Заңғар азамат Мақсұт Темірбаевтың 70 жылдығына

Көркем боп тудың,

Мерей боп елге жаралдың,

Ақ көйлек абзал,

Саналы заңғарсаналдың.

Әулиекөлдің

Әуесі биік өрлетті.

Шапағаты тиіп,

Киелі бабаң Маралдың!

Атыңды атаң

Дәл тауып қойған Мақсұт деп,

Азамат болып

Ақталсын емген ақ сүт деп.

Ғұмырлықадал

Еңбегін елге арнаған,

Мақсұттарымен

Нығайған қазақ жақсы ұлт боп!

Біліммен бойлап,

Ойладың өмір жемісін.

Әлемді шарлап,

Кеңейді ғылым өрісің.

Зерделеп бәрін,

Немісше кітап жазғанда,

Зер салып оқып,

«Зер гут!»деп тұрды немісің!

Түзеттің қанша

Қисайған жұрттың ауызын.

Арыстандардың

Ауыстырып бердің азуын,

Ауызын ашып,

Көмейін көріп тұрған соң,

Заңды ғой енді,

Тереңдеп тарих қазуың!

Жаныңмен таза

Жақсылық істі жақтырдың,

Сарабдал саңлақ,

Ерлермен саһиб сап құрдың.

Шіріген сөзді

Іріген ауыз көргенде,

Келеді бәрін

Әкеліп сізге тапсырғым!

Стоматологияда

Жаңалық тағы бастасаң,

Күміспен қаптап,

Алтынмен мықтап аптасаң,

Жемқор ауыздарға

Сиқырлы тастан тіс салып,

Хақысын елдің

Жемейтін қылып тастасаң!

Тұрсынбек ағаң

Көтерген тауды толағай,

Дәл танып сізді,

Қадірлей білген мол ағай.

Бой созып көкке,

Жұпарың шашып көктей бер,

Тамырын жайып,

Қазаққа біткен қарағай!

Асқарға жеттің,

Алдыңнан шығып арманың,

Өркенің өсіп,

Көркейді бағың, орманың.

Атаның жолын,

Алаштың туын нық ұстап,

Жақсы атты болып,

Мақсатқа жетсін балдарың!

                                      Б.Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *