеңгейге

Алты бала таптырған!

Е-ей, осы ауданның әкімі–

Досанов Мұрат ағамыз,

Асқар таудай бойың бар,

Одан да биік ойың бар,

Нұрекеңнің жаңа үйін

Бітіріп бер тезірек,

Замглава Болаттай

Дөкей-дөкей ағаның

Жүз шақтысы сыйғандай,

Жетпіске Нүкең келгенде,

Ғафу ағамды бас қылып,

Алматы мен Көкшенің

Бар ақынын жиғандай!

Көкшетау облысының елу жылдығы мен тың игерудің қырық жылдығына  арналған  салтанатта  айтылған  арнау  өлеңнен:(Көкшетау, 1994ж.)

Беу, менің Көкшетауым, ән ауылым,

Қазақтың маңдайында сән ауылым.

Тезірек коммунизм құрамыз деп,

Әлемнің жинап алған бар ауылын.

Бір сәлем орыс, неміс, белорус пен

Украин, татар,

поляк, басқаларға

Көтерген Көкшетаудың жаңа ауылын,

Аман ба ел иесі, жер иесі,

Керей, Уақ,

Атығай мен

Қарауылым!

Ел мұңы Абылайды күңіренткен,

Кенесары, Наурызбайды еңіреткен,

Көкшеден көкке атылып Шоқан шығып,

Тағлымы сан ұрпақты тебіренткен.

Біржан сал, Ақан сері,

Ыбырайдың

Аққуға аспандағы үні жеткен.

Хандарды жөнге салып Шөже,

Орынбай, Оязды Балуан Шолақ дірілдеткен.

Беу, шіркін, неткен заңғар, байтақ еді

Ұлдары Көкшетаудың бұрынғы өткен.

Солардың сынықтары,амансыз ба,

Той жасап тар заманда дүрілдеткен!

Құрметтеп сыйлаймыз біз аталарды,

Елінің өрендері аталған-ды.

Тойына Көкшетаудың қош келдің деп,

Қарсы алайық Бәйекең мен Мақаңдарды!

Ел-жұрты Ерекең деп еркелеткен,

Еңбекпен жүрген жерін көркем еткен.

Қош келдің,Еркін аға Әуелбеков,

Көкшені өрге сүйреп өркендеткен!

—————————————-

Бәйкен Әшімов, Мақтай Сағдиев, Еркін Әуелбеков.

Қазақстанның аграрлық партиясы ұйымдастырған

«Ауылым –алтын бесігім» атты аймақтық айтыста Әлфия Орманшина-мен айтысқанда:

(Солтүстік  Қазақстан  обл. Қызылжар,1999 ж.)

Жағдайы әбден төмендеп,қиындаған,

Тіреліп тығырыққа, шиырлаған.

Қазақтың ауылынан сорлы бар ма,

Өзіне өз байлығы бұйырмаған!?

Атадан қалған кең жайлау,

Өріс толымал қайда?

Қара шаңырақ, қара орман,

Ауыл толы жан қайда?

Жем болып дала кетпек пе,

Қытай менен Қаңғайға,

Андай менен мұндайға?

Ел басқарған жігіттер,

Намыс қайда, ар қайда?!

Өртеніп ел мұңына жаны күйсе,

Арманын алты алаштың ойға түйсе,

Ауылды сүйеу керек азаматтар,

Қазақты өз халқым деп шындап сүйсе!

Бұл айтысты ұйымдастырушылардың бірі ақын Жарасқан Әб-дірашев Мәжіліс депутаттығына кандидат,ал әнші Нұрғали Нүсіпжанов,жазушы Қуандық Түменбаев аграрлық партияға тілеулес болып келген екен.

Сөздің бір орайы келгенде Баянғали былай депті:

Нүсіпжанов Нұрғали,

Өмірдің бәрін ән қылған,

Жүрген жерін сән қылған,

Бозторғайы даланың

Шырқағанда дауысы

Шыңыраудан атылып,

Шыңдарға барып жаңғырған,

Ай-әлемді таң қылған!

Өнермен жеткен биік арманына,

Ел риза саңлақ әнші, заңғарыңа,

Миллион доллар береміз,бізде қалсаң,

Депті оған бір шетелге барғанында.

Жат жұртта қала ала ма асқақ әнші,

Байланған атам қазақ аруағына

, Басқалар үлгі алсын де Нұрғалидан

Шетелдің сатылмаған долларына.

Разымыз және бүгін ауыл менен

Жарасқандай ақынды қолдауына!

Жетес бидің жалғасы,

Үмбет бидің ұрпағы,

Жарасқандай ақыннан

Ел күтетін үміт көп.

Досы түгіл,дұшпаны

Мойындайды Жәкеңді

Шегедей мықты жігіт деп.

Шудасындай бураның

Жалбырап шашы жүргенге,

Ойламаңдар,ағайын,

Бұл қайдан шыққан жүлік деп!

Ойлаймын ақын сырын ұғындың деп,

Ұғынсаң, солай қарай бұрылғын деп,

Жарасқан компартия заманында

Мағжаншыл, ұлтшыл ақын деп атанып,

Жырлаған «Дала, сенің ұлыңмын» деп,

Ел мұңын, дала мұңын парламентте

Айтам деп алып отыр бүгін міндет!

Жанайдар Мусиннің алпыс жылдығында айтылған өлеңнен:

(Көкшетау, ақпан, 1996ж.)

Замана ерді еркіне жібермеген,

Тізгіндеп, тұсау салған, шідерлеген.

Сонда да ретін тауып Жанайдарлар,

Бар-жоғын Көкшетаудың түгендеген!

Жанайдар әдебиеттен ырыс тапты,

Жері жоқ дейтін оны бұрыс тартты.

Қаншама жердің атын, судың атын,

Қаймықпай қаламымен дұрыстатты.

Жәкеңді сағынышпен еске алады

Сексен көл, Бурабай мен Жұмбақтасым,

Зеренді, Қыземшек пен Қылышақты!

Абай атындағы орта мектептің алпыс жылдығында айтыл-ған өлеңнен: (Степняк, 1қыркүйек, 1996ж.)

Абайым, алтын ұям, ақ мектебім,

Кетпесін басыңдағы бақ, мектебім,

Қараша үй, қарашаңырақ,сен тұрғанда,

Басқаның не қыламын көк мектебін.

