Әже, қандай кеңпейіл,
Әдемісің,
Ежелгінің
Ескірмес сәлемісің.
Әлдилеген
Әуелден мейіріммен,
Әуелеген
Әлемнің әуенісің.
Ер атанып жүрсем де ел алдында,
Сәби болып кетемін әжем үшін!
Әр беріп
Атамыздың айбынына,
Алдырмай
Қапталдасқан қайғы-мұңға,
Қос аққудай жарасып,
Жүзіп өттің,
Мөп-мөлдір
Махаббаттың айдынында.
Байырғының
Ізіменбағалармын,
Әулиедей,
Бағын ойлар балалардың.
Босағасын бекітіп
Боз орданың,
Байрағына
Байланған бабалардың.
Ай әлемді,
Келсе де алты айналып,
Әжеден
Артық атты таба алар кім?
Ежелден
Кие қонған әжімді сөз,
Әже деген
Анасы аналардың!
Қыздар қуып, жетпеген
Құр қиялды,
Бақыт қой–
Сәби күлген үйдің алды.
Әйел болу аяулы –
Қыз арманы.
Әже болу
–Әйелдің идеалы!
Өзің ғой–
Үзілмес жыр, үлгілі аңыз,
Әжіміңнен
Сәулелі сыр ұғамыз.
Бұлағынан
Сусындап әңгімеңнің,
Шуағынан
Жаныңның жылынамыз,
Шүйкімдей боп,
Сен неткен сүйкімдісің,
Саяңа кеп
Сайғақтай тығыламыз!
Жеп-жеңілсің,
Мамықтай үлпілдеген,
Ізгіліктен жүрегің лүпілдеген.
Тұнық көкте
Қалқыған ұлпа бұлттай,
Елдің бағын
Әжедей кім тілеген?!
Әже, қандай аппақсың
Ай нұрындай,
Немере мен шөбере
Тай-құлындай,
Шұрқырап,
Үні қандай әжелеген,
Жүрегіңді
Жылытқан жайлы ұғымдай,
Қасиетке
Бөледің төрімізді,
Бір өзің
Бір әулеттің байлығындай,
Аялаған
Айнала дүниені,
Аппақ болып жасай бер
Ай нұрындай!!!
Б.Әлімжанов