Қылығы тәтті,
Баурыңа кіріп алдайтын,
Иіскеген сайын
Мейірің мүлде қанбайтын,
Тілі де балдай,
Немере деген бар болғыр,
Балаңнан туып,
Бабаңның жолын жалғайтын!
Әр сөзі қызық,
Тамсанып,талмап сағыздай,
Айтасың жұртқа,
Атаңнан қалған аңыздай.
Бала мен келін
Бірдеме десе, шыр-пыр боп,
Түсесің ара,
Көзінен тамшы тамызбай!
Даусынан үркіп,
Дүрілдеп келген әкенің,
Үлкен үй жақтан
Табатын жайлы мекенін.
Қулардың іші
Ойпырмай қалай сезеді,
Шешеден гөрі
Әженің жұмсақ екенін!
Адамға ортақ
Жақсылық жолын тілейік,
Шүкірлік қылып,
Қадірін бақтың білейік.
Көркейіп өсіп,
Көбейе берсін немере,
Аталар ат боп,
Арқалап шауып жүрейік!
Б.Әлімжанов