Қазақтың елдігі үшін, теңдігі үшін,

Өшірмей білім отын жақ,мектебім!

Сен бізге көп дүние бастауысың,

Білім мен кісіліктің асқарысың.

Рахмет, саған мектеп, түлеп ұшып,

Адам болған қазақтың жастары үшін!

Өмірге ел баласын жолдағанда,

Ризамыз, қолтықтасып, қолдағанға,

Ортайып, үңірейдік, сүмірейдік,

Класқа қара бала толмағанда.

Қазақ боп қалар ма едік, қалмас па едік,

Мектебі ұлы Абайдың болмағанда!

Басыңнан қилы-қилы өтті дәурен,

Қызығың, қуанышың, көп түрлі әурең.

Жарқырап,жалғассын де болашаққа

Шәкірттің жүрегіне жаққан сәулең!

Аяулы ардагерлер ортамызда,

Біздер өстік сіздердің арқаңызда.

Бүгінде ұстаз боп жүр шәкірттерің,

Күні кеше отырған партаңызда.

Не деген дархан едің,мұғалімдер,

Көк тиын болмағанмен қалтаңызда!

Е-ей, бал дәурен,шіркін,балалық,

Айналды бұлдыр сағымға.

Қыздарға тұңғыш хат жаздық,

Мәуелі сенің бағыңда.

Тақырбас қара балдар мен

Кекілді қыздар күлімкөз

Айналды ата-анаға,

Айналды ақ бас ғалымға.

Заманың бүгін тарылып,

Болмай жүр, мектеп,бабың да.

Жігерленіп,серпілші,

Жүдеген мына шағыңда!

Құрметтеп ұстаз қауымын,

Келіп тұрған бұл тойға

Мағауия әкім ағамыз,

Мұғалімдердің айлығын

Уағымен бер сұратпай,

 

Жалындырып жылатпай,

Ақшаға да қарамай,

Басқаға да қарамай,

Мектебім,жаса мәңгілік

Қазақтың туын құлатпай!

Қадіріңді ел білсін,

Ай мен жұлдыз, жер білсін,

Тәуір ой,терең біліммен

Ізгілік рухы алаулап,

Өсе берсін бүлдіршін!

————————

—————-

Мағауия Рахымбергенов

–Еңбекшілдер ауданының әкімі.

Жамбылдың туған күніне арналған айтыста Әселхан Қалыбековамен айтысқанда:(Алматы,ақпан, 1996 ж.)

Ауылдағы қазақтың

Мойны болды ырғайдай,

Биті болды торғайдай,

Ел басқарған ағалар

Құрметтеймін бәріңді,

Істеріңе кей-кейде

Бір түрлі көңілім толмайды-ай.

Нарық дейтін қасқырдан

Ауылдың аңқау қазағын

Айтшы, кімдер қорғайды-ай!?

Кейбір, кейбір бастықтар

Бетіменен кетіп тұр,

Өз қолдары өзінің

Аузына ғана жетіп тұр.

Ызасы елге өтіп тұр,

Ел ағасы Нұрсұлтан,

Тон жағасы Нұрсұлтан,

Тайраңдатпай соларды

Реті келіп қалғанда,

Ептеп, ептеп нетіп тұр!

Жамбылдың 150 жылдығына арналған республикалық айтыста Қаныша Райысовамен айтысқанда:

(Жамбыл, шілде, 1996ж.)

Ауылдар қалды бүгін қалың сорға,

Түскендей тырп еткізбес темір торға,

Жағдайды біле ме екен азаматтар,

Әйтеуір сөйлегенде бәрі жорға.

Ауыл құрып барады, ауыл құрып,

Ағайын, алмасаңыз дереу қолға,

Ең аяғы электр жарығын да

Жағады кісі өлгенде зорға-зорға!

Қайтеміз, бұрынғыдай бұғайық па,

Ұрандап ереуілге шығайық па?!

Ауылдар дауылды өмір мұхитында

Ұқсайды қалт-құлт еткен желқайыққа.

Маңдай тер, табанақы берілмесе,

Обал ғой,осыны біз ұғайық та.

Жарығын жағу үшін уағыменен

Күн сайын біреуіміз өліп тұрайық па?!…

Кетіріп өмірдегі сәнімізді,

 Бүлдіріп әсем, асқақ әнімізді,

Өсек,ғайбат, бәлеқор,жалақорлық,

Құрт аурудай жайлап алған бәрімізді.

Жаман ой, жаман сөз бен жаман сезім

Улайды,бұздырады қанымызды.

Беу,жұртым, жүз жасайық жігіттей боп,

Тазартып тәніміз бен жанымызды!

Осы айтыста жамбылдық Айнұр Тұрсынбаевамен айтысқанда:

Қызымдай ғана Айнұрмен

Айтысып,жұртым,нетермін?!

Әкесіндей боп өңкеңдеп,

Баланың жолын ұялмай,

Қалай қиып өтермін,

Не мұратқа жетермін?!

Жолын кесіп қызымның,

Күпір болып кетермін,

Айналайын Айнұрға

Таласпай-ақ мен бүгін

Жолың болсын, қалқам,деп,

Батамды беріп кетермін!

Жамбылдың 150 жылдығына арналған халықаралық айтыста монғолиялық  Сүйініш  Жеңісбаймен  айтысқанда: (Алматы, тамыз, 1996ж.)

Бойын созып биікке,

Тамырын тартқан тереңге,

Жамбылдай ұлы жыраулар

Туа да бермес әр елде.

Құдай берген Жамбылды

Мақтаныш етіп қазағым

Көрсетсін деп бар елге,

Қабыл ап, халқым, қолың соқ,

Жер шоқтығы Көкшетау,

Оқжетпес пен Жұмбақтас,

Бурабай мен сексен көл

Жолдаған ыстық сәлемге,

Құтты болсын,қазағым,

Ұлы тойың бүгінгі,

Жамбыл, Жамбыл, Жамбыл деп,

Ұран салған әлемге!

Алғысын алып халықтың,

Жүрген жерін дулатып,

Қызықты еткен Жамбылым,

Шонжарлардың шынжырын

Үзіп кеткен Жамбылым,

Ел тағдыры сөз болса,

Қызып кеткен Жамбылым,

Ақырып тұрған саясат

Атын алып бергенде,

Асқар тауы, қорғаны,

Адамзаттың алыбы

Айтматов Шыңғыс ағамыз.

Әкесі оның Төреқұл,

Ол да жиен қазаққа.

Тұрамыз қалай мақтанбай,

Тұрамыз қалай шаттанбай!

Күндіз шықса далаға,

Күн сәулесі ойнаған,

Түнде шықса басында

Ай сәулесі ойнаған.

Жатса-тұрса қырғызды

Күшейтуді ойлаған,

Президент-ғұлама

Ақаев Асқар ағамыз

Ол да жиен қазаққа.

Тұрамыз қалай мақтанбай,

Тұрамыз қалай шаттанбай!

СССР Халық артисі,

Қырғыздың Халық артисі,

Қазақтың Халық ақыны

Ағыл да тегіл Естемес

Ол да жиен қазаққа.

Тұрамыз қалай мақтанбай,

Тұрамыз қалай шаттанбай!

Барлық жақсы қырғыздар

Қазақша айтсақ, нағашы,

Қырғызша айтсақ, білесіз,

Тайекесіне тартқандай!

***

Туғанбай байке, бері қара,

Қазақ пенен қырғыздың

Дос, дұшпаны аз емес,

Ши жүгіртіп араға,

Бір болатқа бір болат,

Қайрап салып жүрмесін,

Бір бауырға бір бауыр

Айдап салып жүрмесін,

Соларға еріп сорымыз

Қайнап қалып жүрмесін!

Өсиет қылған аталар,

Қазақ пенен қырғызға,

Бір-біріңмен жарас деп,

Даналығына бұл сөздің,

Білесіз, байке, талас жоқ,

Қазақ-қырғыз баласы

Айбынданып тұрайық,

Ай-әлемге ұрандап

Абай,Жамбыл, Манас деп!

Осы  айтыста  жамбылдық  Алтынкүл  Қасымбековамен  айтысқанда:

Кекесінді сөзіңді

Көңіліме алмаспын,

Сен жаман деді екен деп,

Мен жаман болып қалмаспын!

Демеңдер жұртым мынаны

Қандай қара басты екен,

Айтыстан қорқып қашты екен.

Тұңғышымыз Құралай,

Мына отырған Алтынкүл

Құралайыммен жасты екен!

Айналайын Алтынкүл,

Туған күнің құтты боп,

Өрден-өрге шаба бер,

Бәйгелерді ала бер,

Домаланған қыз едің,

Қасиет қонып басыңа

Домалақтай ана бол!

Елжас  Бекеновтың  100  жылдығында  Мереке  Сейітқалиев,Айтжан Оразбаевамен айтысқанда:(Қарағаш)

Құрметтеп жазушы Елжас Бекеновты,

Туған ел төбесіне көтеріпті.

Аяулы азаматты зерттеп жазған

Тұрсынбек ғалым ағам өте мықты.

Көкшетау ас берген соң әкесіне,

Парызы Болаттың да өтеліпті!

————————————

——

Тұрсынбек Кәкішев, Болат БекеновЖұмағали Саинның

80 жылдығында:

(Көкшетау обл. Арықбалық  ауд. Златогор  совхозы, Мәдениет  ауылы. 1992жылдың қысы.)

Златогор дегеннен соң алтын ба деп,

Кеп қалсақ,алтын түгілі,бақыр да жоқ,

Орнына Златогордың ақын, батырСаинның атын қойшы, ақылға кеп! –дей келіп,

Алма-тыдан келген Қасым Қайсеновке қарата:

Жолдасы Жұмекеңнің қандыкөйлек,

Тірі аңыз Қасымды да көргендейміз.

Қар басқан Мәдениетке келгенде біз,

Партизан лагеріне келгендейміз!

Қасекең туған елін сүйіп деймін,

Сол үшін қайтқан отқа күйіп деймін,

Москва бермей қалған жұлдыздан да

Бауыржан мен Рақымжан,

ҚасымдарыңТұрады әрқашан да биік деймін!–деген екен.

Мәлік  Ғабдуллиннің  80  жылдығына  арналған  салтанатты жиналыста айтылған арнау өлеңнен:

(Степняк қаласы, 28 қара-ша, 1995 ж.)

Батыр Мәлік ағамыз

Қобыланды батыр секілді

Дұшпанына оқ атқан,

Тырқыратып фашисті,

Қабырғасын санатқан,

Алқалы топта сөйлесе,

Елді аузына қаратқан,

Арғы атасын сұрасаң,

Қарауылдың қамқоры

Қанай биден таратқан,

Жазушы, ұстаз, ғұлама,

Біртуар батыр Мәлікті

Маңдайына қазақтың

Жарқыратып жұлдыз ғып

Құдайым өзі жаратқан!

Ойласаңыз бұл тойың,

Мәліктің тойы емес пе,

Алыптың тойы емес пе,

Халықтың тойы емес пе?!

Батыр, берен Мәліктің

Майдандас, замандастары

Қас дұшпанды іреген,

Бүгінгі бейбіт заманда

Пенсиясын ала алмай,

Әкімдердің есігін

Күнде-күнде жағалап,

Амалсыз қайыр тілеген!

Қайран кемпір-шалдар-ай,

Отан үшін қан берген,

Денсаулық пен жан берген,

Сендердің жүдеу халіңді

Көрген сайын ұялам,

Түк бере алмай қиналам,

Бастықтардың сендерге

Беріп жатқан малы жоқ,

Балалардың қолдағы

Жалақысы тағы жоқ,

Теңгесі жоқ болған соң,

Көбік сөздің нәрі жоқ!

Көкшетау  облыстық  қазақ  музыкалық-драма  театрының ашылу салтанатында айтылған арнау өлеңнен: (наурыз, 1996ж. магнитофоннан)

Салтанатты жиында басшылар сөз сөйлеп, облыстық әкімдік-тің тапсыруымен өнер ордасын қамқорлыққа алған Көкшетау ас-тық қабылдау пунктінің директоры Александр Третьяков театрға бес жүз мың теңге ақша сыйлапты.

Содан кейін сөз алған Баянғали

іліп әкетіп,былайдеген екен:

Домбыра қолға алғасын,

Ақын сөйлеп толғасын,

Құтты болсын,театр,

Құрып жатқан ордасын,

Көп рахмет айтамыз,

Шашу шашқан жаңағы

Александр болғасын,

Мұратбек те мінеки,

Байып қалды бұл жерде

Бес жүз мың теңге ақшаны,

Қалтасына салғасын,

Айналайын Александр,

Театрға қамқорлығың

Осымен бітіп қалмасын!

Жаман күндер жетпесін,

Той-думаның бітпесін,

Артистерің күні ертең

Элеватордың ауласында

Тауық құсап әрқайсы

Бидай теріп кетпесін!

Болса да бұл әлемде көп театр,

Ағайын, дәл осындай жоқ театр,

Қадамың ұлы жолда құтты болсын,

Аты жоқ көкшетаулық Көк театр!

Үлгі алып жатырмыз ғой он сан ұлттан

Қиындық аулақ болсын елді құртқан,

Театр ашып отырған жоқшылықта

Шынында Көкшетауым жүрек жұтқан!

Көкшетаудың ойласаң,

Елдері де театр,

Мөлдірбұлақ армандай

Жерлері де театр,

Көкшетаудың білесіз,

Даласы да театр,

Қарағай мен қайыңның

Арасы да театр,

Көкшетаудың білесіз,

Аспаны да театр,

Тастары да театр,

Жастары да театр,

Қисаңдаған көшеде

Мастары да театр!

Ойлай білсең, ағайын,

Ойнай білсең,ағайын,

Алдыңда талай қия тұр!

Айналайын,ағайын,

Еңбек қылған осыған

Көп рахмет айтайық,

Жұмабаев Қызырға,

Жанәділов Болатқа,

Балмұқанов балуанмен,

Түсіп қалған орнынан

Ыдырысов Мұратқа!

Көп жауапты береміз

Заман қойған сұраққа,

Айналайын Қызаға,

Сегіз артист үй алды,

Тоғызы жүр қаңғырып,

Соларды ертең әркімнің

Алдына бір апарып,

Үйдің жайын сұратпа,

Өңкілдетіп өгіздей

Оспановты жылатпа!

Ақ тілек өнерпаздың шабысына,

Жарасын қазақ елдің намысына,

Ұл-қызы Көкшетаудың ой-қырдағы

Театр туы астына тоғысуда,

Театр ашылғанда шыдай алмай

Келіпті Сәкен аға арысың да,

Сыр бойынан мінеки,туған жерге,

Келіпті Жібек апам Бағысова,

Жезқазғаннан жезтаңдай Мара келіп,

Туған ел ұл-қызымен табысуда!

Мұратбек, келдің міне туған елге,

Шығарды туған елің сені төрге,

Еңбегің жемісті боп, айналайын,

Өрлей бер әрдайымда өрден-өрге,

Қызметің жаға берсін Оқжетпес пен

Жұмбақтас,

Бурабай мен сексен көлге!

Бір думаның, мінеки,

Болып жатыр, ол анық,

Айналайын ағайын,

Жақсы-жақсы пьеса

Болған күні осылай

Төрт көзіміз түгелдей

Жиналып бір тұралық.

Көкшетаудың елінде,

Туып-өскен жерінде

Бір театр ашам деп

Талай еңбек сіңірген

Жасасын деп айтайық

Жақып аға Омаров!

Жасасын Жақып Омаров,

Театрға осылай

Көмек қылғын оралып,

Ашуын мен аштым деп,

Тұра қашып күні ертең

Кете көрме жоғалып!

Айналайынағайын,

Артистердің еңбегі

Қызығыңа жарасын,

Туған елдің көгінде

Таланттарың самғасын,

Алдымызға шығады,

Толқып тұрған мына жақта

Ақан сері–Ақтоқты

Жанар менен Жарасым,

Жарас тентек,айналдым,

Сахнада Ақтоқтыны

Ақан болып қалай сүйсе,

Өмірде де Жанарға

Тура солай қарасын!

Жастарым, айдындағы аққу, қаздар,

Алдыңда бола берсін көктем, жаздар,

Ақ шашты ата-ананың батасымен

Ілгері жүзе берсін өнерпаздар!

Естай  Мырзахметовтың  70  жылдығында  айтылған  арнау өлеңнен: (Көкшетау, сәуір, 1997ж.)

Жетпіс жыл –ғұмыр-дария, ғұмыр-дастан,

Есаға,қилы дәурен өтті-ау бастан,

Тағдыр мен тарих артқан ауыр жүкті,

Көтеріп келе жатсыз мұқалмастан.

Көкшенің күзетшісі секілденіп,

Отырсыз орныңызда тапжылмастан.

Жетпіскекелдің үлкен абыроймен

Алғыс алып еліңнен,кәрі-жастан!

Қарт қыран тұғырдағы қарайды алға,

Ой жіберіп жаңа жыл, жаңа айларға,

Есағаң қаламына риза шығар

Абылай, Кенесары, Қанайлар да.

Шарболаттай шыныққан шымыр аға,

«Медетің»медет болды талайларға.

Ойыңның оты менен жан шуағың

Үзілмей келешекте тарайды алға!

Туса егер тарих жайлы тосын сұрақ,

Есағаң жазар бәрін ашыңқырап.

Өткендердің жанында жүргендей боп,

Қиялдан да жібереді қосыңқырап!

Естілер аз болған ғой қай кезде де,

Қадірі білінбейді жай көздерге.

Қағидамен жүретін тікбақайлар,

Оларды ұқсатады айкезбеге.

Біреулер жүрсе дүние-қоңыз теріп,

Сен жүрдің шежіре мен аңыз теріп.

Еңбегің еліңе әбден жаққаннан соң,

Отырмыз мемлекеттік маңыз беріп!

Құттықтап Көкшедегі данышпанды,

Алматы сәлем айтты алыстағы.

Жазушы аға Қабышев Ғаббас кепті,

Есағаңмен жанымен табысқан-ды.

Әбілмәжін Жұмабаев аға кепті,

Танитын тереңдегі ағыстарды.

Жетіпті Көкшетауға Сәкен аға,

Даланы дүбірлеткен шабыстары.

Ғабиден Құлахметов дана кепті,

Екі бүктей салатын алысқанды!

Сырыңды ақсақалды атай ұққан,

Жырыңды ақ жаулықты апай ұққан.

Назарбаев құрметті атақ берді,

Есаға,хабар жоқ па Ақаевтан!?

Есаға, мақтағанға бөсіп кетпе,

Дұшпаның күндегенге өшіп кетпе.

Тойымда бір машина бермедің деп,

Өкпелеп Алатауға көшіп кетпе!

Жырладың жаныңменен ізгілікті,

Отыңмен жеңе білдің ызғырықты.

Өзіңе Гүлжәмиланы жолықтырып,

Махаббат айдынында жүздіріпті.

Өмірлік серік болған ақ жеңешем

Жетпісте де жаныңда қыз қылықты.

Биыл қыс Көкшетауда қиын болып,

Тоңдырып,

Есағаңды мұз қылыпты,

Қызуы домна пештей ақ жеңешем

Есағаңды ақылымен бәрін қосып,

Бауырына басып алып қыздырыпты!

Қажымай, ел-жұртыңның қамын ойлап,

Немере, шөбереңіз гүлдей жайнап,

Жасай бер жүзге дейін,

Естай аға,

Жарасып, жеңгемізбен күліп, ойнап,

Мерейің өсе берсін туған елім,

Дарынды ұл-қызыңның тойын тойлап!

Есмағамбет Ысмайыловтың 80 жылдығында айтылған өлеңнен: (Щучьеауд. Мәдениет ауылы. 1990ж.)

Тарихын әдебиеттің терең қазған,

Тағдырын ақындардың зерттеп жазған,

 Із-түзсіз жоғалатын қазынаны

Інжу, маржан секілді аршып алған,

Қазақтың ғұламасы Есмағамбет

Мұра боп ұрпақтарға хаты қалған!

Ахмет Байтұрсыновтың 125 жылдығына арналған республикалық айтыста: (Қостанай, қыркүйек, 1998ж.)

Құтыла алмай құрсаудан,

Заманда қазақ қысылған,

Ақылмен Ахаң жол нұсқап,

Білім мен ғылым ұсынған.

Ұйқыдағы даланы

Оятуды ойланып,

Мысалдап «Маса»ұшырған,

Ұлылығын Ахаңның

Танып отыр бүгінде

Орыс, түрік, басқа да

Кәуір менен мұсылман!

«Мыңжылдық –Астана-Думан»бағдарламасы аясында өткі-зілген «Айтыстың сағындырған саңлағы»атты айтыста шығыс қазақстандық Егеухан  Мұхамедиқызымен  айтысқанда:

(Астана, 25 желтоқсан, 1999 ж.)

Осы айтыстың алдында жыршылар фестивалі өткізіліпті.

Дәл осы кезде Көкшетауда Қазақстанның

Халық ақыны Көкен Шәкеев өмірден озған екен.

Алты Алаш қанық Көкен есіміне,

Бөлек еді бітімі кесімі де

Домбыра мен мылтықты қатар ұстап,

Фашисті қуып тыққан тесігіне.

Асайынов Мұсамен қол ұстасып,

Аттанған жыр мерейін өсіруге,

Мыңжылдыққа бір аттам жетпей кетсе,

Тағдырдың амал бар ма шешіміне?!

Алаштың ақсақалы сәби болып,

Бөленді Жер-Ананың бесігіне,

Бақиға кетті аттанып оразада,

Ол жақтың жюрилері жәбір қылмас,

Жіберер тура жұмақ есігіне!

Ат бола ма дүбірсіз,

Ел бола ма түбірсіз,

Дүбірлі дүлдүл Көкенім,

Түбірлі жерден жаралған,

Ақан сері,Біржан сал

Арасынан таралған!

Асқар таудай тұлғасы,

Асыл сөздің тұнбасы,

Ақ сақалы желбіреп,

Ет жүрегі елжіреп,

«Айналайын балам»деп,

Арқаңнан қағып жүретін

Қадірлі Көкен ағаң жоқ!

Өткінші фәни жалғанда,

Атамыз қазақ айтқан ғой

Болаттай бол деп болғанға,

Жаратқан жаббар құдайым

Иман берсін Көкенге,

Береке берсін қалғанға!

Көнеден үн келеді уілдеген,

Қазақтың жүрегі оған дірілдеген,

Ескі жыр, көне сарын үзілген жоқ,

Ғасырда темір-терсек гүрілдеген.

Атадан қалған асыл сөз бен әуен

Көкеннің кеудесінде күмбірлеген,

Көкендей қарияларға мың рахмет

Ұшқыны ұлы өнердің сөндірмеген!. .

Қалихан, Манап, Көпбай,Көкендерден,

Үлгі алып,ұлы өнерді бекемдеген,

Саңлақтар сағындырған әлі сапта

Кім оларды «списайт»етем деген?!. .

Атасын іздеп балдар күрсінеді,

Бәйтерек құлағанмен,бүршік өнді,

Өмірден Көкен ата озған күні

Өнерге Дидар бала жыршы келді.

«Алпамысты»жатқа айтқан он бір жасар

Балаға ағалары сүйсінеді!

Жыршылар жұрт алдында ағындады,

Батырдың қағылғандай дабылдары,

Мың жылдың жырын тыңдап, құрметтейтін

Жүз қазақ Астанадан табылмады!

Сөйлейді ақын шындықты шарайна ғып,

 Ағайын, іс қылайық мың ойланып,

Миллениум-миллениум деп билеп жүріп,

Кетіпті бастықтардың миы айналып!

Сөзімді менің дұрыс ұғар ма екен,

Ұқса егер бір нәтиже шығар ма екен,

Астана батырлардың жырына емес,

Басқалардың жынына құмар ма екен!?

Қазақтың бір-біріне бәрі бауыр,

Сүйеніш, пана болған соқса дауыл,

Бұл күнде алты алашым ала-құла,

Бірі тәуір болғанда, бірі жауыр,

Астана жалт-жұлт етіп жарқырап тұр,

Жартылай қирап бітті біздің ауыл!

Керей Қожаберген жырауға арналған республикалық ғылыми конференция күндерінде айтылған жырлардан.

(20-21 желтоқсан, 2000 жыл. Қызылжар қ. Солтүстік Қазақстан облысы.)

Болғанмен ызғары мол, қары қалың,

Ежелден қаны қызу, жаны жалын,

Қожаберген бабаны есіне алып,

Келтірген елдің сәнін, сөздің дәмін,

Толыбай сыншы бабам туын тіккен,

Армысың,қасиетті Қызылжарым!

Даналар шыққан талай қазақ елден,

Солардың бірегейі Қожаберген,

Найзағайдай жарқылдап күркіреген,

Жырлары заманынан оза берген.

Найза ұстап, қол бастаған батыр жырау

Жаралған Солтүстіктей таза жерден.

Жолында азаттықтың арпалысып,

Қанатын бар қазаққа жаза берген!

Ат аунаған жерлерде түк қалады,

От орнында өшпейтін шоқ қалады,

Аруағынан айрылған ел азады,

Аруағы бар елдерге құт қонады,

Өз елінің өткенін ұмытпаған

Азаматтың қадамы нық болады,

Азат күнің,Алашым,құтты болсын,

Ақылмен айыратын ақ-қараны,

Елім-ай деп егілген қайран бабам,

Елмен бірге ертеңге аттанады!

Тарихтың шындығы мол, аңызы көп,

Біз үшін, ұрпақ үшін маңызы көп,

Түпнұсқадан қоспасы артып жатса,

Қожаберген бабамның жазығы жоқ,

«Елім-ай, елім!» деген жалғыз-ақ сөз

Қалады жыраулықтың қазығы боп!

Е-ей, осындай ерлер жаралған,

Солтүстік менің өз елім,

Ежелден кие дарыған

Құт-берекеқонған жер,

Тұрсынбай, Сары, Баянның,

Сегіз сері, Ниязбен,

Шал ақын мен Мағжанның,

Сәбең менен Ғабеңнің

Кіндік қаны тамған жер.

Ортасында орыстың

Аманатқа қалса да,

Жаманатқа қалмаған

Аруағы биік болған жер.

Тыңына түрен тисе де,

Түп-түбірін қаздырмай,

Тұқым, тегін тоздырмай,

Қаны мен жанын аздырмай

Қазақ болып қалған жер.

Қажымұрат ағамыз

Әкім болып келген соң,

Жұлдызы жарық жанған жер.

Қожаберген тойында

Қармен бірге аспаннан

Академик жауған жер!

Президенті ғылымның

Айтқожина Нағима

Ол даарманшыл жас болған,

Ағасы Мұрат ғұлама

Еңбегі елге ақ болған.

Лениндік сыйлық алғанда,

Мерейін елдің көтеріп,

Бар әлемге даңқ болған,

Әулетінен бес-алты

Шықса ғылым докторы,

Бастарына бақ қонған,

Қыз да болса Нағима,

Ығай-сығай марғасқа

Ғалымдарға бас болған!

Сүттей ұйып студент

Тыңдады бүгін қазақтың

Қозыбаев Манашын,

Зерделей зерттеп танытқан

Қожаберген бабасын,

Тұңғиығына тарихтың

Жүрегінің отымен

Сәуле беріп тазартқан

Бүгінгінің санасын.

Тарихтың туса таласы

Айырған ақ пен қарасын,

Асқар таудеп өзіңе

Қарап отыр Алашың,

Алашқа аға болсаң да

Солтүстікке баласың!

Бұл тойға Ерекең мен Зекең келді,

Әбекең, Ғазекең мен Рекең келді,

Тұрағы басқа жерде болғанменен,

Берендер Солтүстікке бөтен бе еді?

Сан алуан еңбек етіп әр салада,

Беделін мемлекеттің көтерген-ді,

Мұтанов мұрындық боп, бар қазақтың

Ғылыми ойы СКУ-ді мекендеді!

Темірхан, Бүркіт пенен Блок келді,

Тілеуін ел қазақтың тілеп келді,

Генерал, профессор Абай сөйлеп,

Баяғы сардарлардай үдеп келді,

Қызылжар атын қайтар қалаға деп,

Азуын Марат айға білеп келді.

Көп жұмыс оңға басар, ағалардың,

Қосылса бір арнаға тілектері!

Мұратын әдебиеттен тапқан ағам,

Жастардың жүрегіне от жаққан адам,

Дөкейі ғалымдардың Нұрғалиев–

Тереңнен ой мен сырды тартқан ағам,

Мағжандар он бес жылда ақталар деп,

Жиырма бес жыл бұрын бізге айтқан ағам!

Орайы үлкен істің табылыпты,

Ақыл-ой Қызылжарға ағылыпты,

Осындай үлкен іске ұйтқы болған

Мұтанов елге жақсы танылыпты.

Әрі ұстаз, әрі ғалым, һәм қайраткер,

Ректорлардың ішінде Ғалым мықты.

Мың жерден мықты болсын, бірақ бүгін

Ғалым да бір шаруадан жаңылыпты!

Нәбиден Есентемір елден келді,

Сегіз сері сап кеткен жолмен келді,

Солтүстік сұңқарларын зерттеп жазған

Еленсе екен дейміз зор еңбегі.


Құрметті профессор атын берсең

Дүйім жұрт бұл ісіңдіжөн көреді!

Адамдар тек еңбекпен теңессе екен,

Өлеңмен көп нәрсені елестетем,

Нәбиден керейлерді жақсы көрсе,

Сегіз сері

Кіші жүзге көп барып еді,

Содан қалған жұрағат емес пе екен?!

Атақ берсең,бір ізгі шараң болар,

Жететін оған,

Ғалым, шамаң болар,

Және де берер болсаң тезірек бер,

Әне-міне деп созып жүргеніңде

Нәбиден өліп қалса,жаман болар!

Әкімі Солтүстіктің Қажымұрат,

Жатыр екен жақсының басын құрап,

Қызметіңіз халыққа қайырлы боп,

Көк мұзды жарып өссін жасыл құрақ,

Ел тілегін құйған соң арнасына,

Өзенге айналады мөлдір бұлақ!

Қырандай дауысы бар саңқылдаған,

Қожаберген бабадай жарқылдаған,

Өмірлі боп, өркендей бер, жайсаң аға,

Аталы сөзге тоқтап, ән тыңдаған,

Бар әлемге көрініп,биік тұрсын

Жұлдызы Солтүстіктің жарқыраған!

Іргесіеліміздің бекем болсын,

Ырысты, ынтымақты мекен болсын,

Көтермелеп сөйлейік жігіттерді,

Атамыздың аруағын көтергесін,

Желбіреп көк байрағы зеңгір көкте,

Қазақстан мұратына жете берсін!

—————————————-

Конференцияға қатысқан ғалымдар: Нағима Айтхожина, ҚР ҰҒА президенті, академик.

Манаш Қозыбаев, Еренғайып Шайхутдинов, Зейнолла… .,Аманжол Қошанов, Ғазиз Тәшенов, Рахым Оразалиев, Рымғали Нұрғалиев –ҚР ҰҒА академиктері.

Темірхан, Блок, Бүркіт Аяғанов–ғалымдар. Абай Тасболатов–профессор, генерал-лейтенант. Марат Кенжеғозин –профессор.

Ғалым Мұтанов –СҚУ-дың ректоры, академик. Қажымұрат Нағыманов –СҚО әкімі. Нәбиден Әбутәлиев –жазушы,

Сегіз сері, Қожаберген жырау тура-лы кітаптардың авторы. 2008 жылы 1 Мамыр–

халықтардостығы күні Көкшетауда Президент Нұрсұлтан  Назарбаевты  қарсы  алғанда айтылған толғау.

Ассалаумағалейкум деп,

Ардақтап сәлем беремін,

Қош келдің деп,

Нұреке, Ақмола,

Көкше жеріне,

Ынтымақ айы мамыр деп,

Барлық ұлттың баласы

Жарасып жүр бауыр боп,

Сары орыспен әкеміз

Қалжыңдайтын тамыр деп,

Барлық ұлттың баласы

Киелі қазақ жерінде

Өркендеп отыр дәуірлеп!

Арғы жағын ойға алсақ,

Осы жұрттар бір кезде,

Қол-аяғы бұғауда,

Көздері болып жылауда,

Екі қолы байланып,

Жер түбінен айдалып,

Жерімізге келгенде,

Мейірбан қазақ баласы

Құшақ жайып қарсы алған

Қарамай аяз-қырауға,

Жақсылығын қазақтың

Жастайынан көргенін

Айтады әкім Рау да,

Жалпақ елге жар салып

Жырлайды біздей жырау да!

Президенті қазақтың,

Достықтың жырын жырлатып,

Бейбітшілік, ынтымақ,

Жұлдызы болып жандыңыз,

Көк байрақты көтеріп,

Көктей өтіп мұхитты,

Көп қабатты жерлерге,

Көктен түсіп бардыңыз,

Кемеңгерлі көп елде

Келелі кеңес келтіріп,

 Ай-әлемнің барлығын

Алты Алаштың аузына

Бір қаратып алдыңыз,

Астана жұртын айналып,

Астарын әбден ойланып,

Жайнатып қала салдыңыз!

Алатаудан Арқаға

Ақордасы қазақтың

Көшкен қала Астана,

Еркін самал Есілден

Ескен қала Астана,

Ой жеткісіз он жылда

Өскен қала Астана,

Досың түгіл,дұшпаның

Таңдай қағып, таңғалып,

Қалай өскен, ойпырмай,

Дескен қала Астана,

Ақындардың аузында

Дастан қала Астана,

Он сан ұлттың бастарын

Қосқан қала Астана!

Жан-жағыңда орысың,

Украин, белорус,

Татар, поляк, немісің,

Балкар, ингуш, кәрісің,

Жаһандағы жұрттармен

Жарасымды келісім,

Соның бәрі түбінде,

Атамекен жер үшін,

Қасиетті ел үшін,

Атадан қалған дін үшін,

Анадан қалған тіл үшін,

Аман бол, аға, сол, үшін!

Ақмола облысының Омбы облысындағы күндерінде

«Мөлдір»мәдениет орталығында өткен кездесуде айтылған өлеңдерден.

(А. С. Пушкин атындағы кітапхана. Омбы қ. 2003ж.)

Шырқаған шарықтатып мөлдір әнді,

Қазақтар осал емес Омбыдағы,

Ақмола, Көкшетаудан аттанғанда,

Еріксіз елеңдеген ел құлағы.

Араздық аздырады адамзатты,

Ынтымақ бар халықты ел қылады,

Орыспен Омбыдағы бауырларым

Дос болып жүрер жолынкең қылады.

Қайыспай қилы-қилы кезеңде де,

Жоғалтпай игі дәстүр, мол мұраны.

Омбылық бауырларға ризамыз

Құран мен сақтап қалған домбыраны!

Іргесін еліміздің бүтіндеген,

Аулақ ұстап бықсыған түтіндерден,

Қол қойды орыс-қазақ достығына

Елбасы Назарбаев

Путинменен!

Басыңа күн тумасын алмағайып,

Кетпейік жазатайым жолдан тайып,

Дос болып әлемдегі бар халықпен

Өсе бер,туған елім,қанат жайып,

Путин мен Назарбаев бастаған соң,

Қостап тұр Кулагин мен Полежаев!

Е-ей, Омбыдағы бауырлар,

Кездестік бүгін сізбенен,

Қарсы алды бізді қуанып,

Құрметтеп нанмен, тұзбенен.

Желбіреген ұлменен,

Мөлдіреген қызбенен,

Аласапыран кезде де

Жүре білген адаспай,

Атадан қалған ізбенен,

Көгінде күні тұтылып,

Айын бұлт басса да,

Тегінен тамыр үзбеген,

Өркендей бер аман-сау,

Омбыдағы бауырлар

Еңбектің теріп жемісін,

Көңілдің әнін келтіріп,

Өмірдің мәнін іздеген!

Тәушен Әбуова апаның тойына сәлем-хат:

Сынығындай асылдың,

Әуеніндей көненің,

Жиырма бірінші ғасырға

Алшыдан түсті асықтай,

Толағай төкпе өлеңің,

Аталардың тобында

Анадан шыққан сен едің,

Торқалы болсын тойың деп,

Орайлы болсын ойың деп,

Ардақты Тәушен апама

Көкшетаудың атынан

Құттықтап сәлем беремін!

Агросервис «Клаастың»жиынында Германиядан және республикамыздың облыстарынан келген меймандардың алдында ай-тылған арнау өлеңнен:

(Көкшетау, 27 маусым, 2002 ж.)

Қазаққа мейман келсе,күту міндет,

Болмайды біздің елде бөтен әдет.

Атынан Көкшетаудың сәлем бердік,

Здрәсти, амансыз ба, гутен абенд!

Алыстан келген мейманға,

Жырдан шашу шашатын

Үлгі еді қалған үлкеннен,

Біздің қазақ аумайды

Аспандағы Үркерден.

Аңқылдаған ақкөңіл

Қулығы жоқ бүркенген,

Даласына қонақжай

Қош келдіңіз,вилкоммен!

Елдестірмек –елшіден,

Жауластырмақ –жаушыдан,

Ой өспегі –ойшылдан,

Қой өспегі –қойшыдан

Тойдың сәні кіреді

Қыздыратын тойшылдан,

Табыстарың мол болсын

Ынтымақпен жарасқан

Қазақстан –Дойчланд!

Аспандағы ай ма еді,

Ой,сезімге бай ма еді?!

Мәйекті сөзі майлы еді,

Өз халқына сайлы еді.

Өлең-жырдың маржаны

Адамзатқа жайлы еді,

Қадіріне жеткен соң,

Аударған Абай атамыз

Гете мен Хайнрих Хайнені!

Әуені қиыс кетпеген,

Әуейілік етпеген,

Бар әлемде оларға

Композитор жетпеген,

Жетсе де асып кетпеген,

Табысқан асыл текпенен,

Құрманғазы,Тәттімбет,

Моцарт пен Бах,

Бетховен!

Олардан бері немістің

Атақ-даңқы ұласты,

Комбайн ойлап шығарған

Айтайық Август Клаасты,

Комбайны Клаастың

Көрсетіп тұр класты.

Бар әлемге таралып

Клаасыңыз қыр асты,

Мықты екені ырас-ты,

Үйреніңдер немістен

Жазуды кеңге құлашты!

Бөтендігі болмайды,

Озған елдің үлгісін

Оймен өлшеп біле бер,

Комбайн қымбат болса да

Ебін тауып әйтеуір,

Бір-бірлеп мін де жүре бер,

Ар жағын жөнге келтірер,

Назарбаев пен Шредер!

Замана мынау өзгерген,

Түсінер бізді бұрынғы ер,

Бір-бірімен табысып

Жатқан жоқ па бүгінгі ел.

Пайдалы қызмет қылам деп

Көкшеге келді көшімен

Хер Тишер мен Дюрингер!

Айтайын кеше танысқан

Құрдасым Уве Нойманды,

Көргендей болдым

Найманды,

Құрылысшы-инженер,

Қираған үйді қолға алып,

Жарқыратып қойған-ды.

Мұрат пен Милованова

Құрметтеп ақын шақырып,

Жырлатуды ойға алды,

Орыс, неміс, қазағым,

Ынтымақпен бас қосып

Тойлай бер бірге тойларды!

Мейманға ел қадірін білгізейін,

Жаныңа шуақ-ойды кіргізейін.

Танкілер таптамасын даламызды,

Бәріңді комбайнмен жүргізейін.

Аман-сау болыңыздар көріскенше,

Осымен,ал енді ауф видерзейн!

Абай атындағы орта мектептің 70 жылдығында айтылған өлең:

Біздің ел өте мықты ел болатын,

Сал Біржан көкке жайған ән қанатын.

Рамазан «Жас қазақ»бопжанып кеткен,

Досов ағаң –қайтпаған шарболатың.

Осы елдің бас мектебі –

Абай мектеп,

Беделі ел ішінде зор болатын.

Ағайлардың барлығы ақылгөй боп,

Апайлардың тұлғасы өр болатын.

Абайдың мектебінде сабақ беру–

Райкомды басқарумен бір болатын,

Осындай ұлы мектеп шәкірттері

Жөні жоқ ешкімнен де кем болатын!

Ғарышқа да бірлесіп

Самғайтұғын ел болдық.

Айлап, жылдап бірақ та,

Пенсия мен айлығын

Алмайтұғын ел болдық.

Газеті мен журналы

Сорлап жатқан ауылға

Бармайтұғын ел болдық.

Жүз долларға сатылып,

Бірімізді біріміз

Алдайтұғын ел болдық.

Көсемдердің сөзіне

Нанбайтұғын ел болдық.

Бәрін айт та бірін айт,

Жұма сайын депутат

Сайлайтұғын ел болдық!

Депутат сайланарда дей бастайды,

Сайланып алғаннан соң жей бастайды.

Депутат па,жоқ әлде жепутат па,

Білмеймін, қайсы қалай ел бастайды?

Депутат өзгеріпті сенатор боп,

Сенейік көп жақсылық келе жатыр деп,

Күні ертең естімейік депутаттан

Қалған елді сенатор жеп жатыр деп!

Айналайын ағайын,

Бұл сайлауға барайық,

Көп кандидат ішінен

Біреуін таңдап аларсың.

Көңілің соғып жаратып,

Бюллетенін салайық,

Ағаларға санатып,

Жаман болып бара жатса,

Әзер болса Нұрекең

Жіберер қайта таратып!

Көп алдында сөйлесек,

Ағындайтын ел болдық,

Баласына басқа ұлттың

Тарылмайтын ел болдық.

Капиталын шетелдің

Қабылдайтын ел болдық.

Халық жүдеп жатқанда

Жұма сайын той жасап,

Мыңдап малды сойдырып,

Даланың бетін ет қылып,

Вагондап арақ төктіріп,

Дарылдайтын ел болдық.

Шүкіршілік,әйтеуір,

Мәймөңкелеп

Мәскеуге

Жағынбайтын ел болдық.

Бір Алладан басқаға

Бағынбайтын ел болдық!

Айналайын,туған ел,

Ағын судай тасарсың,

Талай белден асарсың,

Адамзатқа ақ тілек

Әлі талай қосарсың.

Бәрін айт та, бірін айт,

Жалаңаяқ жүрсек те,

Әлемнің бар алтынына,

Сатылмайтын, сатпайтын,

Қазақтығым жасасын,

Азаттығым жасасын!!!

 

    Б.Әлімжанов

 

 

 

 

 

                           

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *